Алматы қаласындағы Нархоз университетінде «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас серіктестігімен және бірлесе ұйымдастыруымен студенттер арасында «ТЭО CUP XII» республикалық дебат турнирі өтті.
Екі күнге созылған дебатқа еліміздің Астана, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Тараз, Түркістан қалаларындағы 50-ге жуық жоғары оқу орнынан 80 команда (160 спикер) қатысты.
«Дебат турнирі – жастардың біліктілігінің қандай деңгейде екенін көрсетеді. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктер келді деп ойлаймын. Бір-бірін тыңдауы, пікірталасты жүргізу мәдениеті жоғары. Әрине, олардың пікірлері атом энергетикасы тақырыбын қоғамға жеткізуге әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда жастар білімін жан-жақты толықтырған сияқты. Өзім төрағалық еткен дебатта студенттер «АЭС қандай мақсатта салынады? Тиімділігі қандай?» деген тақырыпта сайысты. Өз тарапымнан білгенімді жеткізіп, түсіндіруге тырыстым.
Енді бірі «АЭС қымбат, баламалы энергия көздерін неге қолданбасқа?» деген сауал қойып жатты. Энергия жүйесінде әр генерацияның өзіндік орны бар. Алайда, АЭС пен көмірмен істейтін станциялар ғана базалық көз.
Қалғаны ауа райына, күн сәулесінің түсуіне немесе желдің тұруына байланысты. Бұлар елімізді энергиямен толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Ал АЭС салынса, 60 жыл бойы үздіксіз энергия көзін аламыз деген ақпаратты жеткіздім», – деді Асуан Сиябеков.
Оның айтуынша, дебат турнирі әділқазы алқасының мүшесі «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің инженері Асуан Сиябектің пікірінше, дебат ойындары, пікірсайыстар АЭС бойынша студенттердің білімін, біліктілігін арттырады.
Айта кету керек, турнир дебатына қатысушылар атом энергетикасы, АЭС құрылысы жобасы, атом саласының ғылыми әлеуеті, экономика, экология, әлеуметтік тақырып аясында да пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
«Осы орайда, атом энергетикасы – үлкен ғылым екенін, қоғамға берер пайдасын да саралады. Әсіресе, дамыған елдер мұның нақты мысалын көрсетіп отыр. Мұндай жобаны бастамас бұрын халықтың саналы деңгейде қабылдауы маңызды.
Сондықтан дебатта АЭС мәселесіне қатысты бірнеше тақырып қосылды. Соның нәтижесінде 50-ден астам оқу орнынан келген қатысушылар атом саласы бойынша терең зерттеді, дайындалды. Олар бұдан белгілі бір ой түйді, кейін өз оқу орындарындағы ортада айтылады, сөйтіп атом энергетикасы маңыздылығын түсіндіру аясы кеңейе береді деп ойлаймыз», – дейді Мерей Рашидқызы.
Турнирдің қарары бойынша ақтық сайыста сөз алған команданың бірі Қазақстандағы энергетикалық ахуал атом электр станцияларын салу арқылы ғана шешіледі деп есептесе, енді бірі атом энергетикасының экологияға зиян келтірмейтін жағын дәлелдеуге тырысты.
Сондай-ақ, пікірталас барысында АЭС отандық ғылыми әлеуетті арттыратынын да нақты аргументтермен саралап берді.
Экономист, «ТЭО CUP» клубының негізін қалаушы Мақсат Халықтың айтуынша, халық арасында қандай ақпаратты қабылдау керек немесе сүзгіден өткізу қажет дегенге терең пікір жетпейді.
«Ересек адамдар оңы мен солын ажырата алса, шалғайда тұратын халық пен жастардың шынайы ақпаратқа қолжетімділігі төмен. Кейде жаңсақ ақпарат тарататын блогерлер қоғамда түсініспеушілік, дүрбелең тудыруы мүмкін. Тіпті, мұның салдары әлеуметтік шиеленіске алып келеді. Осы тұрғыдан екі тарап та жақсы аргументтер айтты. Осындай пікірталастың нәтижесінде жастардың ой-өрісі бірте-бірте кеңейеді, ақ-қарасын ажырата алады. Пікірсайыс нәтижесінде ақиқат туады», – деді.
Сонымен, Alfa лигасы бойынша 1 орынға Бердімұрат Хасенұлы, Нұрхан Жәкен, 2 орынға Ахметжан Әбенов, Ботагөз Жақсылық, 3 орынға Қуаныш Қыстаубаев, Әли Жапар, 4 орынға Мадина Әшім, Нұрдәулет Өмірзақ лайық деп танылса, Жастар финалы бойынша 1 орынға Нұрмұхаммед Көбеген, Рамазан Құлбек ие болды. Сондай-ақ, Beta лигасы бойынша 1 орынды Асанәлі Абдилла, Руслан Әбдіғалиев, 2 орынды Аманжол Ханиев, Исламбек Бітімбай, 3 орынды Асхат Закеев, Рыскүл Амангелді, 4 орынды Болат Байтуреев, Ерзат Сәбит иеленсе, ЛД студенттік лигасы бойынша 1 орын Ерғали Іңкәров пен Нұрдәулет Өмірзаққа бұйырды.
Жеңімпаздар турнирдің бас серіктесі әрі ұйымдастырушы «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-ның арнайы кубоктарына, дипломдары мен қаржылай сертификаттарына ие болды.
«ТЭО CUP XII» республикалық дебат турнирінің жеңімпазы, «Әл-Фараби» фракциясының мүшесі Бердімұрат Хасенұлы: «2012 жылдан бері дебатқа қатысып жүрмін. Бұл турнирді сағынып келдім. Ойыншылар осындай сайыстарда ізденеді өседі, дамиды, сыни ойлауға бейімделеді», – дейді.
Ал екінші орын алған «Аргумент» фракциясының мүшесі Ботагөз Жақсылық дебат кезінде айтатын дүние көп болғанын, қобалжу болғанын, жаңа ақпараттар алуға мүмкіндік бергенін айтты.