Елімізде экономикаға мемлекеттің қатыстылығы жоғары күйінде қалып отыр, ал ірі активтер көп жағдайда сол бір адамдардың уысынан табылып жатыр. Компаниялардың нарықтағы үстем жағдайына және монополияға қарсы тұру үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жұмылдырылған. Агенттіктің төрағасы Марат Омаров Власть агенттігіне берген сұхбатында монополияға қарсы тергеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын, тергеудің кейбірі неліктен ұзақ созылып кететінін және жекешелендіру неліктен әлі де ең жақсы таңдау болып отырғаны жайлы баяндады.
Агенттік төрағасының айтуынша, еліміздің нарығы әлі де кішкентай, халық саны өсіп келе жатқанымен көп затты сырттан әкелеміз.
«Отандық өндірісіміз енді қанат жайып келеді, оның үстіне Еуразиялық одақ аясында өзге де серіктестермен жұмыс істеп жатырмыз. Нарық кішкентай болған соң жаңадан ашылған кез келген компания өседі. Ұсыныс аз болғандықтан бәсекелестер де аз болады, осылайша бұл компаниялар бізге монополист сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен, қолдан жасалған монополиямен күрес әрдайым жалғаса береді», – деді ол.
Агенттік төрағасы сөз арасында РОП операторының құрылу барысына тоқталып өтті.
«Ондай операторлардың қалай құрылғаны белгілі. Біздің міндетіміз бұл мәселеген жүйелі түрде бойлау, тек экология саласы ғана емес, өзге де салада мұндай операторлардың пайда болуына жол бермеу. Оның қалай жасалатыны бәріне белгілі, белгілі бір лобби, ұсыныс енгізіледі дегендей. Біздің міндетіміз алдағы уақытта осындай нәрселердің жүйелі түрде іске асып кетуіне жол бермеу»,- деді Марат Омаров.
Сонымен қатар ол, мемлекет Назарбаевтар әулетінің кейбір активтерін қайтара бастағанын растады.
Оның айтуынша, биылдан бастап цифрлық қызмет көрсететін банктерге қатысты сараптамалық тексеріс жүргізілмек.
«Біз тек сараптама жүргіземіз, цифрлық қызмет көрсететін компаниялар немен айналысып жатқанын түсінгіміз келеді, олар қандай үлеске ие және басымдыққа ие болған жағдайын пайдаланып теріс әрекеттерге барып жатқан жоқ па, міне осы жағы анықталады. Сондықтан біз 2023 жылы market studies жоспары жарияланатынын ашық айтып жатырмыз», – деді ол.