Бауыржан Серікбаев:
– Соңғы 2-3 жылда елімізде «Оян Қазақстан», Жанболат Мамай бастаған «Демократиялық партия», «El Tiregi» сынды түрлі қозғалыстар мен ұйымдар пайда болды. Билік пен «Nur Otan» партиясына деген сыни пікір өршігендей сипат алды. Сын айта берсем беделім өседі деген иллюзиямен жүргендер қаншама. Бірақ уақыт бәрін өз орнына түсіреді. Саясатқа кірісіп кету оңай. Ал уақыт өте келе қоғам кез-келген ұйымнан, азаматтан тәжірибені, нақты істі, прагматикалық жүрісті, санаға қонатын ұсыныстарды талап ете бастайды. Осы талаптарға келгенде көбі діттеген нүктеден көріне алмайды. Популизммен елді шаршатқандар қаншама. Әйтеуір сын айта берсем болды деген деңгейден де өсті бүгінгі қоғамдық талап. Кім не айтпай жатыр қазір?! Ол бір героизм де емес. Айтты. Бір аптадан кейін басқаны айтады. Бір айдан кейін не айтылғанын да мүлдем ұмытады. Нақты іс жоқ. Нақты істі атқарар деңгей де жоқ. Бұл реализм. Құр сөзден де шаршайды ел. Жекелеген тұлғалардың әңгімесі де кейде популизинен шығып, охлократиялық сипатқа ұласып жатады. Конструктивті диалог жоқ. Дегенмен қоғамдық сана да орында тұрмайды. Деңгей өсуде. Уақыт пен заманның ағысы әр нәрсені өз орнына қойып жатыр деуге де толық негіз бар.
Белсенділердің бірі Әлнұр Ильяшев мемлекет пен «Nur Otan» партиясын сайлауды бұрмалады деп айыптап, сайлауға қатысу үшін саяси қозғалыс құратынын да мәлімдеді. «Nur Otan»-ды демократияны қыспаққа алды, саяси монополизм орнатты деп сынға алған және билеуші партия құлайды деп болжаған сарапшылар мен «El Tiregi» қозғалыстары да шықты. Бірақ нақты іс болмағаннан кейін сол белсенділердің қазір қайда жүргені де белгісіз. Көбі саяси партия құрамын деп «Оппозиция синдромына» ұшырап соңында су сепкендей басылды.
Түсінетін дүние хайп қуалап, тек қана негативті көре беру, жоғары саяси мәдениетпен конструктивті диалог орната алмау, нақты әрі сауатты бағдарламаның жоқтығы, біржақты халықтың эмоциясында ойнауға тырысу да оппозициялық бағыттағы ұйымдар мен қозғалыстардың беделін төмендетті. Құр айқайлай беру, үйту керек, бүйту керек деген жалпылама әңгіме де сауатты саяси мәдениеттің көрінісі еместігіне әлдеқашан көз жетті. Уақыт орнында тұрмайды. Заман, талап өзгеруде. Құр айқай, сауатты ұсыныс бере алмау, жеке басқа өту бұл охлократиялық бағыттың көрінісі. Мұндай әрекеттердің сауатты демократиялық ұстанымға қатысы шамалы. Қоғамдық сана уақыт өте мұны да түсініп келеді.
Бағдарлап қарасақ осы жылдар ішінде саяси институт ретінде қалыптасқан, стратегиялық маңызды қадаммен, нақты іспен жылдап, ұзақ мерзімге тұрақты түрде еңбек ете алатын партия ретінде «Nur Otan» өзін толық дәлелдей алды. Партия елімізде бірінші рет праймериз өткізу арқылы маслихаттардағы депутаттар құрамының 65% жаңаруын іске асырды. Соңғы сайлауда елдегі беделді тұлғалардың көбі партияға мүше болып, маслихаттарға, Мәжіліске сайланып, ел игілігі жолында еңбек етуде. Президент, Парламент сайлауларында да партия басым дауыспен жеңіске жетті. Халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалды.
2019 жылдан бері президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның бастамасымен саяси реформалар белсенді іске асуда. Ауыл әкімдерін сайлау, бейбіт митингке ескерту хабарламасын беру арқылы шығу, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 5% азайту, Ұлттық кеңесті құрып елді толғандырған тақырыптарды көтеру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру сынды кешенді реформалар тікелей президент бастамасымен нақты әрі прагматикалық жолмен орындалып келеді. Халықаралық қауымдастық тарапынан да президент іске асырып жатқан оң реформалар жоғары бағасын алып, мойындалып отыр.
Түйіндеп айтатын болсақ тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанда мемлекеттік басқарудың тарихи тәжірибесі қалыптасты. Берік саяси институт ретінде «Nur Otan» партиясы өзін дәлелдеді. Партия кез-келген қиын-қыстау шарттарда елдің іргесін шайқалтпай, қоғамдық диалог орната отырып, бейбітшілікті сақтап, реформа мен заман талабына сай өзгерістерге бастай алатын саяси институт ретінде орныққанын аңғару қиын емес. Бұл факт!
Бүгінгі таңда прагматикалық халықаралық саясаттың арқасында Қазақстанның мемлекет ретінде фундаменталды мәселелерінің барлығы шешілген. Шекара анық. Елміздің жүрегі болған заманауи астанымыз бар. Миллион халқы бар 3 қаламыз көркейіп келеді. Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасына айналды. Осының бәрі айналасы 30 жылда іске асты. Келесі меже ішкі бірлікті сақтай отырып тәуелсіздікті қорғау. Елдің экономикалық тұрғыда одан әрмен күшеюіне жол ашу. Кез-келген мәселені конструктивті қоғамдық диалогпен шешу мәдениетін қалыптастыру.
Барлығын дұрыс, стратегиялық тұрғыда атқара білсек XXI ғасыр қазақтың өсіп-өркендеген ғасыры болады.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024