– Мемлекеттің дамуы үшін тер төгу қашан да оңай емес. Бүтін халық артыңда сенім артып отырады. Ал сенім – дүниедегі жауапкершілігі мол құндылықтың бірі әрі бастысы. Осындай сенімнің үдесінен шығуға күш салып жүрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы кездегі саяси реформалары, әлем көзін тіккен маңызды жиындар өткізуі құптарлық қадам.
Бүкіл әлем елдері қас-қабағын бағатын Рим Папасының елімізге келіп, Қазақстанның бейбітшілік тұрғысынан көпке үлгі екенін айтқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Өзге елдердің басылымдары осы жөнінде хабар таратты. Сол арқылы еліміздің абыройы артып, елеусіз қалмаған мемлекет екенімізді тағы бір аңғартты.
Кешегі ТМД елдерінің басшылары бас қосып, Орталық Азия мен Ресейге қатысты мәселелерді талқылауы – дипломатияға қарай жасалған тағы бір елеулі қадам болды. Әр нәрсеге алаңдап отырған жұртшылықтың өкілдерін шақырып, проблемаларды ашық көтеріп, шешу жолдарын нұсқағандай болдық. Мұны көпшілік айтып жүргендей имидж үшін жасалған әрекет ретінде бағалауға болмайды. Жиында қандай маңызды жайттар сөз болғанын білеміз. Бейбітшілік – қоғамды биікке жетелейтін жалғыз жол. Ал бәрін қопарып, өзгені бағындырам деу – ешкімді ұшпаққа шығарған емес. Сондықтан қазіргідей ынтымағымыздан айнымай, бірлікті ту ете отырып, даңғыл жолымызды әрі қарай жалғастыра бергеніміз абзал. Мемлекет мүддесі – әр азаматтың мойнында тұрғанын ескерейік.
Жомартқали Жексембинов,
мемлекет қайраткері