Біз
әлеуметтік
желіде
30-10-22 |
2070 рет қаралған
Шетелдік инвесторларды пайдамызға жарата білейік – экономист.
Шетелдік инвесторларды пайдамызға жарата білейік – экономист

Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде өнімді шығаруды жолға қойсақ, ұлттық тауар өндірушілердің де үлесі арта түседі. Бұл туралы экономист, «Болашақ» бағдарламасының тағылымдамашысы Бауыржан Ысқақов сұхбат барысында айтты.

– Еліміздің экономикасын жақсарту үшін ең әуелі инвестиция керек. Бүгінде елдегі инвестиция қарқыны қандай халде?

– Негізі біздің ел, яғни Қазақстан – әлемдік экономикалық-интеграциялық байланыстың бел ортасындағы мемлекет. Сондықтан әлемде болып жатқан барлық фактор Қазақстанның экономикасына әсерін тигізеді. Мысалы, кешегі коронавирус пандемиясы кезінде дүниежүзілік банктің бағалауынша әлемдік экономика 5,2 пайызға дейін қысқарған. Ал әлемде экспорттаушы мемлекет болғандықтан, оның кері әсері бізге де ауыр тиді. Қазір инвестициялық бағыт бойынша еліміздегі негізгі приоритеттер ретінде мұнай химиясы, автокөлік жасау, агроөнеркәсіптік кешен, трансұлттық компаниялардың дамуын жатқызуға болады.

Соның ішінде ауыл шаруашылығын айтсақ, оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 4,2 пайыз екен. Ал ауылшаруашылық саласында қызмет істейтін экономикалық белсенді халықтың мөлшері – 40 пайыз ғана. Екеуара айырмашылығы – жер мен көктей. Өйткені Қазақстанның географиялық-территорриялық қалыптасу ерекшелігі ауылшаруашылығына тікелей байланысты. Сол үшін бірінші кезекте біз ауыл шаруашылығын тартуымыз керек. Ауыл шаруашылығын дамытпайынша, экономикалық өсім болмайды. Әрине, оған кері әсерін тигізетін факторлар да бар.

– Мысалы, ауыл шаруашылығына инвесторларды қалай тартуға болады? Жалпы, инвесторларды тарту үшін не істеуіміз керек?

– Мәселен, біз әлі күнге дейін мұнай химиясы саласы бойынша мұнайды экспортқа шикізат ретінде ғана шығарамыз. Өзге мемлекеттерге біз сол жағынан ғана қызықтымыз. Бірақ өзімізде бар шикізатты неге бензин, мазот шығарып, дайын өнім ретінде халықаралық нарыққа шығармасқа? Осы жағын жолға қойсақ, елімізге де тиімді болар еді. Не болмаса автомобиль саласындағы локализация өте төмен. Яғни, елде құрастырылатын көліктің 85 пайызы сырттан келетін құрылғылармен жасалады. Ал отандық кәсіпорындардың дайындаған өнімін пайдалануымыз 7 пайыз ғана. Біз осы көрсеткішті 50 пайызға жеткізуіміз керек. Сала қарқынды дамыған сайын жұмыс істейтін адам саны көбейеді. Сәйкесінше, берілетін салық көлемі де арта түседі.

Сол себепті Астанада халықаралық қаржы орталығы бар, сол секілді инвестицияны жүзге асыратын арнайы мемлекетттік органдардың қызметін жетілдіруіміз керек. Сонда ғана сыртқы инвестордлар бізді саяси тұрақты, бағыттары айқын әрі тиімді мемлекет ретінде қабылдайтын болады. Қай саланы алсақ та, ең әуелі елдің ішкі кәсіпорындарына қажетті сұранысты қанағаттандырмайынша, біз сыртқы инвесторларды қызытыра алмаймыз. Мәселен, бізде ауыл шаруашылығына байланысты заңдар жиі ауысуы, субсидия алу процесінде толыққанды тимей жатады. Сол олқылықтар түзеліп, заңды тұрғыда өз азаматтарымызды ғана емес, шетелдік инвесторларды да қолайлы болған жөн.

– Ұлттық экспорттау жағынан мемлекеттік қолдау қалай жүріп жатыр?

– Қазір бізде экспортқа шығаратын тауарлардың тізімі бар. Бірақ ауыл шаруашылығы болсын, жеңіл өнеркәсіп болсын, оның ішінде өзіміздің өнімнің жоқтың қасы. Ұлттық экспорттаушы деп көбінесе шикізатты дайын өнім ретінде емес, өңделмеген күйде экспорттау, машықтанған. Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде өнімді шығаруды жолға қойсақ, ұлттық тауар өндірушілердің де үлесі арта түседі.

– Көршілес елдердегі қақтығыстың салдары біздің елге әсер ететіні белгіді. Алайда соған қарамастан шекара маңындағы сауданы қалай дамытуға болады?

– Ресейде болып жатқан саяси жағдайлар екі елдің экономикасын тежеп, елді дағдарысқа әкелуі мүмкін. Бірақ ол біздің ел үшін жақсы мүмкіндік болар еді. Себебі олардың көп кәсіпорындары нарықта өз орнын сақтап қалу үшін қазір Қазақстанда өз кеңселерін ашып жатыр. Осыны біз шетелдік нарыққа шығудың тиімді жолы ретінде пайдалануымыз керек. Бұған дейін елімізге инвесторларды шақырумен болатынбыз. Олардың филиалының көбеюіне және ұзақмерзімді шарттар жасауына ықпал етуіміз тиіс. Сөйтіп, оларға қазақстандық кәсіпорындарды байлап тастаймыз. Соның арқасында біздің отандық өнім халықаралық нарықта орнықты орны болады.

Ерасыл Әміре

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.