Шымкентте байланыс сапасының нашарлығына байланысты операторларға 194 млн. теңге айыппұл салынды. Мамандар жыл сайын базалық станция санын арттырғанымен кей жерде техникалық олқылық орын алғанын айтады. Сондықтан соңғы жарты жылда интернет сапасы төмендеген көрінеді.
Оtyrar сайтының жазуынша, үшінші мегаполисте интернеті нашар 27 нүкте анықталған. Қазір онда арнайы тексерулер жүргізіліп, олқылық қалпына келтіріліп жатыр. Ал байланыс сапасының төмендеуіне байланысты операторларға құзырлы басқарма миллиондап айыппұл салынғанын айтады.
«2022 жылы 65 млн. теңге айыппұл салынса, 2023 жылы 194 млн. теңге айыппұл салынды. Бұл байланыс сапасының төмендігіне байланысты. Біз халықпен кездескенде арызын тыңдап жазып аламыз. Сонсоң инспекцияға жолдап отырамыз», – дейді Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов.
Шымкентте 135 дана 5G базалық станциясы қойылды. Алайда цифрландыру басқармасының басшысы бұл 4G-ге кері әсерін тигізгенін айтады. Сөзінше жаңа желі бұған дейінгі қалыпты интернеттің таралуын тежеген. Сондықтан қазір қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Тамыз айынан бастап, қарашаға дейін мәселе болды. 5G кішкентай ғана болғандықтан 4G-дің қасына қойылады. Сол кезде 4G-ге 5G кері әсер етті. Бір-бірінің радиусын жапты. Содан техникалық қателіктер болды. Оның қазір 80 пайызын дұрыстап қойдық»,- дейді Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов.
Ал қазір 28 орында антенна-матча құрылғысы орнатылып жатыр. Оның 7-еуінде құрылыс жұмысы аяқталған. Сонымен қатар, мамандар байланыс сапасын жақсарту мақсатында электр бағаналарына станциялар қоюды қолға алғанын жеткізді.