Шымкентте Шымсити деп аталатын бүтін бір шағын аудан жылусыз отыр. Қолдануға берілгеніне екі-ақ жыл болған 9 және 12 қабатты 37 үйдің тұрғындары осымен екінші қыс бүрсең қағып отыр – пәтері жарытып жылымайды.
Осыны айтып шулағанда ғана құбырлар қол тигізбестей ысып, кейін жылу қайта жоғалапты, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Бір бөлмелі пәтерге былтыр ғана қоныстанған бұл отбасы қыс келсе мазасы кетеді. Өйткені жылуы мардымсыз. Суық тиген ұлын кеше ғана ауруханадан шығарған Перизат Битабарова ұлдарының дәрісін беріп, қымтап, өзі үйді жылытудың әрекетін жасайды. Газбен жылытқыш пешін қосып, терезесін жылылап әлек. Әйтпесе баспана іші суықтан азынап кетеді.
«Жылу жоқ. Жылуды 24 сағат бойы қосып отырмыз электрге. Электрге ақша төлейміз, ожылуға да ақша төлейміз. Балалардың дәрісі бар. Ақшаны қалай жеткіземіз ақшаны?!», -дейді Шымкент тұрғыны Перизат Битабарова.
Ал көрші үйдегі пәтердің іші былтыр жылу болмаған соң көгеріп кеткен. Ол кезде туыстарының үйін паналаған отбасы биыл несиеге алған пәтеріне амалсыз көшіп келіпті. Бірақ баспана деген аты болмаса, мұз құрсауда тұрғандаймыз дейді үй қожайыны.
«Үйіміз суық, үйде осылай сырт киіммен қалпақпен жүреміз. Үш балам бар. Үшеуі де кішкентай. Егіз балам бар. Батареяларының түрі мынау. Бір дәу бөлмеге осы жете ме, үш бөлмелі бөлмеге! Қатты жаурап кеттік. Уһ дегеннен ауыздан бу шығады үйде. (жылайды)», дейді Шымкент тұрғыны Сымбат Бегалиева.
Шымсити шағын ауданындағы 37 көпқабатты үйдің бәрінде осындай жағдай. Шенеуніктер мұны жақсы біледі дейді тұрғындар. Себебі, былтыр да жаураған жұрт ұлардай шулаған кезде келген жылу орталығының басшылары мен әкім-қаралар тұтас аудан бір қазандыққа тәуелді екенін айтып, қосымша қазандық қоямыз деп, ұмытыпты. Бір қызығы, мұнда жылу шенеуніктермен бірге келіп, бірге кетеді екен.
Ал таңертеңнен бері Шымситидегі үйлерді тексеріп жүрген шенеуніктер «Шымкент екінші Екібастұз болмайды» дейді. Десе де әзірге жылудың жоғалуын жорамалдап қана отыр.
«Алдын ана жобалауымыз бойынша, бұл жерде екі себеп болуы мүмкін. Біріншісі, электрдегі ақаулар, фазалар ауысып кетуі мүмкін. Қазір мамандарды шақырдық. Электрик мамандар, сонымен айналысамыз. Ол бірекі сағатта белгілі болуы керек. Нәтижесін көрсетуі керек. Егер ол болмаса, онда біздің мамандардың айтуынша, жылу ауыстыру деген құрылғы бар, суды айналдыратын, соның қуатын көбейту керек шығар деген», -деді Шымкент әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.
Басшылар әзірге нақты себебін білмесе де, бүгін түнде Шымиситеді үйлердің бәрінде жылу болады деп сендірді. Бірақ шенеуніктердің сөзі батареядағы жылу сияқты өзімен бірге жоғалады деген тұрғындардың әзірге уәдеге сенуден басқа амалы жоқ.
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024