Атыраудағы шекара қызметінің 2016 әскери бөлімінде Отан алдында борышын өтеп жүрген сарбаз – Нұрбек Ерғалиев қаза тапты, деп жазды Azattyq Ruhy.
Әлеуметтік желідегі жазбаға қарасақ, Нұрбек небары бір айдан кейін борышын аяқтап, үйіне оралуы керек еді. Алайда кеше, 18 тамыз күні жақындарына оның табыты жеткен.
«Әскерге борышын өтеуге кеткен ақтаулық сарбаз 2003 жылы туған Ерғалиев Нұрбек Наурызұлы 2022 жылдың 18 тамызында үйіне табытпен оралды. Ол әскерге былтыр күзде кетті, үйіне оралуға 1 ай қалған екен. Түнде инстаграмыма сарбаздың туыстары хат қалдырыпты», – деп жазады Бибігүл Рамазан.
Туыстарының мәліметіне сүйенсек, бес сарбаз нарядтан түсіп келе жатқанда көліктері сынған. Үш сарбаз бұзылған көлікте қалып, марқұм Нұрбек пен командирі көмек сұрау үшін ұялы байланыс ұстайтын жер іздеп кеткен. Командирінің айтуынша, жолда сарбаз екеуі әлсіреп, бастары айналған. «Нұрбектің аяғы жүре алмай, әлсіреп өліп қалды, ал мен жолға жетіп, аман қалдым» дегенді айтқан.