26-09-22 |
1360 рет қаралған
Смайылов Ресейден келушілерді жұмыспен қамтуды тапсырды.
Смайылов Ресейден келушілерді жұмыспен қамтуды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов көші-қон мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда ресейлік азаматтарды жұмысқа орналастыру кезінде еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Келген адамдарды өңірлер бойынша орналастыру, жұмысқа тұру ықтималдығын қарастыру және кеңес беру мәселелері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, мигранттарды тіркеу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, жалға берілетін тұрғын үй нарығының құқықтық аспектілері туралы Әділет министрі Қанат Мусин баяндады.

«Елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ келіп жатқан ресейліктерге жәрдем көрсету керек: ЕАЭО заңнамасына сәйкес оларды уақытылы тіркеп, еңбекпен қамту мәселелерін қарастыру қажет. Бұл орайда жалға берілетін тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, барлық мемлекеттік құрылымдар өз құзыреті аясында отандастарымызға да, мигранттарға да тараптардың құқықтары мен жауапкершілігіне байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Алдағы күндері бұл мақсатта жедел желілер ашылады.

Оған қоса, Премьер-Министр барлық көлік инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, елге келіп жатқан адамдардың бір жерде шоғырлануын болдырмау жөнінде қажетті шаралар қабылдауды, ХҚКО-лардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін қосымша қызмет көрсету терезелерін ашуды тапсырды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.