«Төбелессіз той қызық болмас» деп келетін әзіл-шыны аралас сөз бар ед. Бұл, әсіресе, 90-жылдары көп айтылатын. Ал, енді төбелес «қызықтың» шеңберінен асып, әлеуметтік түйткілге, қылмысқа айналса ше?! Онда оған мәселе деп қарауға тура келеді. Қазіргі жағдай солай болып тұр.
Бұлай деуімізге түрткі Түркістандағы төбелес. Мектеп оқушыларының арасындағы әлімжеттік. Иә, әрдайым кеңестік заманнан мұраға қалған әскердегі әлімжеттікті айтушы едік. Білім мен тәрбиенің ошағы саналатын мектепте басқаны «төмпештеп» үйренген бала жігіт болып әскерге барғанда ондағы жүйенің заңымен жұдырық жұмсамай қайтсін.
Бір анығы, мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік те әлімсақтан бар және бұл осынау жалғыз киелі шаһарда ғана емес. Әлеуметтік желіде таралған Түркістандағы жағдай «су бетіне қалқып шыққан» бір мысалы ғана. Өкініштісі, рухани қаламыздағы мектептерде, жалпы жастарының арасында аудан-ауданға бөлініп төбелесу, үлкеннің өзінен кішіге доқ көрсетуі, ақша жинау жазылмаған заңдылық секілді қалыптасып қалған. Жүзге, руға, жерге бөлінуіміз аздай бір қаланың жастары аудан-ауданға бөлініп, аядай шаһардағы территорияларын бөлісе алмай жатады. Екі ауданның арасында әлдеқандай бір от тұтанып тұрғанда, бірінікі байқамай «қарсы беттің» жеріне аяқ басып (ағайынының үйіне барамын деп, тағы басқа себеппен), қолға түссе, шаруасы бітті дей беріңіз.
Қазақтың қай ауылында тентек жоқ ед. Балалардың арасында бірлі-жарым мұндайлар болып тұрады дерсіз, бәлкім. Алайда, балалар арасындағы мұндай тентектік кейде адамды майып қылумен, тіпті мерт қылумен де бітіп жататын оқиғалар бар. Сондықтан, бұл тентектік емес, қылмыс. Мейлі қасақана болсын, абайсызда болсын адам өлтіру тұрмақ, оның денсаулығына қандай да бір зиян келтіру де қылмыс. Бұл заң тілімен айтқанда. Ал, адамша айтқанда, біреудің бір тал шашын түсіруге ешкімнің де хақы жоқ. Оның үстіне баланың. Ендеше, жастар арасында мұндай қатыгездік қайдан пайда болды деген сұрақ туындайды.
Әлбетте, мұның себебін бір ғана сөзбен айту қиын. Иә, Түркістандағы төбелеске кінәлілер анықталды, жағдай қатаң бақылауда, білім бөлімі жиын өткізіп, бір дүрлікті, жұдырығы «жуан» баланың анасы ғаламторда жылап тұрып елден кешірім сұрады, тағысын тағы. Бірақ, мұның бәрі жағдайдың салдары ғана және ертең бұл да саябырсиды да, қайта қайталанады. Ұялы телефонға түспей, әлеуметтік желіде жария болмай, тасада қалып жатқан төбелестер қаншама.
Сондықтан, мұның себебіне үңілген, себебін жойған дұрыс-ақ. Әлбетте, қолынан келсе. Ал, әлеуметтік желіде бәріміздің қолымыздан келетіні пікір білдіру. Ондай пікірлерден ондаған мысал келтіруге болады. Біреулері ата-ананың бала тәрбиесіне қарауға шамасы келмей кеткен әлеуметтік түйткілден іздейді себебін, біреулері мектептегі тәрбие жұмыстарының жоқтығынан көреді. Сырт көз қашан да – сыншы. Алайда, сол Түркістанға табан тіреп, сонда қызмет еткен, елдің жағдайымен етене таныс жандардың сөздері мұндайда маңыздырақ болса керек.
Мұхан ИСАХАН, дінтанушы:
– Түркістандағы жастар арасындағы төбелестің түп-төркіні «общактік» жүйеде жатыр. Түркістанда 70-80 жылдары түрме болған, сол түрмеден шыққандар еліне қайтпай сонда қалып қойып, аталмыш жүйе солардың ықпалымен қалыптасқан, түрмеден басқарылады деп айтады. Оң мен солын танып, жұдырықтасуға, «бас жарып, қол шығаруға» жарап қалған жасөспірімнен бастап үлкен кісілерге дейін «общакқа» мүше болады. Оған мүше адамның бір тал шашы түсетін болса, қалған мүшесінің бәрі өре түрегеліп, қорғайды. Керісінше, қылмыс істеп қойса, құтқаруға тырысады. Бұл жүйе Түркістанда бұрыннан қалыптасқан. Үлкендері кішілерін көше тәртібімен жігіт болуға, өздерінің районы үшін «тұруға», қажет болса төбелесуге дейін тәрбиелейді.
Жүйенің ең асқынған кезі, осыдан 10-12 жыл бұрындары бір сайлау кезінде Түркістанда атыс көбейді. Жаңағыдай «общактар» өздерінің таңдаған адамына дауыс жинау үшін атысты. Сонда мен университетте сабақ беретінмін. «Жолдың асты», «ТГЖ» дейді, тағы басқасы бар, қала аудандарының жігіттерінің бас қосатын жері – университет. Оқиды. Сонда университетте бірін бірі пышақтайды. Осыдан соң мұны тоқтатамыз деп біраз жұмыстар жасағанбыз. Мешіттерге барып, ақсақалдардың да атсалысуын сұрадық.
Кейін мен Алматыға көштім де, ары қарай не болғанынан бейхабар едім. Кешегі оқушылардың төбелесі жайлы тараған бейнежазба Түркістан жастары арасында бұл әлі бар екенін көрсетіп отыр ғой. Жастарды қолтығына су бүркіп, осыған итермелейтін негізі үлкендері, яғни «общактың» өз положенецтері бар. «Қайтпаңдар, районның намысын бермеңдер» деген секілді жүйе, «тәрбие» енгізіп тастайды. Содан жастар кім мықтыны анықтау үшін қырқысады.
Әрине, жақсы нәрсе емес. Мен мұны елдің, отбасылардың әлеуметтік жағдайының төмендігінен деп айта алмаймын. Тіпті, Түркістан халқының жағдайы көп жерге қарағанда тәуір. Бұл ескіден қалыптасқан жүйе және бәрі сол жүйеге жұмыс жасайды. Сосын, сол райондарда тұратын балалардың барлығы да «общакқа» мүше деуге болмайды. Оған кірмейтіндер де бар. Пайызға шаққанда, район жастарының 10-20 пайызы ғана «общакқа» кіретін шығар. Кіргендері, сол общактың ішкі тәртібіне мойынсұнады. Негізгі проблема осы «обшактық» жүйеде.
Мұғалімнің, ата-ананың қарсылығы ол «общакты» құртып жібере алмайды. Олармен, әсіресе «положенецтерімен» бұл жөнінде «саған осы не береді, бұл сенің ұлттың намысың ба, діни намысың ба» деген секілді мешіт имамдары, ішкі саясат бөлімі көбірек араласып, жұмыс істеуі қажет. Ақсақалдар институтын да араластырып, «общак» жүйесіндегілерді шақырып, сөйлесу керек. Сонда ғана тоқтату мүмкін шығар.
Мектеп өкілдеріне келсек, әлгі «общактарға» кей мұғалімдер де кіріп кеткен болуы мүмкін. Тіпті, сол районның арнайы органдарда істейтін адамдары да «общак» мүшесі болуы ғажап емес. Естуімізше, мысалы біреуі бәр бәлеге ұрынса, сол органдағы істейтін адамына дейін бәрі жабылып әлгіні құтқарып алуға тырысады. Егер, біреуі сотталып кетсе, артынан «жылу» жинап жіберіп отырады. Бұл енді сондай «үлкен жүйе». Оны мектептің тәрбиесімен, бір ғана тұрғыдан қарап, тоқтату мүмкін емес.
Бәлкім, заңдық тәртіппен де шешуге болатын шығар. Өйткені, құқықтық тұрғыдан жазалау қай кезде де соңғы шешім ғой. Бірақ, ол кезде қылмыс болған уақытта ғана жазалайсың. Алайда, олардың жүйесінде үнемі қылмыс бола бермейді ғой. Кейде жай бас қосады, жиналады. Ал, бас қосқаны үшін, бір-бірімізбен доспыз деп араласқаны үшін соттай алмайсың. Тек қылмыс жасағанда ғана соттайсың. Басқа уақытта не істейсің, қайтіп алдын аласың?! «Общактік» санамен өмір сүргені үшін соттай алмайтының хақ.
Айбар САҚ