arasha.kz

Талдықорғанда заңсыз берілген 46 пәтер әкімдік меншігіне қайтарылды

Талдықорғанда заңсыз берілген 46 пәтерді қожайындары әкімдіктің меншігіне қайтарып берді.

Одан бөлек 147 пәтерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті қандай жолмен берілгенін тексеріп жатыр, деп жазды ҚазАқпарат.

«Мемлекет меншігіне қайтарылған 46 пәтер қазір кезекте тұрғандарға үйлестіріліп жатыр. Оның 18-і кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға, 12-і түрлі мемлекеттік қызметте істейтін қызметшілерге қызметтік пәтер ретінде берілді. Ал одан бөлек 147 пәтердің қандай жолмен берілгенін антикор тексеруде»,- деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хатшысы Мади Шакенов.

Ведомство өкілінің айтуынша, 2013-2021 жылдар аралығында 1026 пәтер заңсыз берілген. Одан бөлек 669 пәтер әлеуметтік осал топтарға, ал 357 пәтер бюджет пен мемлекет қызметкерлеріне берілген.

«669 пәтер иесінің 545-і өзінің осал топқа жататынын дәлелдейтін құжаттарын әкелді. Жұмыстар жалғасуда»,- деді Мади Шакенов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Талдықорғанда мыңнан аса баспананың заңсыз берілгенін хабарлаған болатынбыз.

Қазір облыс орталығында 180 мың халық бар. Ал, баспана кезегінде 14 900 адам тұр.

Exit mobile version