30-03-23 |
2660 рет қаралған
Тарих қойнауында жатқан жәдігерлерімізді өзіміз қиратып жатырмыз.
Тарих қойнауында жатқан жәдігерлерімізді өзіміз қиратып жатырмыз

Қоғам белсендісі Серік Дәулетов дабыл қағып, көне шаһардың күл-қоқысқа айналып бара жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, көне Меркі қаласы өз деңгейінде қорғалмай отыр. Назарларыңызға аталған мәселеге қатысты жазған жазбасын ұсынамы.

Әр халықтың тарихы қасиетті құндылықтарының өміршеңдігімен өлшенеді. Ол құндылықтар мыңжылдықтар тасасында қалғанымен, ұрпақтары барда жарқырап жарыққа шығады.
2010 жылы Қазақстан өкіметі қаражат бөліп, түбі бір түрік халықтарының атажұрты саналатын біздің елде Халықаралық Түрік Академиясын құрған еді. Оған Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан елдерінің ғалымдары да мүше боп кірді.

Жуырда осы Академияның ғалымдары әлемді елең еткізген жаңалық ашты, Моңғолияның Номғон жазығында атақты Күлтегіннің әкесі, 7 ғасырда 2-ші Түрік қағанатын құрған Елтеріс қағанның кешенін тапты. Әйгілі түрколог-ғалым Нәпіл Базылханның айтуынша, археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде түрік және соғды жазуларымен жазылған бітіктас, адамдардың тас мүсіндері, 2 күшігі бар арыстанның тас мүсіні, 2 қой мүсіні, 5 балбал тас табылған. Бұл тек 1 кешеннен табылған жәдігерлер, алда әлі 9 кешен бар.

Біздің өлкемізде де сол 7 ғасырдан, Батыс Түрік қағаны Тон Ябғудың заманынан белгілі жәдігер бар. Ол – көне Меркі қаласы.
Қала территориялық жағынан Меркі ауылының қоғамдық-әкімшілік және мәдени орталығына кіреді, ал көлемі мен орналасуы жағынан – ауыл орталығының доминантасы.

Орыстың отары болған Кеңес дәуірінде қазақта тарих болмаған деп айтылды. Совет өкіметі көне Меркінің үстінен колхоз базарын ашты, зиратқа айналдырып, 2-ші дүниежүзілік соғыс кезінде эвакогоспитальда қайтыс болған солдаттарды сонда жерледі. Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде де, «көне Меркі қаласы. Мемлекет қорғауында» деген тақтайша орнатылғаны болмаса, басқа еш өзгеріс болған жоқ. Керісінше, қаланың үстін жалға алған кәсіпкерлер табысын ұлғайту мақсатында базар аумағын кеңейтіп, ғимараттар салып, дүңгіршектер мен контейнерлер орнатып тастады.
Бүгінде бұл базар Меркінің көркін бұзып тұр. Сауда нүктелері қалай болса солай орналасқан, ешқандай эстетикалық, архитектуралық талғамға сай емес.

Базар сатушыларынан қалатын қоқыс; картон тара, пластик бөтелкелер, ет дүкендерінің қалдықтары, сүйек- саяқ, барлығы күнделікті шығарылмайды, өртеледі, шіріп, сасып, ауаны ластап жатыр.
Сатушылар азық-түлік, жеміс-жидектерді базардың шығыс жағындағы Торғаев көшесінде жерден не автокөліктен сатады, соның салдарынан көшеде үнемі көлік кептелісі.

Былтыр бұрынғы аудан әкімі Р.Нұрсипатов көлік кептелісін шешем деген оймен базардың батыс жағынан автотұрақ салдырды, бағдаршам орнатты (жұмыс істеп тұрған жоқ). Бірақ ол артық қылам деп тыртық қылып кетті, себебі, автотұрақ жасаған кезде мәдени қатпардың (культурный слой) топырағын бульдозермен сүргізіп тастады, сөйтіп «Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы өрескел бұзылды.
Бірақ ең сорақысы бұл емес.

Ең сорақысы – тарихи-мәдени мұрамыздың үстіне 2 әжетхана орналасқан. Әжетхана болғанда да, заманауи емес, жәй жерден қазылған шұңқыр! Күн сайын базарға келген мыңдаған адам мұнда нәжістерін тастап кетіп жатыр!

 

Басқаша айтсақ, біздер, сонау 7 ғасырдан бері мәдени қыртыста- тарих қойнауында жатқан өз жәдігерлерімізге өздеріміз түкіріп емес, ты…ып жатырмыз!

Тарихтан белгілі, сонау Әзірбайжан мен Ирак жерінде Аккоюнлы және Каракоюнлы деген мемлекеттер құрған түрік тайпалары біздің өңірден кеткен. Олардың ұрпақтары, Дулат тайпасының құрамындағы аққойлы және қарақойлы рулары қазір де Меркі мен Құлан жерінде тұрып жатыр.

Меркінің тумасы, Жаңа Қазақстанның жаңа басшысы ретінде, құрметті аудан әкімі Жорабек Баубеков мырза, Сізден өтінерім, мына масқараны тоқтатыңыз!

Аудан орталығында қоғамдық әжетхана жоқ екені көпке аян. Алайда, ол мәселені өткеніміздің есебінен шешкеніміз әруақтардан ұят! Басқа жерден ( мысалы, Исмаилов көшесінің жер асты өткелінен) қоғамдық әжетхана салдырыңыз.

Тарихи-мәдени құндылықтарымыздың тоналуы, зақымдалуы кез келген елдің тарихының күйреуіне алып келеді. Оларды қорғау мен сақтау, насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы! Тарихи ескерткіштерді көркейте отырып, туристік жерлерге айналдырып, отандық ( және шетелдік) туристерге жағдай жасап,аудан экономикасының көтерілуіне септігін тигізуге мүмкіндік туғызыңыз!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.