16-12-23 |
4020 рет қаралған
Тәуелсіздік — сан ғасыр аңсап жеткен ұлы құндылық!.
Тәуелсіздік — сан ғасыр аңсап жеткен ұлы құндылық!

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай Тәуелсіздік күніне орай әлеуметтік желіде жазба жариялады:

Аспан астындағы тіршілік еткен барша адамзат баласының тағдыры бірдей емес. Елім деген ерлері болса да шекарасы шегенделген жері жоқ, ұлдарының жүзінде айбары болса да қолдарында желбіретіп ұстар байрағы жоқ, Ата заңына жүгініп көрмеген, қорған болар мемлекеті жоқ қаншама халық бар. Осыны ойлағанда азаттық — баға жетпес ең асыл бақытың екенін сезінесің. Өзге жұрттың өксікке толы өкінішін көріп тұрып тәубеңе келесің.

Міне, төрелі Тәуелсіздіктің, мерейлі мемлекетіңнің бағасын осылай ұғынасың!
Тәуелсіздікке оңай жеткен жоқпыз!

Сан ғасыр бойы еркіндікті аңсаған ата — бабаларымыздың арманымен, дербес ел болу жолында аянбай күресіп, жанын қиған алаш арыстарының мұратымен жеттік. Ендеше, Тәуелсіздікті бағалай білу, баянды болуына күш біріктіру — ортақ мақсатымыз!

Ал, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы — ұлт болып ұйысқанда, бірліктің берекесін бағалай білгенде ғана нәтижелі болмақ.

Қоғамда көзқарасымыз, ой – пікірлеріміз алуан түрлі болғанмен мүддеміз, мұратымыз бір болуы тиіс. Бәрімізді біріктіретін де осы — мемлекеттік мүдде! Бұл — жиырма миллион халқыма ортақ міндет.

Бүгін аспандағы Ай – нұрланып оңынан туыпты. Жақсы ырымға баладым. Тәуелсіз Қазақстанымның айы оңынан тусын! Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарының, еңселі реформаларының жүзеге асуына күш біріктірейік.

Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.