24-10-22 |
1260 рет қаралған
Тбилисиде Ресей эмигранттары Путин саясатына қарсылық білдірді.
Тбилисиде Ресей эмигранттары Путин саясатына қарсылық білдірді

Жексенбіде Грузия астанасы – Тбилисидің Руставели даңғылында Ресей эмигранттары митингіге шығып, Украинадағы соғыс пен Владимир Путиннің саясатына қарсылық білдірді. Бұл жөнінде SOTA телеграм-арнасы хабарлады. Митингіге 500-ге жуық адам қатысқан.

Іс-шара мақсатының бірі – украин босқындарына көмек үшін қаржы жинау болған. SOTA хабарына қарағанда, митинг соңында 3 мың долларға жуық ақша жиналған.
Азаттық радиосының жазуынша, Ресей эмигранттарының митингісін халықаралық Free Russia Foundation қоры ұйымдастырған.

Владимир Путин Украинадағы соғысты жалғастыру үшін «ішінара мобилизация» жариялаған соң Ресейден қашқандар күрт көбейген. Нақты саны белгісіз, кей мәліметтер жүз мыңнан миллионға дейін адам Ресейден кетіп қалғанын айтады.

Ресей эмигранттарының бір бөлігі Грузияға барған. Грузия ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, қыркүйек айында шекарадан өткен ресейліктер 222 мыңнан асқан. Оның қаншасы турист, қаншасы эмигрант екені беймәлім.

Ресейден қашқандардың ірі бөлігі Қазақстанға келген. Путиннің «ішінара мобилизация» туралы жарлығынан кейін Қазақстан мен Ресей шекарасында ұзын-сонар кезек пайда болған. Қазақстанның ресми органдары нақты қанша эмигрант келгенін атамаған.

4 қазанда ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «21 қыркүйектен бастап Қазақстанға Ресейден 200 мың адам кіріп, 147 мың адам шыққанын, 21-28 қыркүйек арасында Ресейден келетін миграттандар әдеттегіден екі-үш есе көбейгенін» мәлімдеген.

Қазақстанның цифрландыру министрі 4 қазанда таратқан мәліметте, 21 қыркүйектен бастап Ресейдің 70 мыңнан астам азаматы ЖСН алғанын хабарлаған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.