arasha.kz

Теңіз кен орнында жұмысшылар наразылыққа шықты

Теңіз кен орнындағы жұмысшылар бір реттік сыйақыға қатысты түсінік беруді талап етті. Бұл деректі Атырау облысы әкімі мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметтері растады.

«Бүгін, 11 ақпан күні сағат 10:30-да үзіліс кезінде Теңіз кен орнының үшінші буын зауыты жобасының 42-учаскесіне тартылған «Senimdi Kurylys» ЖШС-нің 200 қызметкері жиналып, наразылық танытты. Олар 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін жұмысқа қабылданған қызметкерлерге бір реттік сыйақыға қатысты түсіндірме беруді талап етті», – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазір Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен Теңіз кен орнындағы жағдайға байланысты Жылыой ауданы әкімі Жұмабек Қаражанов жетекшілік ететін арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында «Теңізшевройл» ЖШС-нің өкілдері, «Senimdi Kurylys» басшылығы мен жұмысшылары, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері бар.

Ал «Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жалақысы 8,4% өспеген компаниялардың қызметкерлері 500 мың теңге алады. Жалақысы көтерілген компаниялардың қызметкерлері 300 000 теңгеден алады.

Осылайша, осы бонусқа ие барлық жұмысшыларға төлемдер теңдігі сақталады. Бұл бонус тек бір рет төленеді.

Теңіз – Атырау облысының Жылыой ауданындағы кен орны. Мұнда халықаралық маңызы бар екі жоба іске асырылып жатыр. Оған қазақстандық және шетелдік бірнеше компания мердігерлікке тартылған. Соның бірі – «Senimdi Kurylys» ЖШС.

Exit mobile version