Ақтөбенің су жаңа әкімі атанған Премьер-министрдің экс орынбасары Ералы Тоғжанов қымбатшылықтан қажып, жол жайын жыр қылған ел үніне құлақ аса ма? Мұнайшылардың еңбек дауын шешіп, өңірдің экономикасын дамытуға сөз берген шендіден мәслихат депутаттары не күтеді? Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Баян Сәрсенбинаның пікірін білдік.
«Тұңғыш рет баламалы түрде Ақтөбе облысының әкімі тағайындалды. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бізге екі кандидатты ұсынды. Олар Ералы Тоғжанов мен Асхат Шахаров. Таңдау жасау бар-жоғы 32 минутқа созылды. 160 адам қатысты. Оның 104-і Ералы Тоғжановқа дауыс берді. Қалғаны Асхат Шахаровты қолдады. Ералы Тоғжанов өз бағдарламасында бәрін айтты. Ол экономика, экологияны қозғады. Өнеркәсіппен қатар ауыл шаруашылығын айтты. Ауыл шаруашылығындағы жергілікті өнім көлемін арттыру жайы сөз болды. Ералы Тоғжанов дайындалып келген. Асхат Берлешұлы қазіргі жасап жатқан жұмысын айтты», – дейді Баян Сәрсенбина.
Журналист әрі депутат ретінде танымал қоғам белсендісі облыс әкімдерін дауыс беру арқылы таңдау, тағайындау әдісін «тың бастама» деп баға берді. Және қиын кезде өндірісті өңір тізгінін ұстаған басшыға қойылар талаптың да орасан екенін айта кетті.
«Ресей-Украина арасындағы қақтығыс, геосаяси жағдай бәріне әсер етеді. Көршің тыныш болмаса үйіңде жағдай қиын болады. Қымбатшылық белден басып тұр. Жалақы алғанымен коммуналдық төлем мен азық-түліктен ауыспайды. Облыс әкімі күрделі жағдайда келіп отыр деп ойлаймын. Жұмыспен қамтамасыз ету керек. Ералы Тоғжанов колледждердегі түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішінің жақсы екенін айтты. Ол кісіден бағдарламасына сай жұмысын күтетін боламыз», – деді Б.Сәрсенбина.
Тұтас елдің идеологиясын басқарған Тоғжанов бағдарламасында бірнеше рет теракт оқиғасы болған Ақтөбедегі діни жағдайды да атап кетті. Әзірге уәделер көп. «Көлемі бойынша ең үлкен өңір» деп Ақтөбе ерекшелігіне баса назар аударған шенді экономикалық, стратегиялық маңызы зор аймақтың табиғи байлығын тізді.
«Облыс аумағы табиғи байлықтар қазынасы. Хром қоры бойынша алдынғы қатарда, титанның республикалық қоры 40 пайыз, никель 55 пайыз, көмірсутек шикізатының 30 пайызы облыс аумағында. Барлығы халық игілігіне бағытталуы тиіс. Құт қонған Ақтөбенің қойнауындағы байлық. Десек те өңірдің басты қазынасы- 900 мыңнан асатын халқы, кадрлық потенциалы, халықтың білімі деңгейі өңірдің өнеркәсібін дамытуға тікелей мүмкіндік беретіні сөзсіз. Облыс халқының 72 пайызы аудандарда тұрады»,- деді Тоғжанов депутаттар алдындағы бағдарламасында.
Сонымен қатар олблыстың ішкі өнімі соңғы жылдары азайғанын атап, шещуді талап ететін нақты мәселелерді атады.
«Өндіріс саласына импульс беру үшін ірі кәсіпорындар айналасында орта және бизнес шағын кәсіпті құру белдеуін қарқынды жүргізу қажет. Шетелтен сатып алып жүрген тауарларды өңірде өндіруді талап етуіміз қажет. Бұл жұмыстар ірі кәсіпорындардың экономикалық үлесін арттырып, халықтың әл ауқатын арттыратыруға бағыттайтыны белгілі», – екенін айтқан Тоғжанов инвестиция тарту, жаңа жұмыс орнын ашу, суармалы жерді ұлғайту, пайдаланбайтын ауыл шаруашылық жерлерді қайтару жұмыстарына белсене кірісуге дайын. Өңірдегі автожолдардың 33 пайыздан астамы ерекше назар аударуды талап ететінін атап, үкімет басшысына қосымша қаржы қажет екенін естіртті.
Айта кетейік, Тоғжанов «Ақтөбеге барған соң команданы өзгертесіз бе?» деген орталықтағы тілшілер сауалына «жоқ» деп айта алмады. «Мамандардың жауапкершілік деңгейіне байланысты» деп ойын түйген жаңа әкім Ақтөбенің қай кадрларын жаңартудан бастайтынын уақыт көрсетеді.
Ардақ Ерубаева, Ақтөбе