Қазір әлемдегі геосаяси жағдай шиіленісіп барады. Басқасын айтпағанда, Украинадағы соғыстың үш жылға созылуы, Газа секторындағы теке-тірес, Ауғанстан, Сирия сияқты отты ошақтардан бөлек, екі ядролық держава – Пәкістан мен Үндістанның арасында әскери жанжалдың тұтануы әлемнің қырғи-қабақ соғысынан бері үлкен дағдарыстың алдында тұрғанын көрсетіп тұрғандай. Бұл тұрғыдан Қазақстанға сыртқы қауіпсіздіктен бөлек, ішкі жағдайдың тұрақты болуы аса маңызды. 2019 жылы президент болып сайланғалы бері Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тек Орталық Азия аумағындағы беделін көтеріп қоймай, халықаралық қауымдастық алдында жаһандық қауіпсіздік пен қарусыздануды қолдайтын ел ретінде қандай да бір дауды қару күшімен емес, дипломатиялық жолмен шешуді, сол арқылы аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз етуді жүзеге асырып келеді.
«Табысты Орталық Азия – Табысты Қазақстан»
Қасым-Жомарт Кемелұлы тәжірибелі дипломат, беделді саясаткер және БҰҰ жүйесінде ұзақ жылдар жұмыс істеген халықаралық деңгейдегі маман ретінде әлемдік қауіпсіздік пен аймақтық бірліктің маңызын ерекше біледі. Бұл тұрғыдан президенттің Орталық Азиядағы саясаты бейбітшілікті сақтау, экономикалық терең байланыс орнатудан бөлек, ортақ қауіпсіздік негізінде өңірлік интеграцияны нығайтуға бағытталған. Оның басшылығымен Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылық позициясын сақтап қана қоймай, аймақтың тұрақтылығы мен дамуында белсенді қызмет атқара бастады.
Президенттің бастамалары қашанда да аймақта үлкен қолдауға ие. Кезінде Орталық Азия басшыларының саммиті қарсаңында республикалық басылымдарда жарияланған Тоқаевтың тың бастамаларға негізделген мақаласы сарапшылар тарапынан оң бағаланды. Атап айтсақ, «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму мен өркендеу жолы» атты мақаласы тек елімізде ғана емес, шетелде де қызу талқыланды. Президент:
— Орталық Азия елдері ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ЭЫҰ, ЕАЭО, ТМҰ және басқа да табысты әрі ықпалды ұйымдардың құрылтайшысы ретінде бейбітшілікті жақтайтын мемлекеттер екенін дәлелдей отырып, өзінің идеялары мен жобаларын көпжақты құрылымдарда белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Міне, осының бәрі «Орталық Азия бестігін» Еуразия құрлығының төрінде тұрақты дамып келе жатқан бақуатты елдер деп сеніммен айтуға мүмкіндік береді, — деп мәлімдеді.
Президенттің Орталық Азия елдерінің бірлесе отырып, қорғану идеясы аймақтық алтыншы саммитте айтылды. Әрине, ресейлік БАҚ бұл бастамаларды сын тезіне алуға тырысса да, сарапшылар президенттің прагматикалық ойларына оң баға беруде. Ал еуропалық BNE Intellions іскерлік басылымы «Президенттің «Орталық Азиядағы қауіпсіздік архитектурасын құру» бастамасы Мәскеудің шымбайына батты» деп сараптамалық мақала жариялаған еді. Еуропалық журналистер «Бұрынғы дипломат ретінде Тоқаев сөздерді қалай дұрыс қолдануды біледі. Ол қауіпсіздік кеңістігінің қандай болатынын айтпаса да, кезекті рет сөзбен ойнады» деген пікірде.
Бұл тұста еуропалық сарапшылар президенттің Қазақстанның Ресей бақылауындағы Украинаның шығысында пайда болған сепаратистік құрылымдарды мойындамайтынын баса айтқанын еске салады. Түптеп келгенде, қазір Ресейдің Орталық Азия аймағындағы позициясы төмендеп барады дейді сарапшылар. Ал бес республиканың шешетін проблемасы ортақ боп тұр. Яғни, аймақтық интеграция уақыт талабы. Бұл процесті тоқтату мүмкін емес.
Мемлекет басшысы айтпақшы, жаһандық климат өзгерісін Орталық Азия елдері қатты сезіп жатыр. Әлем бойынша бағаласақ, аймақта температура бағаны екі есеге жылдам көтерілген. Мұздықтар еріп, шөлді-шөлейтті аймақтар артып, ауыз су тапшылығы өзекті боп жатыр. Бұл тұрғыдан ел ішінде «Таза Қазақстан» кампаниясы жүзеге асса, еларалық деңгейде Өзбекстанмен бірге Арал теңізінің бойын көгалдандыру жұмысы іске асуда. Қазақстан жасыл экономикаға біртіндеп бейімделіп келеді. Өзбекстанмен стратегиялық серіктестік қарқынды дамуда. Қырғызстанмен арада су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінен бөлек, өңіраралық қарым-қатынасты арттыру, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық бағыттарда бірлесе жұмыс істеу тәжірибесі кеңейіп келеді.
Тәжікстан, Түркіменстанмен де экономикалық байланыс артып жатыр. Бұдан бөлек Ауғанстан билігіне «Талибан» қозғалысы келгелі бері Орталық Азия елдерінің шекара қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналды. Қазақстан аймақтағы көшбасшы ел ретінде қауіпсіздік тақырыбын арқау еткен форумдар өткізуден бөлек, Ауғанстанға гуманитарлық көмек те көрсетіп келеді.
Президент қашанда «Табысты Орталық Азия – табысты Қазақстан» концепциясын қолдайды. Ішкі және сыртқы қауіптерді бірлесе еңсере алатынымызға кәміл сенеді. Орталық Азия басшылары да Ақ орда бастамаларын барынша айқын қолдайды.
Ел ішінде қандай өзгеріс?
Президенттің бастамасымен елімізде сот жүйесінің тиімділігін арттырып, соттың тәуелсіз жұмыс істеп, ашықтығын жақсарту бағытында ауқымды реформа жүргізіле бастағаны белгілі. Айтулы реформа аясында сот орындары қайта құрылып, саны азайтылды. Электронды құжат айналымы енгізіліп, оларды қарау уақыты қысқарды. Жыл өткен сайын судьялардың біліктілігі де артып келеді. Тіпті, ашық сот процестері бұқара халыққа еркін таралып, қоғамның оң бағасына ие боп жатыр.
Конституциялық соттың қайта құрылуы да оң бастамалардың бірі болды. Ел азаматтары бұл сотқа тікелей шағымдана алады. Конституцияға қайшы келетін нормалар бірден анықталады. Президент «Конституциялық соттың еліміз үшін маңызды институт» екенін айта келе, азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға баса мән беріліп отырғанын жеткізген еді.
Қазақстанда көптеген әлеуметтік бағдарламалар мен қайырымдылық бастамалар жақсы жұмыс істейді. Мұны шетелдік сарапшылар да мойындайды. Халықтың әл-ауқатын көтеріп, әлеуметтік әділдікке қол жеткізу үшін бұл бастамалар таптырмас құрал. Әлеуметтік сақтандыру жүйесі, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы, Білім мен ғылымды дамыту бағдарламасы, «Нұрлы жол», Жастар мен әйелдерді қолдау бағдарламалары өз нәтижелерін беріп те жатыр. Жұмыссыздық пен кедейлікті азайту мақсатында үкімет пен жергілікті билік органдары түрлі бағдарламалар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын ашып отыр. Тегін курстар тек біліктілікті арттырып қоймай, жаңа мамандықты игеруге де мүмкіндік береді.
Білім саласына келсек, әу бастан президент қала мен ауыл арасындағы білімнің айырмашылығы болмауы тиіс деген ұстанымнан айнымай келеді. Бұл тұрғыдан еліміздің тек ірі мегаполистерінде ғана емес, өңірлерде де жаңадан білім ордалары ашылып жатыр. Қазақстан АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея сияқты елдердің әлемге танылған үздік оқу орындарымен стратегиялық келісімге келген. Елімізде технологиялық парктер мен инженерлік орталықтар ашылып үлгерді. Сондай-ақ шалғайдағы ауылдарда дистанционды платформалар мен онлайн-курстар өткізу арқылы өскелең жастар сапалы білімге қол жеткізіп отыр. Бұл өз кезегінде адами капиталға салынған инвестиция, яғни еліміздің болашақта экономикалық һәм әлеуметтік дамуына серпін беретін бастама болмақ. Азаматтық қоғамды дамыту бағытында үкіметтік емес ұйымдарға қатысты талаптар да оңтайландырылды. Әсіресе жастар мен әйелдер құқықтарын қорғайтын ұйымдар белсенді жұмыс істеп жатыр.
Қазір еліміз тек Орталық Азия аймағы бойынша ғана емес, жалпы әлемде цифрлық даму бағытында оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Жақында президент: «Еліміз Жасанды интелектті жедел дамытып, жалпыұлттық цифровизация аймағына айналуы керек» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жаңа технологиялар жақын арада бүкіл әлемнің келбетін өзгертеді. Ал Қазақстан бұл жаңашылдықтан қалмай, тіпті, заманауи өркениеттің «цифрлық номадына» айналуы әбден ықтимал.
Ш.ӘЛІМ