arasha.kz

Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына ескерткіш қойылады

Ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбек жолы мен өмірі биыл ерекше назарда. Мейрейтой аясында Ақкөлде Ахмет Байтұрсынұлының ата-анасы жатқан кесенеге топырақ салу рәсімі өтеді, деп хабарлады Хабар24.

Ұлт ұстазының кіндік қаны тамған орында музей үйі және Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының жаңа ескірткіші ашылады.

«Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған инфрақұрылымдық жобалар жоспарға сәйкес іске асырылып жатыр облысымызда. Жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша Ахмет Байтұрсынұлы ауылына апаратын жолдың және Торғай өзені арқылы өтетін көпірдің жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар жаңадан медициналық пункт салынып, Ақкөлдегі ауылдық амбулаториясы жөндеуден өткізіледі», – деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

Ал мынау Мексикадағы ең көне әрі танымал Чичен-Ица мемориалының қазақша нұсқасы. Қазақша дейтініміз мұнда қазақ ұлты үшін еңбек еткен тұлғаларға арналып, ескертіш тас орнатылады. Құрылысшылар күзге дейін жұмысты аяқтауға ниетті.

«Бесінші сентябрде қазақтың ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы. Соған арнап мына мемориал деген ғимаратты салып жатырмыз. Оның ішінде 12 адамның дене топырағы болады. Басына қойылған белгі болады. Соның ішінде біреуі Ахмет Байтұсырынов. Оның сыртында Торғай өңірінде туып, күллі қазақ еліне белгілі болған тұлғалар. Оның ішінде айта кетсек мысалы Шақшақ Жәнібек, Ыбырай Алтынсарин, Аманкелді Иманов, Кейкі батыр. Ахмет Байтұрсынов, Ахмет Бірімжанов сол сияқты мысалы 12 адам», – деді туристік кешеннің авторы Сапар Ысқақов.

Ағартушының еңбек жолын зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бір апта бұрын филологтар арнайы экспедицияға шықты. Бұл жолы зерттеуші топ Меңдіқара ауданына бағыт алды. Бір кездері Ахмет Байтұрсынұлы осы аудандағы Орынбаев мектебінде мұғалім болып қызмет атқарған. Бірақ білім ошағының қашан ашылғандығы туралы нақты мағлұмат жоқ. Бұл экспедицияның мақсаты ағартушының көпке беймәлім өмірбаянының осы бір бөлігін толықтыру.

«Экспедицияның қорытындысын Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте шығарғалы отырмыз. Себебі кезінде осы мектептің қабырғасында Қостанай педагогикалық сыныбы жұмыс жасаған. Аталмыш сыныпта Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінен сабақ берген еді. Мінеки экспедицияны ұйымдастыра отырып, біз қоғамды, жұртшылықты Ахмет Байтұрсыновтың Қостанай кезеңіне назар аудартқымыз келеді», – дейді экспедиция жетекшісі Алмас Әбсадық.

Ұлт ұстазының еңбегі туралы Мұхтар Әуезовтен артық ешкім айтқан айтқан емес.
Заңғар жазушы өз сөзінде былай дейді: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса» ; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын».

Exit mobile version