Бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздегі алғашқы АЭС Алматы облысы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылының төңірегінде орналасатынын айтқан болатын.
Ал жоспарға сәйкес, 28 ақпан күні мамандар жергілікті халықпен кездесіп, жария тыңдау өткізуі тиіс еді.
Алайда, бұл жүздесу сайлауалды науқанға байланысты кейінге шегерілсе де, Қазақстанда АЭС салуды қолдайтындар петицияға қол қойып, өздерінше үн қосты. Оған 900-ге тарта адам дауыс берсе, оның 600-і нақты қолдайтынын білдірген (alash.online)
Неге? Себебі, елімізде электр қуатының тапшылығы жылдан-жылға артып, қазірдің өзінде өткір сезілуде. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстік өңірі бұл тығырыққа жақын арада тірелуі әбден мүмкін. «KEGOC» АҚ болжамы бойынша, 2035 жылға қарай елдегі электр энергиясының тапшылығы 3 ГВт-тан асады.
Мәселен, АЭС салуды қос қолын көтеріп қолдайтындар еліміздегі энергия тапшылығынан осылай ғана құтылуға болатынын былайша жеткізген.
«Ал электр көзін жылу электр станциялары мен мемлекеттік аудандық электр станциялары арқылы алып отырған Қазақстанда ауа сапасы күрт нашарлаған. Басты себеп – тозығы жеткен станциялар қажетті энергияны өндіре алмайды. Мұнда күніне тонналап жанған көмірден бөлінетін улы заттар мен зиянды қалдықтар қоршаған ортаны ластап, денсаулығымызға залалын тигізеді.
Екібастұз қаласының тұрғындары қыс ауасында жылу мен жарықсыз қалып, әбігерге түскені күні кеше емес пе?! Егер бүгін шара қолданып, қамданбасақ, он жылдан кейін еліміздің жартысы қыстыгүні дәл осы көрініске тап болуы мүмкін.
Біз қаншама жылдан бері көрші елдерден келетін энергияға тәуелді болдық. Бұлай жалғасуы мүмкін емес! Меніңше, бұл мәселені тек атом электр станциясын салу арқылы ғана шешуге болады және біреу ғана емес.
Соңғы жылдары біздің ауданда атом электр станциясын салу туралы әңгіме қызу. Біз, Үлкен ауылының тұрғындары, АЭС құрылысын ҚОЛДАП, жобаға көмектесуге дайынбыз:
Біріншіден, атом электр станциясы парниктік газдарды шығармайды және көмір немесе табиғи газ зауытына қарағанда отынды әлдеқайда аз тұтынады. Атом реакторы 60 жыл немесе одан да көп уақыт ішінде тәулік бойы электр энергиясының максималды мөлшерін өндіре алады.
Екіншіден, атом энергиясы экология тұрғысынан таза және қауіпсіз! Ол бүкіл әлемде жасыл деп танылады. Ғалымдар заманауи реакторлардың қауіпсіздігі мен сенімділігін растайды.
Үшіншіден, атом электр станциясының салынуы сол аймақтың, еліміздің экономикасының дамуына оң ықпал етеді. Әлеуметтік сала, ғылым дамиды, жаңа технологиялар мен өндіріс пайда болады. Үлкен ауылының орнында тұтас бір қала пайда болады.
Төртіншіден, АЭС құрылысын салу мен іске қосылуы облыс тұрғындарына ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мамандар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Бесіншіден, Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға әлеуеті зор. Еліміз уран өндіруден әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынды өндіреміз. Атом энергетикасының болашағы зор. Қазір әлемнің барлық дамыған елдері атом энергетикасына көшті, біз де солай етуіміз керек.
Википедияны қарасаңыз, қазір әлемде 31 мемлекет атом электр станцияларын пайдаланады. Бұл АҚШ, Франция, Жапония, Қытай, Корея және т.б. Көрші Өзбекстанда, тіпті алыс Африкада да атом электр станциялары салынуда. Біз заман көшіне ілесіп, Қазақстанда атом электр станциясын салуымыз керек! Әйтпесе, 30 жылдан кейін де өркениеттің ауылынан алыстап қаламыз.
Оның үстіне Қазақстанда атом саласы бойынша сауатты мамандар жеткілікті. Оның өз ядролық орталығы және Ядролық физика институты бар.
Құрметті жерлестер!
Біз, Үлкен ауылының тұрғындары, өңірімізде АЭС салынуын зор ынтамен күтіп отырмыз. Бұл біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін, облыстың, еліміздің өркендеуі үшін қажет.
Атом электр станциясын салуға қарсылық танытушылар бар екенін білеміз, бірақ қолдаушылар да жеткілікті! Бізді де тыңдаса екен дейміз. Атом электр станцияларының пайдасы мен қауіпсіздігі туралы білгеннен кейін сіз де АЭС құрылысын құптап, осы петицияға дауыс беру арқылы қолдайды деп сенеміз.
Егер алдағы жылдары АЭС салуды қолға алмасақ, онда біз айтарлықтай энергия тапшылығына тап боламыз. Соның салдарынан – жылу мен жарық жиі сөніп, өндіріс тоқтап қалуы мүмкін, тіпті одан да басқа мәселелер туындайды. Бұған жол беруге болмайды!» делінген петицияда.
Қазақстанда АЭС құрылысын қолдауға шақырған халық петиция арқылы мәселеге биліктің назарын аудармақ. Демек, қарапайым жұрт та мәселенің түп-төркініне үңіліп, жете түсіне бастады деген сөз.
Ал билік тұрғындардың бұл әрекетін оң бағалап, жұмыстың бір парасын жеңілдеткеніне дән риза болатыны айтпаса да түсінікті.