Жаңа құрал 2023 жылы пилоттық режимде қолданылады
Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Ұлттық Банктің қаржылық тұрақтылық индексін әзірлеу жөніндегі жұмысының нәтижелері қаралды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
«ҚТИ – көптеген макроэкономикалық және қаржылық көрсеткішті қамтитын композиттік индекс. Бұл құрал 2023 жылы пилоттық режимде қаржылық стрессті сандық өлшеу және экономикадағы қаржылық ауытқуларды дұрыс түсіну үшін пайдаланылады», — деді мамандар.
Сонымен қатар, кеңес отырысында Қазақстанның Қаржы нарығын дамытудың басқа да өзекті мәселелері көтерілді. Атап айтқанда, есептеудің жетілдірілген әдіснамасы негізінде кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәнін қайта қарау мәселесі талқыланды. Бұл әдістеме халық үшін кепілсіз тұтынушылық кредит беру құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Кеңес жұмысына Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы, Президент Әкімшілігінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшылары қатысты.