Орталық банкте бұл көрсеткіш 2023 жылы 1,9 миллиард АҚШ долларына дейін төмендейді деп күтілуде, деп хабарлайды Arasha.kz.
Орта мерзімді кезеңде 2023 жылы ағымдағы шот профицитінің 1,9 млрд АҚШ долларына дейін қысқаруы күтіліп отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов мәлім етті.
Мамандар бағалауынша бұл көрсеткіш 2025 жылы 0,6 млрд АҚШ долларын құрайтынын атап өтті. Тауар экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 40%-ға жуық артып, 84,4 млрд долларды құрайды. Бұл ретте тауарлар экспортының жалпы көлемінің 55,3%-ы мұнай және газ конденсатының үлесіне тиесілі болмақ. Ол 15,6 млрд АҚШ долларына артып, 46,7 млрд АҚШ долларын құрайды деп күтілуде.
«Тау-кен өнеркәсібінде шетелдік инвесторлардың жоғары шоғырлануына байланысты шикізат бағасының өсуі тікелей шетелдік инвесторларға төлемдердің ұлғаюына әкеліп соқтырады, бұл табыс тапшылығын 11,7%-ға, 27,7 млрд долларға дейін арттырады», — деді А. Баймағамбетов.
Оның пікірінше, импорттық тауарларға деген тұрақты сұраныс оның көлемін 2022 жылы 17,6%-ға, яғни 48,9 млрд долларға дейін өсуін ынталандырады.