arasha.kz

«Ұлттық қор-балаларға» жобасы қуантты –Дос Көшім

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында мен күтпеген әрі таңғалдырған бір дүние болды. Ол – биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауының өтетіні. Парламент ауысқанын күткеніміз рас, бірақ бұл шешім мені таңғалдырды. Бұл туралы саясаттанушы Дос Көшім айтты.

«Жолдауда көңіліме қонған екі дүние айтылды. Біріншісі, 2024 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалардың есепшотына Ұлттық қордан ақша аударып отыру. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын», – дейді ол.

Президент «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді» дегенді айтты. Ойға қонымды шешім тәрізді. Өйткені бұл қор ұлттық мәртебеге ие болып, ел игілігіне қызмет етуі тиіс.

«Екіншісі, жалпы білім беру саласына басымдық беріп, гранттарды көбейту мен жатақхана жайын тілге тиек еткені. Кез келген жекеменшік оқу орнының жатақханасы болуы тиіс. Осы жағдайда ғана студенттерді мазалаған жатын орны дейтін мәселенің шешімін табатын боламыз», – деді Д. Көшім.

Сондай-ақ ол Президент алдағы уақытта екі нәрсеге ерекше назар аудару керек деп есептейді. Біріншіден, демократиялық құрылымдар, сол бағыттағы институттардың болуына. Екіншіден, ұлттық құндылықтардың жаңғыруына. Осыған көбірек басымдық берілсе, бағыт-бағдарымыз айқындала түсер еді, дейді саясаттанушы.

Exit mobile version