Қыркүйектегі Президент Жолдауы көктемдегі Жолдауының заңды жалғасы болды деп санаймын. Жыл басындағы Жолдауда саяси мәселелерге көп көңіл бөлінсе, бұл жолы елдің экономикалық-әлеуметтік бағыттарына басымдық берілді. Сондықтан да біз үшін екі Жолдаудың диалектикалық маңызы ерекше.
Біз әлі нарықтық қатынастарға толық көшіп болдық деп айта алмаймыз. Қазақстан 90-жылдары нарықтық қатынастарға көшті. Дей тұрғанмен, бізде жабайы капитализм орнағаны жасырын емес. Елде жекешелендіру жүргізілді. Бірақ бұл процесс бізде жабайы жүргенін жасырудың қажеті шамалы. Иә, белгілі бір дәрежеде елде қызмет көрсету саласы дамығаны рас. Бірақ тақыр жерден пайда болған қалталылар нақты секторға көңіл бөлген жоқ. Өйткені елімізде ірі зауыт, фабрикалар аз, ақшалы адамдар кәсіпорын ашумен айналысқан жоқ. Не болмаса, төрт аяғынан ақсап жатқан экономика нысандарына инвестор болудан саналы түрде бас тартты. Экономикаға жаны ашиды деген әлеуетті инвесторлардың өзі мұнайдың айналасын жағалаудан әрі аспай қалды.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тартуды ұсынды. Осы тезис маған ерекше ұнады. Өйткені экономикада бәсекелестікті дамыту, яғни, бәріне бірдей мүмкіндік беру – елді алға бастайтын жалғыз фактор. Мен мұны ұлттық табысты әділ бөлудің формуласы деп айтар едім.
Бізде де қазір экономиканың көп секторы мемлекеттің меншігінде. Мен айтар едім, біздің елдің көсегесі көгермей келе жатқанының ең басты кілтипаны осында жатыр. Экономиканың нақты секторы мемлекеттің жіті бақылауында. Мемлекеттік капитализм дегеніміз осы. Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан арылуды айтып отыр Жолдауында.
Әрине, байлық иесі мемлекет пен қоғам алдындағы азаматтық борышын терең сезінуі тиіс. Онсыз бұл механизм де нәтиже бермеуі мүмкін. Ол мемлекетке салығын таза төлеумен қатар бизнестегі әлеуметтік жауапкершілігін де толық мойнымен көтеріп отырғанда ғана мемлекет көтеріледі. Ол дегеніміз – инвестордың өз экономикасын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып отыруы. Бұл әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуда айқын көрінуі тиіс. Кез келген мықты мемлекет бұл деңгейге сол шағын және орта бизнесті дамыту арқылы қол жеткізеді. Ал мемлекеттің көтерілуі – оның азаматтарының көтерілуі.
Сөздің тоқетері, мемлекет нарықтық экономикаға араласпауы керек. Әрине, мемлекет табиғи монополистердің жұмысын реттеуі қажет. Мәселен, елде электр желісі мен темір жол саласында табиғи монополия орнағанын ел жақсы біледі. Олар бағаны негізсіз көтеріп жатса, іске билік араласқаны абзал. Ал жалпы экономикаға мемлекет кіріспеуі қажет. Әсіресе, шағын және орта бизнеске. Президент осыны бір ауыз сөзбен ескертіп, күрделі мәселені айтты. Бұны адамдар түсінгені жөн. Мемлекет экономиканың нақты секторына инвесторлардың келуіне толық жағдай жасауы керек. Ол қиын емес. Құқықтық мемлекет орнатуы тиіс. Нарықтық қатынастардың барлық канондарына сай келетін заңдар қабылдау керек. Мемлекет осы жағдайды жасаса, экономика алға жылжитыны даусыз. Сол кезде адал бәсекелестік орнайды. Сол кезде макроэкономикалық тұрақтылыққа табан тірейміз.
Публицист-жазушы
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ