14-04-23 |
4830 рет қаралған
Вейп – жаман әдеттен арылудың тиімсіз жолы.
Вейп – жаман әдеттен арылудың тиімсіз жолы

Қазіргі таңда, жастардың электронды темекіге еліктеуі артып отыр. Түрлі білім орталықтарындағы жасөспірімдер осы құрылғыны пайдаланып, денсаулықтарын құртуда. Зиянды нәрсені қолданудың басты себебі – мың рет естігенше, бір рет көрген дұрыс болып отыр. Өкініштісі вейп әлем бойынша жарнама арқылы таралып үлгерді. Жастар қазір түрлі ортада жан- жақты болып жүреді. Яғни, кейбірі санасына қарай жақсы ортада қалыптасса, басқалары шегетін, ішетін, дөрекі сөйлейтін қауымға сіңіп кетеді. Жасөспірімдер үшін ата-ананың, ұстаздардың ақылынан гөрі, өзімен жасты балалардың пікірі маңызды екенін көптеген психологтар растайды. Осы жаста балалар көптен қалмай, топтан бөлінбеуге тырысады.

Жақсыны үйрену қиын, ал жаманды оңай меңгеріп алуға болады. Дегенмен, жаман нәрсеге еліктеймін деп, денсаулықты қалай құртып алғанымызды байқамай қаламыз. Жастайынан бала жамандыққа бағытталса, өскенде денінің сау болатынын ешбір ғалым дәлелдемеген. Шынымен де, бұл құрылғының адам денсаулғына тигізетін кері әсері зор. Дүкендерде вейп түрлі дәмдермен сатылып жатады. Осыған балалар қызығып, алданып қалады. Ал ересек адамдар болса, темекіден арылу үшін вейпті қолданады. Өйткені, электронды темекіні қолданушылар арасында бұл құрылғы әдеттегі темекіге қарағанда зияны жоқ деген қате түсінік қалыптасты. Бірақ, зерттеушілер электронды шылымды тартқан сайын, темекі шегуді аңсай түсетінін зерттеген болатын. Вейп – жаман әдеттен арылудың тиімсіз жолы.

Алайда, дене бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін бұл зат қауіпті болып есептеледі. Ғалымдар оның құрамында формальдегид атты химиялық заттың бар екенін дәлелдеді. Бұл қосылыстар кейін бауырға жиналып, аурулардың пайда болуына себепкер болады. Және ол тек вейпті қолданып жатқан адамға ғана емес, сонымен қатар жанында отырған кісіге де аллергия тудырады. Шылымның денсаулыққа әсерін зерттейтін Лондондағы орталықтың маманы Аманда Сэнфорд электронды темекінің құрамында никотин бар екенін айтты. Бірақ, вейп қорапшасының сыртында никотин мөлшері жазылса да, құрамында никотиннің жоғары болатыны анықталған. Және де түтінсіз темекіні шығару үшін тағы қандай қосылыстарды қосқаны белгісіз. Сондықтан да, вейптің зияны ұшан теңіз. Одан шыққан будың құрамында не бар екенін біле бермейміз. Сол себептен, көрінген нәрсені қолданғанша, болашақты уайымдап, денсаулықты күткен жөн. Біз организмімізге немқұрайлықпен қарағандықтан, өз өмірімізді өзіміз қысқартамыз. Денсаулық деген – мәңгі емес. Ол да күндердің күнінде қолдау мен көмекке зәру болады. Адам өз денсаулығын күтпесе, басқалар мүлдем көмектесе алмайды. Вейпті кісілер дүкеннен ақшаға сатып алады. Алайда, денсаулыққа қауіп төнгенде, ақшамен оны қайтарып алу мүмкіндігі өте төмен. Ақша денсаулықтың қасында ешқандай рөл сомдамайды. Сол үшін денсаулық әрдайым басты байлық болып қалады. Томас Фуллер айтып кеткендей «дертке шалдыққанша денсаулықтың қадірін ешкім білмейді». Бірақ бұл кез тым кеш болып қалуы мүмкін ғой. Дерт көп – денсаулық болса біреу ғана. Қаншама ауруға денсаулықтың төтеп беруі мүмкін емес. Ішіп, жеп жатқан тағамға мән беріп, денсаулықты ойлау керек. Шетелдік ойшыл Гераклит «ақымақ не жесе де, тамсана береді» деп жазған болатын. Аңғалдықпен, алданып қалмай, өз денсаулығымызды өзіміз қадірлеу керекпіз. Көптеген ғұламалар ұрпаққа ақыл айту ретінде өздерінің мағыналы, нақыл сөздерін қалдырған. Солардың бірі – «темекі – тәнді зақымдайды, ақыл – ойды күйзелтеді» – деп Оноро де Бальзак жастарға өсиет айтты.

Сондықтан әрбір нәрсеге сене бермей, өзіндік дұрыс ой – түсінік қалыптастыру қажет. Жасөспірімдер үлкенді тыңдаса жаман болмайтыны анық. Олар болса денсаулықты күтіңдер деп кеңес беріп жатады. Вейпті көбіне жасөспірімдер мен жастар қолданады. Ал біздің келешегіміз әлі алдыда. Болашақ тек денсаулығың жақсы болған кезде ғана жарқын. Келешектің кемел болуы үшін, деннің сау болуы маңызды. Арақ ішіп, темекі шеккен – денсаулықтың түбіне жетеді. Жаманға ермей, ақылды, сау ұрпақ болуға тиіспіз.

Бірғаным Ахметова

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.