Абилов дәлелсіз, жала жапты. Заңгер Абзал Құспан қоғам белсендісі Болат Абиловты неліктен сотқа бергенін мәлімдеді. Заңгердің жазған мәлімдемесін қаз қалпында беруді жөн көрдік.
Кей азаматтар жекеме шығып, ал номерімді білетіндер ватсап арқылы «Булат Абиловқа қатысты сот не болды» – деп сұрауда. Бұған, осы кезге дейін сериялы түрде посттар жариялап келе жатып, кілт үзіп тастағаным да әсер етсе керек. Оған себеп – президент өз Жолдауында биыл мерзімінен бұрын сайлау болатынын айтып, барлығының назары сол жаққа ауып кеткесін, құйысқанға қыстырылғандай болмайын деп ойлағам. Сөйтсем Абилов тақырыбы көпшілікке әлі қызық екен.
Сондықтан, көп созбай қысқа-нұсқа, ешқандай эмоциясыз, мейлінше толық ақпарат бере кетейінде, доғарайын.
Сонымен, мен не үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болдым? Назарларыңызға екі видеодан үзінді ұсынамын. Біріншісінде Абилов интервью беріп отырып, мені және Аманат комиссиясын көрінеу қаралайды, яғни жала жабады.
Әуелі, жүргізушінің сұрағына орай «Абзал Құспан және Айман Умарова Биліктің, Үкіметтің қызыл адвокаттары» – деп алады да, оған дәлел ретінде мына сөздерді айтады (сөзбе-сөз);
«Оның айтқан сөзі, камераға айтқан сөзі, Қосайдың ол ауруханада жатқанда, ауруханаға полиция келіп, оларды түрмеге алып келді, анау жерге тастап ұрды, соқты, пытканы жасады да, сол қаңтар айында дала суық қой, терезе сындырған ашық, 15 адам, камера 5 адамға, жерде жатыр. Сол күнде (!) есік ашылып адвокат тұр – Абзал Құспан. Мен сондай адаммын, міне прокурор қасымда, полиция қасымда қандай жалоба. Біз бәрін айттық, бетіне айттық, Абзалдың бетіне. Ол жазды бірдеңе, есік жабылды, бітті! Ештеме өзгерген жоқ! Пытка, жерде жатыр, тамақ бермейді, су бермейді. Міні бұл не?».
Мына сөздерді тыңдаған адам бізді, яғни комиссияны адамдарды ұрып жатқан сәтте камераға келіп, ешқандай көмек көрсетпестен кетіп қалды және біз кеткеннен кейінде азаптау жалғасқан деп тура түсінеді, солай ғой?
Ал енді, екінші видеода сол Абилов сілтеме жасаған «Қаңтар» қорының ұйымдастырған пресс-конференциясында Қосай Маханбаевтың айтқаны, оған сәйкес; ұрып соғу 8 қаңтарда орын алған, 3 күн бойы, яғни 11 қаңтарға дейін ас-су бермеген, 15 қаңтарға дейін салқын жерде жатқан, ал мен бастаған комиссия 25 қаңтарда кіргенбіз. Сол кезде ол осы жағдайдың бәрін бізге айтқан.
Бірақ, көпшілікке таратқан ақпаратында Булат Абилов бізді тек қана «биліктің адамы», «қызыл адвокат» деп айтқаны үшін сотқа берді деп көрсетті. Шындығында сотқа жүгінуіміздің ең негізгі себебі Қосай айтты деп бізді ел алдында қаралауы болатын және ол тек менің емес, бүкіл комиссиямызға жабылған жала еді.
Өткен аптада Алматы қалалық сотында Абиловтың сот Қаулысына шағымы қаралды. Ең қызығы, Бөкең өз сөздерінің дәлелі ретінде осы мен жалғаған Қосайдың видеосын жалғапты!
Біз өз кезегімізде Қосай Маханбаевтың айтқандарын толық растаймыз, ол туралы бірінші сатыдағы сотта да, кешегі апелляциялық алқаға да айттық. Және Қосайдың мәлімдемесінен кейін, араға 5 күн салып, ҚР Бас Прокурорына қорлау фактілері бойынша хатта жолдадық. Қорлау фактілері туралы хатымызда бірінші болып сол Қосайдың айтқандарына сілтеме жасадық. Бас Прокурор тарапынан қорлау фактісімен қылмыстық іс қозғалғаны туралы жауап келді. Осының бәрі сотқа біздің тарапымыздан дәлел ретінде ұсынылды. Нәтижесінде, әкімшілік сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды, шешім күшіне енді.
Бірақ, Булат Абилов осының бәрін көре-біле тұра, өз сөзінен бас тартпайтынын айтып, біздің комиссияның дәл сол тұтқындарды ұрып-соғып, қорлап жатқан сәтін дәлелдеймін деп табандап тұрып алды. Дәлел ұсына алмай сот тарапынан айыппұл салынса «билік оппозицияға қысым жасауда» -деп ойбайлайды. Егер ол «Қосайдың айтқандарын қате түсініппін» – деп, өз айтқанынан бас тартса ештеңе де болмас еді. Тіпті бізге оның кешірім сұрағаны да маңызды емес еді, Данеш Байболатовпен қалай келіссем, онымен де солай келісе салатын шаруа болатын.
Қысқаша осы.
Осы іс бойынша сұрақтарыңыз болып жатса, мархабат!