19 наурызда Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайланады – бұл сайлау өткен жылы президент сайлауымен басталған сайлау циклін аяқтайды. Дауыс беру өткен жылы қабылданған Конституцияға өзгерістер енгізуді көздейтін жаңа ереже бойынша өтеді. Баспасөз мәслихатына «Әділ сайлау үшін» қалалық штабының жетекшісі Бауыржан Мақұлбаев пен Алматы қаласы заң кеңесшілері палатасының мүшесі Бауыржан Байтағұров қатысып, сайлау процесінің рәсімдік ерекшеліктеріне тоқталып, баршаны үгіт-насихат науқаны кезінде заңды бұзбауға шақырды.
Алдағы сайлауда Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Аралас сайлау жүйесі бойынша 50/50 қатынасы бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайланады. Ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда азаматтар бір мандатты округтердегі кандидаттарға ғана дауыс береді.
Саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер өз кандидаттарын ұсынды, өзін-өзі ұсынғандар кандидат болды. Егер бұрын Қазақстанда пропорционалды сайлау жүйесі болса: партиялық тізімдер бойынша парламенттік сайлауға тек саяси партиялардың өкілдері ғана қатыса алатын. Ал бүгінгі таңда сайлаушылар жеке кандидатқа дауыс бере алады.
«Әділ сайлау үшін» қалалық штабының жетекшісі Бауыржан Мақұлбаев олардың негізгі міндеті заңдарды түсіндіру, құқықтық көмек көрсету, кеңес беру екенін атап өтті. Заңгерлер бейтарап позиция ұстана отырып халықты толық ақпаратпен қамтамасыз етеді. Алматыда барлығы 16 заң кеңесшілері палатасы жұмыс істейді, әзірге кандидаттардың ешқайсысы құқықтық көмекке жүгінген жоқ.
«Бүгінге дейін біз алматылық кәсіпорындардың ірі ұжымдарымен 30-ға жуық кездесу өткіздік. Қолданыстағы сайлау заңнамасының нормаларын түсіндіреміз. Біз әрбір адам өз құқықтары мен міндеттерін білгенін қалаймыз, бұл сайлаудың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Біз ешкімді үгіттеп, ешкімді ұсынбаймыз, заң нормаларын түсіндіреміз», – деді Б.Мақұлбаев.
Қорытындылай келе, Алматы қаласы заң кеңесшілері палатасының мүшесі Бауыржан Байтағұров сайлау үдерісіндегі байқаушылардың құқықтары мен міндеттеріне тоқталды.
«Байқаушылар сайлау заңнамасына сәйкес әрекет етуге міндетті, олардың сайлау қызметіне араласуға құқығы жоқ. Олар сырттан бақылайды, егер заң бұзушылықтар болса, онда оларды тіркеу қажет», – деді Б.Байтағұров.
Сондай-ақ, тіркеу мерзімі аяқталған сәттен бастап үгіт аяқталғанға дейін кандидаттардың, партиялық тізімді ұсынған саяси партиялардың үгіт жүргізуге және өзінің сайлауалды бағдарламасын насихаттауға құқығы бар екені айтылды.
Жиын қорытындысында заңгерлер сыртқы жарнамамен айналысатын компанияларды, БАҚ өкілдерін, блогерлер мен әлеуметтік желілердегі паблик иелерін үгіт жүргізу жұмыстары үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктер беруге шақырды.
Ал кандидаттар болса, өз кезектерінде өздерінің сайлауалды бағдарламаларында заң талаптарын бұзбай, бөтеннің ар-намысын қорламай, үгіт-насихат жүргізудің заңсыз әдістерін қолданбаулары керек.