arasha.kz

Заңсыз шығарылған активтер мемлекетке қайтарылады

«Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты». Тоқаевтың бүгінгі жиында депутаттарға айтқан мына сөзін әр депутат өз кабинетінің маңдайшасына жазып қоюы керек деп ойлаймын. Бұл туралы журналист Ержан Жаубай фейсбуктегі парақшасына жазды.

Елімізде заң шығарушы орган ретінде қызмет атқаратын Мәжілістің жұмысы қаншалықты жауапкершілік арқалайтынын осы сөйлемнен-ақ бағамдауға болады, деп жазды ол.

«Бүгінгі жиында да біраз мәселе айтылды: Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдері сайланады. Алғаш рет оппозициялық партия Парламентке өтті. Бұл ауқымды саяси реформаның жемісі. «Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті». Мемлекет басшысы осы мәселені шешуді тапсырды», – дейді ол.

Оның айтуынша, Парламент жуық арада заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі заңды қабылдау қажеттігі айтылған. Бұл өткендегі 162 адамға қатысты болуы мүмкін.
Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған азаматтардың жәрдемақысы 1 қыркүйектен бастап 14,5%-ға көбейеді. Президент халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе екенін айтты.
«Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» – деді Тоқаев.

Бұған дейін де бірнеше рет айтылған қазба байлыққа ғана арқа сүйеп, қамсыз отыратын заман келмеске кеткенін тағы еске салды.

Мұнан бөлек білім, денсаулық, әлеуметтік салаларға қатысты нақты мәселелер айтылды.
«Бізге орасан зор жауапкершілік жүктелген. Бұл – өткен тарихтың және болашақтың алдындағы жауапкершілік. Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты. Еліміздің мақсаты – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру» – Бүгінгі жиынның тоқ етері осы!», -деп жазды журналист.

Exit mobile version