Тосын ойлар айтатын әйгілі математик Асқар Жұмаділдаев ағамыздың кезекті пікірлері әлеуметтік желіде таралып жүр екен. Бізде кей пікірлеріне жеке көзқарасымызды білдіргенді жөн көрдік.
Ағамыз “Қазақтың сөзі мен ісінің арасы мың шақырым” – депті. Өте дұрыс. Өз-өзімізге берген уәдемізді орындамайтынымыз шындық, Әсіресе биліктің. Үкіметтің шүйіншілеген жобалары уақытына жеткенде жүзеге аспай далада қалғаны әшкереленіп жатады. Басқасын айтпағанда, әлгі 2020 жылы Қазақстан халқының тоқсан пайызы мемлекеттік тілде сөйлейді деген уәдесі қайда?
“Қазақта бөспелік көп. Тілім бай, тарихым терең деген бөспеліктер жетеді”. Әрине біз өткенімізбен мақтанамыз. Евразия даласын ат тұяғымен тоздырғанымыз әлемге аян. Бірақ, көршіміз сияқты “Великий народ”-пыз, “Алып держава болғамыз” деп ешкімге тіземізді батырмадық.
“Поэзияны бәрі жақсы көреді. Құмартады. Себебі ол оңай. Математика қиын. Бас керек”. Онда Новел өзінің атында сыилық тағайындауды өсиет еткенде жаратылыстық ғылымдармен қатар ақын жазушыларды марапаттауды ұсынған? Неге Матеметиктерге жүлде бермеуді табыстаған?
“Қоғамда реализм жетіспейді. Қиял көп”. Айдай ақиқат. Біз Кеңес заманындағыдай ертегімен өмір сүріп келеміз. Кеңес заманындағы бес жылдық, он жылдық жоспарлардың орнын “Қазақстан 2030”, “Қазақстан 2050” межелері стратегиясы, Коммунизмнің орнын мәңгілік ел болу мұраты басқан. “Жастардың көбі қияли.романтик. Бірақ 4-5 дипломмен жұмыссыз жүр. Нәтиже әңгімеде”. Бүгінге бағытталған нақты іс-қимылы жоқ, ылғи да жарқын болашаққа арналған жоспар құратын билігі бар елдің жастары қиял қуып, мәңгірмей қайтсын.
Математик ағамыздың қайталаудан жалықпайтын басты ұсынысы: “Қазақ технократтық ұлтқа айлану керек”. Бірақ қайтып, қалай? Дүние жүзілік екінші соғыста ойсырай жеңілген Жапония үкіметі жетім қалған балаларды арнаулы орталыққа жинап, ас-сумен қамдап, техникаға баулыған екен. Біздің шенеуніктерде білім капиталы деген ұғым бар ма? Тәуелсіздік алғалы қанша министр ауысты? Солардың қайсысы ғалым ағамызша ойлай алды? Мәжіліс депудаттарының дерегінше Қазақстандағы миллионға жуық бала табысы төмен отбасында өсіп кедеді екен. Бюджет ақшасы Балалардың қамынан гөрі қылмыскерлердің ас-ауқатына көп бөлінеді екен. Мына түрімізбен математик ағамыз армандаған технология шығаратын күнге қашан жетеміз? Қорыта келгенде ғалым ағамыз сыни пікірлерін халқымызды тұқырту үшін емес, жанашырлықпен айтқаны белгілі. Ала бөтен ойлары басқарушы билікке де жетіп, жаңа бағытта жұмыс істеуге түрткі болар деп үміттенеміз.
Есбол Үсенұлы