12-12-22 |
2250 рет қаралған
«Жылағым келді»: Ақтөбеде облысында мұғалім ер баланың шашынан тартып, бантик тақты.
«Жылағым келді»: Ақтөбеде облысында мұғалім ер баланың шашынан тартып, бантик тақты

Ауыл мектебінде болған жағдайдан кейін орыс тілі пәнінің мұғалімі өз еркімен жұмыстан шыққан. Оқиға 7 желтоқсан күні Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты ауылдардың біріндегі мектепте тіркелді. Бұл туралы ауыл тұрғыны әрі қоғам белсендісі Ардақ Құбашева желідегі парақшасында жариялады. Онда ер баланың шашын тақтаға жақындатып ұстап тұрған мұғалімді көруге болады.

«Мұғалім 8 сынып оқушысының шашынан тартты. Қыз балаға тиесілі бантикті ер балаға тағып, мазақ қылуға сіздің қандай құқығыңыз бар? Арланған бала іштей күйзеліске түсіп, зартап шегуде. Оқушылардан естіп, шошып отырмын»,- деп жазды ауыл тұрғыны Ардақ Құбашева Facebook парақшасында.

Оқиғаны оқушының анасы баяндап берді.

«Балам бұрын орыс тілі сабағынан жақсы болатын. Мұғалімі ауысқаннан кейін бұл сабаққа барғысы келмей қалды. Апайының ұрыса беретінін айтты. «Ештеңе етпейді, апайыңмен достасып ал» деп аса мән бермедік. Өткен аптада балам орыс тілі сабағына енді қатыспайтынын айтты. «Маған апайдың не істегенін білесің бе? Балалардың көзінше шашымнан тартып, бантик тақты. Маған бәрі күлді. Жылағым келді…» деді. Үндей алмай қалдым. Мектепке барып жағдайды айттым. Ер баланың басына бантик тағу қайдан шыққан? Балам тентек емес. Апайының айтуынша, сабақ кезінде бала шашын қайта-қайта ұстап отырған. «Жасөспірім бала ғой» дегенімде апайы кешірім сұрап, үндемеді. Үйге келгенімде танысымнан сабақ кезіндегі видео келді. Оны көргенде аяқ-қолым дірілдеп кетті. Ондай сұмдық болды деп ойламаппын. Тақтаның алдында баланың шашын күштеп тартып тұрған, бантик таққан видеосы бар. Суретте де баланың шашын тартып, тақтаға жақындатып тұрғаны көрінеді. Ол кісі әрі қарай мұғалім болмай-ақ қойсын»,-дейді оқушының анасы.

Кішкентай ғана ауылда болған жағдайдан кейін анасы мектеп басшысына шағым жазып, мұғалімді жұмыстан шығаруды сұраған. Оқушы қазір сабағына барып жүр.

Жағдайды Ақтөбе облыстық білім басқармасының мамандары растады. Үш жылдық еңбек өтілі бар жас мұғалім өз еркімен жұмыстан шыққан.

«Оқиға 7 желтоқсан күні болды. Үш жыл еңбек өтілі бар орыс тілі пәнінің мұғалімі мен оқушы арасында келеңсіз жағдай орын алған. Мәселе белгілі болғаннан кейін ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды. Балалардың тәртібі, мұғалім мәселесі қаралды. Аудандық білім бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілді. 9 желтоқсан күні пән мұғалімі өз еркімен жұмыстан шыққан», – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.