28-04-22 |
«Созылмалы саяси сауда Назарбаев өмірден өткен күні аяқталады».
«Созылмалы саяси сауда Назарбаев өмірден өткен күні аяқталады»

Экс-президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан Тәуелсіздігінің негізін қалаушы» болып конституцияға енетін өзгерістерге енуі қоғамда наразылық туғызып, талқыланып жатыр. Бұл – қазіргі билік пен экс-президенттің арасында саяси сауда әлі жүріп жатқанын аңдатқандай. Белгілі саясаткер Әміржан Қосановқа arasha конституцияға енгелі отырған өзгерістерге қатысты бірнеше сауал қойған еді.

arasha: Назарбаевтың екінші рет ел алдына шығуы, КТК арнасының акциясын алуы, Конституцияға Қазақстанның негізін қалаған адам ретінде енгелі отырғаны – осының бәрі саяси сауданың әлі де жалғасып жатқанын көрсете ме? Бұл сауда қалай аяқталуы мүмкін?

Ә.Қосанов: Біз 2019 жылы Назарбаев пен Тоқаевтың арасында нендей уағдаластық болғанын білмейміз ғой. Бірақ, ондай екеуара келісім болғаны сөзсіз. Сол кезде билік басына келгелі отырған екінші президент тұңғыш президентке белгілі бір кепілдіктер мен уәделер бергені айтпаса да түсінікті.

Егер де Қаңтар қанды қырғыны болмағанда, бәлкім, транзит кезеңі одан әрі созылып, «қос өкімет» моделі жалғаса берер ме еді, кім білсін.

Бірақ, Қаңтар елдегі саяси процестердің катализаторы болды, шешімі бірнеше жылға созылуы мүмкін таңдауларды мейлінше жеделдетіп жіберді де, бұрын-соңды болмаған саяси катаклизмдер орын алды.

Меніңше, осыдан үш жыл бұрын ақылдасып, тоқайласып, ортақ шешімге келген Назарбаев пен Тоқаев жағдайдың дәл осылай күрт өзгере салатынын білген де жоқ.

Сондықтан да бүгінде о бастағы келісімдерге асығыс әрі бір-бірімен келісе қоймаған түзетулер енгізіп жатқан сияқты.

Оның өзі Сіз айтып отырған саяси сауда әлі де жалғасып, көрігі қызып жатыр деген сөз.

Сол созылмалы саяси сауда Назарбаев өмірден өткен күні аяқталады.

Әзірше, субъективті тұрғыдан Назарбаев Тоқаевтың толыққанды дербес шешім қабылдауына кедергі боп отыр. Онысы президенттің басты шешімдерінен, қимыл-әрекетінен, керек десеңіз, айтқан сөздері мен интонациясынан ап-анық сезіледі.

arasha: Тоқаев тәуелсіз кандидатпен сайлауға түсуге дайын адам ба?

Ә.Қосанов: Оны уақыт және Тоқаевтың өз таңдауы, алдағы сайлауға дейінгі қызметі, соның арқасында жиған-терген абыройы мен беделі және оған қарсы шығар оппозицияның ауызбіршілігі көрсетеді. Егер де оппозициялық күштер өз ортасынан бірегей кандидат ұсынуға жарамай, өткен сайлауда мені түтіп жеп қойғандай арам тірлік танытса, онда билік кандидаты (ол Тоқаев бола ма, басқа біреу бола ма, білмедім) ырду-дырду болған ортаның өкілін оп-оңай жеңе алады.

arasha: Конституцияға енгелі отырған өзгерістер бойынша референдум өтуі керек пе?

Ә.Қосанов: Біріншіден, жұмысшы топ ұсынып отырған өзгерістердің әлі де бір қайнауы ішінде. Оларды толыққанды реформалық сипаты бар түбегейлі өзгерістер деп атауға ауыз бармайды екен.

Иә, біршама алға жылжушылық бар, оны мойындау керек. Бірақ, ол түзетулерді оқысаңыз, құбыжық саяси жүйені сылап-сипап қойғандай ғана әсер қалдырады.

Екіншіден, Ата Заңды референдум арқылы өзгертудің жөні бөлек, саяси салмағы ауыр. Өйткені, бүкіл халық боп қабылданған бапты кейін, уақыт өте, өзгерту дәл сондай плебисцитті қажет етеді. Сондықтан да референдумға жүгінердің алдында жеті рет пішіп, бір рет кесу керек. Өз басым ұсынылып отырған өзгерістердің референдум деңгейінде екенінде үлкен күмәнім бар.

Меніңше, бізге құрамында мемлекеттің органдар, тәуелсіз орталықтар, оппозициялық күштер мен азаматтық қоғамның беделді өкілдері бар Конституциялық жиын керек. Келісіп пішкен тон келте болмас. Және де ондай демократиялық жолмен әзірленген ұсыныстарды қалың көпшілік те ешбір жасандылықсыз, шын ниетімен қолдар еді.

arasha: Конституциялық кеңес – конституциялық сот болып өзгереді. Не өзгереді, Сіздің ше?

Ә.Қосанов: Ұсынылып отырған түзетулерді мұқият қарап шықтым. Онда Конституциялық кеңестің аты «сот» болып өзгеретіні ғана айтылған. Оның өкілеттігі мен мәртебесінің өзгеруіне қатысты сөздер таба алмадым. Ол үшін арнайы Конституциялық заңға тиісті өзгерістер енгізілуі керек болар. Сонда көре жатармыз, ол кеңестің қандай сотқа қалай айналатынын…

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.