Алматыда мектеп оқушылары арасында волейболдан қалалық жарыс өтті. Сайысқа «Алматы көлік және коммуникациялар колледжі» МКҚК оқу орнының 1 курс студенттері мен Алматы қаласы мектептерінің 9-сынып оқушылары қатысты.
Алматы көлік және коммуникациялар колледжі ұйымдастырған шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында бұқаралық спортты дамыту.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Алматы көлік және коммуникациялар колледжі директорының міндетін атқарушы Ербол Мағазов: «Бұл жарыс Алматы қалалық білім басқармасы мен техника және кәсіптік колледждер арасындағы белгіленген жоспар деңгейінде өткізіліп отыр. Негізгі бағыты – жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту. Екіншіден, мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру. Балалардың деңгейі өте жақсы, өте биік. Жеткіншектердің спортқа деген ынтасын көріп тәнті болып отырмыз», – деп атап өтті.
Сайыста 9 команда өнер көрсетіп, барылығы 150-ге жуық оқушы жиналды. Бәрі әр ауданнан ірктеліп келген команда.
Жарыс қорытындысы бойынша Бостандық ауданынан келген құрама команда бірінші орын иеленді. Наурызбай ауданының еншісіне екінші орын бұйырса, үздік үштікті Әуезов ауданы қорытындылады.
Жеңімпаз және жүлдегер командалар кубок, алғыс хат және естелік сыйлықтармен марапатталды.