2025 жылғы 24-30 маусым аралығында Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында тоғызқұмалақтан алғашқы халықаралық турнир өтуде. Жарысқа Оңтүстік Корея, Моңғолия, Үндістан және Қазақстан елдерінен ерлер мен әйелдер командалары қатысуда. Турнирдің мақсаты – тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде насихаттап, елдер арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайту.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Алмасбекұлы Арыстанов, тоғызқұмалақтан Қазақстан федерациясының президенті Әкім Тұрсын, Монголия тоғызқұмалақ федерациясының президенті Нұрбек Жырғаул сондай-ақ Корея тоғызқұмалақ федерациясының президенті Doh Hun Bae қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, турнирдің маңыздылығын атап өтті.

Жарыс аясында классикалық форматта ойындар өтіп, шеберлік сабақтары мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылуда. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Дархан Ануарбеков , Ринат Керейбаев, Аяна Исахан, Гульнара Базаралиева, бас жаттықтырушы Айнур Жакапбаева ұлттық ойынды насихаттауға өз үлесін қосуда.
Турнирге ҚР Ұлттық құрамасының іссапарына Туризм және спорт министрлігі, «Самұрық-Қазына» қоры және Спортты қолдау қоры демеушілік көрсетуде. Бұл турнир тоғызқұмалақтың әлемдік деңгейде дамуына серпін бермек.