Орта салмақта WBO және IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11КО) Астанада өтіп жатқан «Battle of the Brave» бокс кешінің басты жекпе-жегінде өнер көрсетті.
12 раундқа жоспарланған айқаста отандасымыз франциялық Анауэль Нгамиссингемен (14-0, 9 КО) жұдырықтасты.
Бесінші раундта франциялық боксшы Жәнібектің ауыр соққысынан шалқалай құлады. Төреші есеп ашып, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтатты.
Мемлекет басшысы кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерін сәтті қорғауымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының жоғары деңгейдегі шеберлігі мен табандылығы, туған жерімізде ел намысын абыроймен қорғауы баршамыз үшін зор мақтаныш екенін атап өтті.
Президент Жәнібектің бұдан да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдірді.