Боксшы Фируза Шарипова Тоқаевтан өзін Ресейге жіберуін сұрады.
Қазақстандық боксшы Фируза Шарипова Қазақстан билігінен өзін Ресейге баруға көмектесуін сұрап ашық хат жолдады.
Спортшы ашық хатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіден өзін Ресейде өтетін байқауға жіберуге көмек сұраған.
«Менің мансабым мен Қазақстанның атағы үшін өте маңызды Ресейде өтетін сайысқа дайындалуға және қатысуға мүмкіндігім жоқ. Сондықтан сіздерден жақын арада Ресейге барып, толыққанды дайындық өткізіп, әлем чемпионы атағына лайықты өнер көрсетуіме көмек сұрап отырмын», — деп жазды Шарипова.
Қазақстандық спортшы 19 шілдеде Қазан қаласында IBA нұсқасы бойынша чемпиондыққа таласқа түспек. Оның қарсыласы ресейлік София Очигава болуы керек, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты әзірге шекара жабық. Сондықтан да Шарипованың уақытында Ресейге бара алмауының салдарынан Очигава басқа спортшымен жекпежекке шықпақ.