Ұлттық Олимпиадалық комитетінің спорттағы допингпен күрес мәселесіне арналған кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыста антидопинг мәселелері талқыланды. Оның ішінде, тыйым салынған дәрі-дәрмектерді қолдануға түбегейлі қарсылық таныту бағытына басымдық берілді.
Атап өтілгендей, ҰОК таза күресте жеңіске жету қағидатын ұстануды жалғастырады. Жиналғандар сондай-ақ «таза» спортшыларды қорғау мәселесін көтерді. Бұл Олимпиада қарсаңында әсіресе өзекті.
«Осыған орай, лауазымды тұлғалар мен спортшылар өз жұмыстарын атқару барысында негізгі қағидалардың барлығын ұстануы керек. Қазақстан спорты тек «таза» жеңістердің арқасында дамуды көздейді», – делінген Оlympic.kz сайтында жарияланған ақпаратта.
Бұдан бөлек, Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта допинг қолданған спортшыдан халықаралық деңгейдегі жеңістері үшін берілген сыйақыларды, баспананы және басқа да жүлделерді қайтарып алуды көздейтін заң жобасы әзірлену үстінде.
Жиынға ҰОК басшылығы, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, қазақстандық допингке қарсы орталық директоры Майра Бақашева, ұлттық құрама команда басшылары, федерациялардың допинг бойынша жауапты тұлғалары және штаттағы дәрігерлер қатысты.
Дереккөз: ҚазАқпарат