Белгілі заңгер және қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өз парақшасында Шымкент қаласының спорт басқармасы мен әкімдікке қатысты өткір сұрақтар көтерді. Оның айтуынша, спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков «Ордабасы» командасының легионерлеріне арналған деп 1 миллиардтан астам қаражат сұратқан. Бұл соманың қажеттілігі мен оның негізділігі жөнінде қоғамда түсінбеушілік туындауда.
Сондай-ақ, жыл соңына екі ай қалғанда тағы 1 миллиардтан астам қаражат сұрату қаншалықты орынды? Айгүл Орынбектің айтуынша, мұндай сомаларды бір көзден беру қаншалықты заңды? Жыл басында «Ордабасыға» бөлінген 5 миллиард теңге қайда жұмсалды? Шымкент қаласы әкімдігі осы сұрақтарға жауап беруге тиіс.
Айгүл Орынбек Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетін осы мәселеге назар аударып, тексеру жүргізуге шақырды. Сонымен қатар, ол Президенттің тапсырмаларын орындамай отырған басшыларға да жедел тексеріс қажет екенін айтты.
Бұл жағдай қоғамның қаржылық есептілік пен ашықтыққа деген сұранысын айқындап отыр. Орынсыз жұмсалған қаражат — халықтың сеніміне сызат түсіреді. Шымкент билігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, қаражаттың қайда және қандай мақсатта жұмсалғанын ашық жариялауы керек.
Айгүл Орынбек осы ақпаратты шығарған күні кешке оны полиция ұстады делінген ақпарат тарады. Іле-шала Шымкент қаласы полиция департаменті ол ақпаратты жоққа шығарды. Кейін Айгүл Орынбектің өзі де бұл ақпаратты терістеді.