25-08-21 |
1730 рет қаралған
Сыйақыдан қағылған зілтемірші араша сұрады.
Сыйақыдан қағылған зілтемірші араша сұрады

Қазақстандық зілтемірші Денис Ұланов бес жылдан бері  өзіне берілуі тиіс сыйақыны ала алмай жүр. Зілтеміршіге 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында 4-ші орын бұйырған. Алайда румыниялық спортшы допингпен ұсталғаннан кейін, Ұланов қола жүлдегер атанды. Соған сәйкес бүкіл марапатқа ие болуы керек еді. Бірақ cпортшы өзіне берілуі тиіс 45 мың долларды алмағанын айтты.

 

2016 жылы Рио-де-Жанейро олимпиадасында зілтемірші Денис Ұланов төртінші орынды иеленген болатын. Ал өзімен бірдей өнер көрсеткен румыниялық Габриель Синкарян салмақ жағынан алдын орап, қоланы қанжығасына байлаған еді. Артынша қанынан допинг анықталған оның барлық жүлдесі кері қайтарылған. Сөйтіп, 2018 жылы Ашхабадта өткен әлем чемпионатында ресми түрде 3-ші орын Дениске табысталды. Осылайша бастапқыда 30 мың доллар сыйақы алдым деген спортшы, қола үшін төленетін тағы 45 мың долларды талап етуде.

“2 жылдан соң маған 3-ші орын берілді. Сөйтіп, Ашхабадтағы әлем чемпионатында марапаттап, медаль тақты. Қола үшін 75 мың доллар тағайындалғанын естідім. Яғни үстіндегі қалған 45 мың доллар төленуі тиіс екен. Қаншама уақыт өтті. Барлығы 2020 жылы заңға өзгертулер енгізілгенін айтып,  бастарын алып қашуда”, – дейді ауыр атлетші Денис Ұланов. 

Қанша жыл өтсе де, мемлекет үстіндегі төлемақыны төлейтін құлық танытпаған. Енді спортшы соңына дейін баратынын айтып отыр. Өйткені шешім әлемдік деңгейде қабылданған. Қазір әділдікті талап еткен ол уақытша спорттан қол үзіп, заңгерлермен жұмыс істеп жатыр.

Мәдениет және спорт министрлігіне сауал жолдадық. Алайда Дениске үстіндегі төлем қарастырылмаған деген жауап алдық. Біз онымен келіспейміз. Өйткені нормативті-құқықтық актіге сәйкес төлемақы берілуі тиіс. Сондай-ақ ауыр атлетика федерациясына өтініш жібердік. Спорт және мәдениет министрлігіне қажетті барлық құжаттарды солар жіберулері керек”, – дейді спортшының адвокаты Данияр Киманов. 

Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің айтуынша, екі жыл бұрын «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға өзгертулер енгізілгеніне орай, бұған дейінгі жетістіктерге төленуі тиіс ақшалай марапаттар төленбейді.

2019 жылдың желтоқсанында спорт және дене шынықтыру туралы Қазақстан Республикасының заңына өзгерулер мен толықтырулар енгізілді. Яғни чемпиондар мен түрлі әлемдік додалардың жүлдегерлері мен жаттықтырушыларына бөлінетін сыйақы қайта қозғалған болатын. Ал ауыр атлетшіге қола 2018 жылы тапсырылды. Сол себепті заң қабылданғанға дейінгі дүниелер қарастырылмайды. Бірақ Денис Ұлановтың мәселесіне қатысты тағы да барлығы егжей-тегжейлі қаралатын болады. Яғни халықаралық комиссия қайта қарайды”, – дейді ол. 

Спортшы енді шенеуніктердің шешімін күтуі тиіс. Сондай-ақ соңғы уақыттары денсаулығы сыр берген ауыр атлет сыйақы бұйырса,  ақшаны денсаулығын қалпына келтіруге жұмсамақ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.