21-09-20 | 11:44
СҚО: Індет құс шаруашылығын тұралатып тастады.
СҚО: Індет құс шаруашылығын тұралатып тастады

Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы ірі кәсіпорындарға да жетті. Бескөл құс фабрикасында небәрі 1 тәуліктің ішінде 180 мың қанатты қырылып қалған. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса кәсіпорын мүлде жұмысын тоқтатуы мүмкін. Қыркүйектің басында фабрикада жұмыртқа табатын 320 мың тауық пен 6 мың қаз болған.
-Қазіргі уақытта жұмыртқа табатын тауықтардың тең жартысы ғана қалды. Бір кеште 180 мыңы қырылып қалды, тағы 40 мыңы әлсіреп әрең жүр. Қаздардың аналығы мүлде қалмады. Арам өлген құстарды өз күшімізбен жойып жатырмыз. Шұңқыр қазамыз, өртейміз. Індет таралмас үшін шұңқырларды балшықпен жабамыз, – деді Бескөл құс фабрикасының технологы Татьяна Костенко.
Маманның айтуынша, биыл фабрикадағы құстардың барлығына вакцина жасалмапты. Мемлекеттен субсидия алмайтын кәсіпорынның құстарға екпе жасатуға қаражаты болмаған. Құс тұмауына қарсы вакцинаның 1 мың екпесі шамамен 50 мың теңге тұрады.
-Көктемдегі жағдайымыз не болады? Құстардың біраз бөлігі аман қалса да оны жоюға тура келеді. Кәсіпорынның жұмысы мүлде тоқтап қалуы мүмкін. Бізге «үлкен трагедия» келді. Мұнда еңбек етіп нәпахасын тауып жүрген 170 адамның жағдайы енді не болады? – дейді Татьяна Костенко.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы тобы құс фабрикасының өкілдерімен кездесіп, мемлекет тарапынан қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын айтты.
-16 қыркүйекте сағат 21.00-де диагноз қойылды. 17 қыркүйекте шектеулер мен вакцинация жасау туралы шешім қабылданды. Ал, 19 қыркүйекте облысқа арнайы көлікпен вакция жеткізіліп, аудандарға таратылды. Өңірге өз елімізде өндірілген 873 мың екпе әкелінді, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.
Құстарынан айырылған жеке және заңды тұлғаларға өтемақы облыстық әкімшілікте құрылған арнайы комиссияның шешіміне сәйкес нарықтық баға бойынша төленеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk