21-01-21 |
Танымал заңгер Аймағамбетовтен академия президентінің әрекетін назарға алуды сұрады.
Танымал заңгер Аймағамбетовтен академия президентінің әрекетін назарға алуды сұрады

Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтың кеңсесіндегі қызыл кітапқа енген қар барысының терісі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Қайрат Қайруллаұлының қызыл кітапқа кірген аңды атқаны аздай, аңшылыққа академияның ақшасымен баратыны қызық болып тұр. Әрине 100 пайыз жекеменшік саналатын оқу орнының қаржылық мәселесіне «Бұ қалай?» деп айта алмаймыз. Алайда даудың артынан таудан мәселелер шығып жатқаны тегін емес.

Қайрат Закирьянов қар барысының терісін қайдан алғанын айтып, отандық БАҚ тілшісіне сұхбат берді. Өз сұхбатында президент арыстанды Оңтүстік Африкадан 30 мың АҚШ долларына атып, елге алып келгенін айтыпты. Алайда ол арыстанды атып алудың негізгі бағасы 70-80 мың АҚШ доллары тұратынын, өзара қарым қатынасқа байланысты «арзанға» түскенін ескертіпті.

«Оңтүстік Африканың мына еркек арыстанын үш жыл бұрын атқам. Министрлігінен арнайы рұқсатын алған соң, жергілікті екі жігіт жол көрсетті. 7 жасар арыстанды екі оқпен құлаттым. Бірінші оғым шабына, екінші оқ арыстанның маңдайына тиді. Терісін шынайы, тірі арыстан секілді сақтау үшін арнайы фабрикада бальзамдаттым. Аңшылыққа академияның ақшасына бардым, бұл аңдар менің меншігім емес. Осы оқу орнының мүлкі. Мына арыстанды атып әкелуге отыз мың доллардай кетті, негізі 70-80 мың доллар тұрады, өзара қарым-қатынасқа байлансты құнын арзандатты. Атуға, әкелуге қанша ақша кеткені туралы құжаттардың бәрі бухгалтерияда бар», – дейді академик.

«Аңшылық менің хоббиім, атып алған аң-құсты академияның спорт базасына қойғызамын» деген профессор Африка, Еуропа, Шығыс Азия елдерінде және солтүстік полюсте аңшылықпен айналысқанын мақтанышпен айтады. Мәселен ол Оңтүстік Африкада – арыстан, Замбияда – зебра, Намибияда – түрлі антилопалар мен жирафқа дейін атып алған.

«20 жылда көптеген адам кабинетімде осы аңдардың терісімен суретке түсті. Ұзақ жылдан бері тұрған терілердің неге бүгін қоғам назарын аударғанына таңым бар? Қар барысының шынайы емес, жасанды терісін танысым менің 50 жылдық мерейтойымда сыйлаған. Шу шыққан соң оны өзіне беріп жібердім», – деді Закирьянов.

Аң аулауға академияның ақшасына бару мен қар барысының қымбат терісін сыйлыққа алу заңды ма? Бұл сұрақты белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспанға қойған болатынбыз.

«Бұл оқу орнындағы мәселені ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алуы керек. Сондай-ақ бұл мәселемен жақында құрылып, құзыреті кеңейтілген Экология министрлігі айналысуы қажет деп санаймын. Өйткені президент былтырғы Жолдауында экология мәселесіне қатты назар аударып, әкімшілік және қылмыстық кодексті күшейтті. Сондықтан да Президент әкімшілігінен бастап, жоғары аты аталған үш министрлік мұны назарда ұстап, тексеруі қажет. Мен спорт академиясына аң-құстардың терілері мен тұлыптары түкке де керек емес екеніне сенімдімін», – дейді Абзал Құспан

Сондай-ақ Қайрат Қайруллаұлы қар барысының терісін әлдекім сыйлағанын, осы шудан кейін өзіне беріп жібергенін айтады. Академиктің бұл сөзі жауаптан жалтару емес пе?

«Ішкі істер министрлігі «Қар барысының терісі жасанды ма, жоқ па?» дегенді тексеруі керек. Оны қай досы сыйлады? Менің ойымша, жауапкершіліктен қашу мақсатында ол өтірік ақпарат беріп отыр. «Жасанды тері, шу шыққан соң қайта беріп жібердім» деген қып-қызыл өтірік. Мұндай деңгейдегі адамдар жасанды тері ұстайды дегенге сенбеймін Негізі бұл кісі академияның президенті болғандықтан педогог болып саналады. Жастарға тәлім-тәрбие беретін адамның қызыл кітапқа кіретін аң-құстарды атуы жастарға қандай үлгі болады? Жалпы бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды», – дейді құқық қорғаушы.

Ал белгілі тележурналист Ерқанат Көпжасарұлы әлеуметтік желіде «Қазақтың спорт және туризм академиясының атауын «Қайраттың спорт академиясы» деп өзгерту керек» деп жазды. Себебі ол аталған университеттің баяғыда жекешеленіп кеткенін айтады.

«Қазаққа ешқандай қатысы жоқ. Мемлекеттен шамалы грант бөлінгені болмаса студенттер мұнда ақылы түрде білім алады. Осындағы студенттер оқу ақысының қымбаттағанына қатысты наразылықтарын білдіріп журналистерге жиі шағымданып жатады. Қаншама студент оқу ақысын төлей алмай кеткені өздеріне ғана аян. Бірақ оны елеп ескерген ректор көрмедік. Есесіне 70 мың доллардың арыстанын атып алдым деп желігіп жүр. Сөзіне сенсек мұндай трофейлері аз емес көрінеді», – деп пікір қалдырған екен.

Расында Қазақ спорт және туризм академиясы туралы журналистер жиі сын жазады екен. Мәселен осыдан 4 ай бұрын «31 арнадан» «Спорт және туризм академиясының ректоры министрлікпен ашық айқасқа шықты» деген ақпарат шығыпты. Сондай-ақ 2014 жылы «31 арна» «Алматыда 20-ға толмаған 300-ге жуық спортшы жастар наразылыққа шықты», ал 2018 жылы «Астана» телеарнасы «Алматыда спорт және туризм академиясына грантқа түсе алмаған талапкерлер ата-аналары нарызылық танытты» деп жаңалық таратқан. Ал академия президенті болса, оқу орнының ақшасына әлем елдерін аралап, аң-құс атуды әдетке айналдырғаны қалай? Әрине, жекеменшік оқу орнының ақшасы аң аулауға жұмсау заңды ма деп сұрақ қоя алмауымыз мүмкін. Бірақ заңнан да үлкен ар-ұждан бар емес пе? Мәселен аң аулауға кеткен бірнеше мың доллар оқудан шығып қалған жүздеген баланың бағын ашар еді. Алайда Қайрат Қайруллаұлына бұлардан гөрі «Аңшылық хоббиі» маңызды болып тұр.

 

Аслан Аманбай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.