Тараздағы оқиға: Қала әкімін жұмысынан босату мәселені шеше ме?.
Тараздағы оқиға: Қала әкімін жұмысынан босату мәселені шеше ме?

Қазақстанда қандай да бір төтенше оқиға бола қалса сол қаланың немесе мекеменің басшысын қызметінен алып тастау елдің бұрынғы да, қазіргі президенттері жиі қолданатын тәсілі. Алайда бұл тәсілдің пайдасы жоқ екеніне көпшіліктің көзі жеткен.

Жақында Тараз мектептерінің бірінің әжетханасында болған азғындық оқиғасынан кейін мектеп басшылығы, жауапты бірнеше қызметкер жұмысынан кетіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше, 21 қарашада қала әкімін қызметінен алып тастады.

Тараздағы оқиға: Тоқаев Тараз қаласы әкімін қызметінен алып тастады

Тараз қаласының жұмыстан шығарылған әкімі Қайрат Досаевтың қала әкімі болғанына бар жоғы алты ай болғанын ескерсек, жарты жыл ішінде Досаев қаладағы педофилия мәселесін осы уақыт ішінде шеше алар ма еді? Біздің мақсатымыз Досаевты жақтау емес, әкімді орнынан алыу арқылы мәселе шешілмейтінін айтқымыз келеді.

Егер статистикаға жүгінер болсақ, қыркүйек айындағы Ішкі Істер Министрлігінің мәліметтері бойынша биыл жыл басынан бері елде кәмілет жасына толмаған балаларға жасалған қылмыс саны 589 екен. Жалпы саны 1350 педофил, 2831 зорлықшы тіркеуде тұр. Бұл елде педофилияның қаншалықты жиі болатынын көрсетіп отыр.

Балалар мен жасөспірімдерге зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдату керек екені туралы айтылып келе жатқанына бірталай жыл болса да, мемлекет биыл ғана заң жобасы әзірленді.

Педофилдерді қатаң жазалау туралы заң жобасы қабылданады

Ал ауыл-аймақтарды былай қойғанда, ірі қалалардың өзіндегі мектептер мен басқа да қоғамдық орындардағы әжетхана мәселесінің көтеріліп келе жатқанына талай жыл болды. Бұл мәселені тіпті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де айтқан болатын. Президент жол бойындағы әжетханалар мәселесі елге туристердің келуіне кедергі келтіретінін айтқан еді.

“Жол бойындағы әжетханалардың өзін қалыпқа келтіре алмай отырып, қандай сервис туралы айтуға болады. Олардың нашар жағдайы туралы ең жалқаулардың өзі де жазды”, – деп Мемлекет басшысының өзі де айтты.

Траздағы оқиғадан кейін қоғамдық орындардағы әжетханалардың жағдайы туралы әлеуметтік желіде айтып жатқандар көбейді.  Чехияда тұрып келген журналист Үкілай Бестай Алматы орталығындағы мектепке баласын ауыстырғанда оқу орнындағы әжетхана гигиенасына байланысты баласы қиналғанын айтып, әлеуметтік желідегі парақшасына жазыпты.

-“Туғаннан ауылды көрмеген балам, ең бірінші мектептің даладағы туалетін көріп шок болды. Бірнеше адамға арналған әжетхананы қабылдамақ түгілі, мұрнын жауып, алыстан қашатын”, -деген журналист: -“Мектептегі бар туалетті жауып қойып, оқушыларды далаға жіберетін мектеп басшылығы жауапқа тартылсын! 7 жыл бұрын осы проблеманы көтеріп, мектеп туалетін ашқыза алмай қойған едім. Қоғам өзгеруі үшін Тараздағы қыздың басынан осындай оқиға өтуі керек болғаны қандай өкінішті…”, -деп қынжылады Үкілай ханым.

Айта кетсек, өткен жұмада Тараз қаласының мектептерінің бірінде 12 жастағы мектеп оқушысына азғындық жасалған. Оқушы сабақ кезінде мектеп ішіндегі әжетхана жабық болғандықтан, даладағы дәретханаға  кеткен. Қылмыс сол жерде жасалған. Қылмыскер 19 жыл бұрын да зорлау әрекеттері үшін істі болған. Төрт жыл мерзімін абақтыда өтеп, бір жыл шартты түрде өтеген. Осы оқиғадан кейін мектеп басшылығы мен жауапты қызметкерлер, қала әкімі жұмыстарынан босатылды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.