Тарихшы Сәбит Шілдебай «Алаш автономиясы жариялаған да жоқ, құрылған да жоқ» деп көзқарасын айтып, facebook парақшасына көлемді жазба жариялады. Онда тарихшы «құрылтай», «съезд» сөздеріне қатысты пікірін айта келіп:
«Енді, «АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ» деген мәселеге келсек, ешқашан мұндай автономия жарияланған емес! 5-13 желтоқсандағы Екінші бүкілқазақ съезінде Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылданғанымен, оны құру әрі жариялау мәселесі шешілмеді. Яғни, ол кейінге қалдырылды. Съезд 54 адамнан тұратын Алашорда атты үкімет құрып, Түркістан автономиясы құрамындағы Жетісу және Сырдария облыстарының қазақтары қосылған жағдайда Алаш автономиясын жариялаймыз деген шешімге келді.
Бұған Т. Жұрбай, С. Аққұлұлы, Б.Қойшыбаев сынды бірқатар тарих әуесқойлары дауласуы мүмкін, бірақ, өзін-өзі сыйлайтын бірде-бір кәсіпқой тарихшы дау айтпайды деп ойлаймыз», – деп жазады.
«Сондай-ақ біз кезінде «Хандық биліктен Президенттік республикаға дейін» атты монография жазған танымал заңгер-профессор, экс-сенатор Еркеш Нұрпейісовтің: «Мемлекет пен құқық теориясы тұрғысынан қарап, ІІ жалпықазақ съезін – мемлекеттік құрылтай жиын деп, ал оның қаулыларын – легитимді автономиялық республика формасындағы Қазақ мемлекетінің құрылуы деп байыптауға толық негіз бар. Ал тарихшыларға қажетті «ресми жариялану» – ақпараттық қана мәнге ие нәрсе, сондықтан оның ешқандай заңдық күші жоқ. Себебі жалпықазақ құрылтайы (съезд) қаулыларының ғана заңдық мәртебесі бар», – деген мемлекетшіл салиқалы пікірін толық қуаттаймыз», – деп жазады.
Алаш автономиясының ресми де, бейресми де рәсімделгенін және қызмет үдерісін дәлелдейтін дәйексөз бен пікірлердің бір парасын оқырман назарына ұсынайық:
Автономияға дейінгі Алаш пікірі: «Русияда осы күні автономияны, яки өз билігі өзінде болуды алмаймыз деген халық жоқ. …Автономияны біз үндемей отырып қолымызға алуға жақындадық» («Сарыарқа» газеті, 29.09.1917 жыл, №15).* * *
Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай: «Екінші жалпы қазақ-қырғыз сиезі Алаш баласын біріктіріп, өз алдына автономия етуге қаулы қылды» («Қазақ» газеті, 28.12.1917 жыл, №255).* * *
Әлихан Бөкейхан (1917 жылы шілдеде Алаш партиясын құрардағы ойы): «Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт жиылып, Алаш автономиясын тікпек болдық» («Қазақ» газеті, 23.12.1917 жыл, №256).* * *
Ғұмар Қараш: «Қазақ баласы Алаш туы астына кіріп, автономия алып отыр» («Ұран» газеті, 31.12.1917 жыл, №20).* * *
Әлімхан Ермекұлы: «Алаш автономиясына Құран оқылып, ат қойылғанда қазақ сиезіне ел ішінен келген қария-ақсақалдардың еңіреп жылағаны болып еді: «бұл күнді көрген енді біздің арманымыз жоқ» деп («Сарыарқа» газеті, 22.01.1918 жыл, №28).* * *
Ғұмар Қараш: «Сиез қаулысының байлауы – әуелі қазақ былайғы жұрттардай өз тізгіні, өз билігі өзінде болатын айырым автономиялы ел болуы» («Ұран» газеті, 16.02.1918 жыл, №24).* * *
Тұңғыш Алаш жастары газетінің бірінші санындағы мақала: «Жасасын Алаш автономиясы!» («Жас азамат» газеті, 30.07.1918 жыл, №1).* * *
Сібір үкіметінің министрі Михаил Шатилов: «Алашорданың автономиясын Сібірдің облыстық Думасына қабылдатамын!» («Жас азамат» газеті, 01.09.1918 жыл, №5).* * *
Тұңғыш Алаш жастары газетінің «Он үшінші декәбір» атты автономияның 1 жылдығына арнаған мақаласы: «Ақ орда тігіп, алтын ту көтеріп, автономиялы жұрт боламыз деген күн» («Жас азамат» газеті, 26.12.1918 жыл, №17).* * *
Ғаббас: «Қазақ-қырғыздың уақытша хүкіметі – Алашорда да Алаш қаласына келіп, Алаш автономиясын жариялағаннан кейін қазақ-қырғыз балалары бағынған хүкіметіміз осы деп сеніп, ант беріп, басқа хүкіметті танымай, өз хүкіметінің әмірін екі қылмай орындау керек» («Сарыарқа» газеті, 22.01.1918 жыл, №28).* * *
Алашорданың 1918 жылы 24 маусымдағы қаулысы («Об отношении к законодательству Советской власти»): «Все декреты, изданные Советской властью на территории автономной Алаш, признать недейст-вительными».* * *
Әлихан Бөкейхан (1918 жылы 25 қыркүйекте Уфадан жолдаған телеграмы): «Құрылтай уәкілдігінің комитеті Алашты автономиялы жұрт деп таныды. Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар. Алаш – Русиядағы одақтас мемлекеттердің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкіне керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қаншама болсын, қарыздануға қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш әтретінің Орал, Торғай бөлімдерінде әскер жасау жұмысы жалғассын. Оралда қазақ әпетсерлерін шығармақпыз» («Абай» журналы, 25.09.1918 жыл, №10).* * *
«Кіндік хүкімет» атты мақала: «Мемлекет кеңесінде жалпы Русияға кіндік хүкімет сайланды. Кіндік хүкіметке бес-ақ кісі кірген… Бұл хүкімет жалғыз-ақ Құрылтай (Учредительное собрание) алдында ғана жауапкер. Басқа ұйымдарға атқарған ісінен, Құрылтай жиылғанша, есеп-жауап та бермек емес және де хүкіметке кірген кісі орнынан да түспек емес… Алаш Орданы хүкімет деп, Алашты автономиялы жұрт деп мемлекет кеңесі таныды. Енді Сібір хүкіметі танымасына жол жоқ» («Абай» журналы, 12.10.1918 жыл, № 11).* * *
Алаштың облыстық съездері материалдарын шолсақ, «Автономия туралы», «Автономия жайы», т.б. мемлекетшілдік ұғымдар анық жазылған.* * *
Алашорда (үкімет) шығарған қаулыларда да «Алаш автономиясы» деп айқын жазылған. Мысалы, 24.06.1918 жылы
Ә.Бөкейхан, М.Тынышбайұлы, Х.Ғаббасұлы қол қойған қаулының аты – «Алаш автономиясының территориясында уақытша жер пайдалану тәртібі».* * *
Академик-тарихшы, алаштанушы Кеңес Нұрпейісовтің «Алаш һәм Алашорда» атты монографиясында (Алматы, «Ататек» баспасы, 1995) «Мемлекеттік құрылым ретінде Алаш автономиясының ұйымдасуы», «Алаш автономиясының үкіметі – Алашорда», «…қазақтардың жарияланған автономиясы» (соңғысында ғалым орыс мәтініндегі «автономияны» осылай түсінік бере аударыпты), т.б. тезистер бар.
Тарихшы осындай дәйел-дәлел келтіре отырып, қортынды сөзінде:
«Мұны неге қазбалап отырмыз? Бұйырса, келесі жылы Мемлекет басшысы идеясымен жазылып жатқан жаңа 7 томдық «Қазақстан тарихы» аяқталады. Сонда «Алаш автономиясы жарияланған жоқ» деп, масқара болып қалмаймыз ба?.. Біз Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты дәл осы Алашқа қатысты томда елдік биіктен көрінеді деп сенгіміз келеді.
Сонымен бірге Алаш кезеңін зерттеп жүрген бірсыпыра шетелдік ғалымдар ХХ ғасыр басында шыққан қазақ тіліндегі газет-журнал материалдарын місе тұтпай және белгілі деңгейде астамшылық көзқараспен «Алаш автономиясы жарияланған жоқ!» немесе «Алаштың мемлекеттілік нышаны, рәмізі болған емес» деп жазуды үрдіске айналдырып барады. Ал енді осындай пайым өз ішімізде айтылғанда, «Көзі қарайған там сүзедінің» кері ме деп қаламыз.
Кез келген мәселе бойынша пікір, көзқарас толығып байыпталады, сарапталып жетіледі. Қазақ елі мемлекетшілдігінің аса қиын да жауапты кезеңі – Алаш автономиясы туралы ой да нақтыланатын уақыт әлдеқашан келді.Халқымызда «Қырсыққанның иті қырын жүгіреді» деген ата сөз бар. Дәйек көрсетіліп, дәлел алға тартылып жатса, ең бастысы мұның бәрі елдік пен мемлекеттілік құндылықтар арқауын үзбеуге бағытталса, «бірдің кесірі – мыңға» ұласатын қаупі барын ұмытпалық» дейді.
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
23.12.2024