Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары жайлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында былай дейді: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда халқымыздың саны қазіргіден әлденеше көбірек болар еді…».
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін жан-жақты зерделеу және шешу мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы негізінде Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма жанынан құрылған «Саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық, саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды, дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу жөніндегі кіші жұмысшы тобы» Жамбыл өңіріндегі мешіттер мен шіркеулердің қаншасы жойылғанын, тәркіленгенін, кімге берілгенін анықтау, қанша дін қызметкері (олардың отбасы мүшелері) түрлі қуғын-сүргінге ұшырағанын анықтау бойынша жұмыстар атқарды. Атап айтар болсақ, Жамбыл облысының, Тараз қаласының мұрағаттарынан қажетті материалдар жинастырылды. Жинастырылған материалдар бойынша мынадай мәліметтерді негізделді.
Жамбыл облыстық мемлекеттік архивтен алынған мәліметтер:
(50-ф. 1-тіз. 493-іс. 29-бума) 1930-1939 жылдар аралығындағы Әулиеата (Мирзоян, Жамбыл) қаласындағы мешіттер мен шіркеулердің тізімдері берілген.
Мешіттер саны – 33, бұзылғаны – 18, басқа мақсатқа берілгені – 15.
Шіркеулер саны – 4, бұзылғаны – 1, басқа мақсатқа берілгені – 3.
Аталған қорда мешіт өкілдері және олардың отбасылары туралы ақпарат жоқ.
(399-ф. 4-тіз. 428-іс. 68-бума) Жамбыл облысындағы мешіттер саны берілген (қор 1962 жылы қайта түгелденген). Барлық мешіттердің саны – 38; Жамбыл қаласында – 35; Талас ауданында – 3; үкіметтің қарауында – 18; колхоз қолында – 12; совхоз қолында – 2; діндарлар қолында – 6; қоймаға берілгені – 2; шеберханаға (мастерской) берілгені – 1; поштаға берілгені – 1; мектепке берілгені – 1; комендант – 1; ауруханаға берілгені – 1; балабақшаға берілгені – 1; зиярат етілетін мешіттер саны – 5.
Аталған қорда мешіт өкілдері мен олардың отбасы туралы мәліметтер жоқ.
Өкінішке орай, мұрағатта діни орындар мен дін өкілдеріне қатысты мәліметтер жоқтың қасы деуге тура келеді. Оның себебі, Жамбыл облысы 1939 жылға дейін көрші екі облыстың құрамында, атап айтар болсақ, Жамбыл, Луговой, Меркі, Сарысу, Свердлов, Талас аудандары Оңтүстік Қазақстан облысының; Красногор, Қордай, Шу және Шу ауданынан бөлінген Көктерек аудандары Алматы облысының қарамағында болған еді.
Соған орай осы аудандар бойынша мәліметтер көршілес Алматы қаласы мен Шымкент қаласындағы Түркістан облысының мемлекеттік мұрағаттарында болғандықтан топ мүшелері гуманитарлық ғылымдар магистрі Ақмарал Тамабекқызы Қартабаева мен тарих ғылымдарының магистрі Сәния Мекемтасқызы Нағашбекова 3-5 және 17-21 шілде аралықтарында Алматы қаласындағы мемлекеттік архив пен Президент архивінде, 24-26 шілде аралығында Шымкент қаласындағы Түркістан облысының мемлекеттік архивінде, 1-4 тамыз аралығында Алматы қаласындағы Президент архивінде ісспарда болып, діни ұйымдар мен дін өкілдері және жетім балалар үйлері жайында біраз мәліметтер жинап қайтты.
Алматы қаласындағы мемлекеттік архивте Жамбыл өңіріне байланысты мәліметтер негізінен 7-қорда жинақталған екен, бірақ мен қарастырып отырған діни орындар мен дін өкілдеріне байланысты мәліметтер мұнда да жоқтың қасы болды.
Қайта Президент архивінің 141 қорында жалпы Қазақстандағы діни орындар туралы біраз мәліметтер сақталған екен, өкінішке орай дін өкілдері туралы мәліметтерді кездестіре алмадық. Сондықтан қудалауға ұшыраған дін өкілдері туралы мәліметтер ҰҚК архивінде сақталған ба деген ой түйіп отырмыз.
Іссапар барысында Алматы қаласындағы мемлекеттік архивтен 7-қордан; президент архивінен 141-қордан және Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық мемлекеттік архивінен 74, 1405-қорлардан Қазақстан көлеміндегі діни орындар, діни секталар туралы жалпы мәліметтер алынды.
Енді осылардың бірқатарына тоқталып өтсек. Мысалы Президент архивінен алынған 1925 жылдың 6 шілдесінде басталып, 13 тамызында аяқталған, 22 беттен тұратын 141-қор, 1-тізімдеме, 347-істе берілген «Дінге қарсы насихат туралы тезистерді» қазақшаға аударып көрсек.
Крайкомның жауапты хатшысының орынбасары қол қойған тезис 9 пунктен құралып жазылған. Бірінші пунктінде Қазақстандағы барлық күшейіп келе жатқан діни қозғалысты айта келе, БКП(б) Крайкомы соңғы уақытта мұсылман дінбасыларының белсенділігін ерекше атап өткен. Ислам ілімі ауылдың буржуазиялық басшы тобы мен ауылда пайда болған жеке сауда капиталының белсенді қолдауына ие болғандығы; Қазақстандағы татар молдалары мен өзбек ғұламаларының табысы түсіндірілмейтіндігі; татар дінбасылары қазақтар мен түркі халықтары арасындағы діни қозғалысқа ұйымдастырушылық формалар мен либералды мазмұн бере отырып, ауылда ұсақ-буржуазиялық идеология жасайтындығы; осылайша өзінің әлеуметтік мәні бойынша Қазақстандағы діни мұсылман қозғалысы айқын антисоветтік сипатқа ие болатындығы жазылған.
2-пункте мұсылман дінбасыларының ұйымдастырушылық орталығы Уфа қаласында Діни басқарма атынан нығайтылғаны; діни басқарма өз агенттері арқылы (Махди Макулов және т.б.) қазақстандық діни ұйымдарды өзіне бағындырғаны; діни басқарма Қазақстандағы мұсылмандық діни қозғалысты реттегені; діни қозғалысқа қарсы күрестегі бірінші кезектегі міндет оның қазақ дінбасыларына ықпалын әлсірету және оның ұйымдастырушылық рөлін тарылту арқылы Қазақстан туралы рухани басқаруды оқшаулау болып табылатындығы; бұл іс-шараны өткізу қиындық туғызбауы тиістігі, өйткені Қазақстан революцияға дейінгі уақытта да қандай да бір діни орталыққа ие болмағандығы сөз болады.
7-пункте молдаларға қарсы жұмыс жүргізіп, олардың халықты бопсалауын, кейбір молдалардың көп әйел алуын, олардың тәуіпшілігін, оларға емделгеннен кейінгі өлім-жітім, молдалар жасайтын діни үкімдері және т.б. туралы газет беттерінде жүйелі түрде әшкерелеу жұмыстарын жүргізіп отыру нақтыланған.
8-пункте діни қозғалысқа қарсы күрес мәселесіне (әсіресе өзбектер мен қарақалпақтар арасында) сақтық таныту қажеттігі; кез келген бұзақылықпен шешуші күрес жүргізу керектігі; оларды сот жауапкершілігіне тарту керектігі; 9-пункте табиғат, өлкетану және т.б. әуесқойлар үйірмелері мен қоғамдарын ұйымдастыра отырып, өскелең ұрпақ арасында (негізінен комсомолдар арасында) тәрбие жұмысын күшейту қажеттігі баса айтылған.
Сол кездегі архив материалдарының көпшілігінде исламды қаралап жазған мақалалар баршылық екен. Соның бірі – пролетариат көсемі Ленинге исламды қаралап жазған хат. Бірақ, өкінішке орай, хаттың тек бірінші беті сақталған екен, соны қазақшаға аударып беріп отырмын.
«Құрметті әлемдік пролетариат көсемі, жолдас Ленин!
Сізге білдірген тілегімді орындау үшін мен «Дін қызметкерлерінің бұқараға панисламның әсері туралы, осындай мәселелермен күресу құралдары туралы және Шығыстағы саяси ағымдар мен олардағы бөліністер туралы» сұрақтарға жауапты қысқаша баяндаймын.
Христиан дәуірінің 694 жылы құрылған Исламға 1336 жыл. Діни қызметкердің делдалдығымен Құдайға мінәжат етуші христианнан айырмашылығы Исламда әрбір мұсылман ешкімнің делдалдығынсыз Құдайға тікелей жеке сыйынады.
Исламның қасиетті кітабы – Құран-кәрім Мұхаммед пайғамбардың айтуымен араб тілінде құрастырылған. Оны ескі әдіспен үйрену Түркістан мұсылмандары үшін 20-дан 40 жылға дейін созылып, «Уақыптан» мұраға қалған мүліктері таусылып, неке қию мен жерлеу рәсімдерінен түскен сыйлармен күндерін көреді. Шәкірттердің 20%-дайы араб тілін жоғары мектептің оқытушысы немесе мешіттерде имам бола алатындай игерген.
Мешіттегі діни қызметкер-имам намазды мағынасын мүлдем түсінбей араб тілінде жүргізеді, тіпті намазды қалай орындау керектігін мұсылмандарға түсіндірмейді. Бұл жағдай хандар заманынан бері болған және орыс патшалығы кезінде 56 жылға созылған.
Хан билігі кезеңінде о дүние туралы ойға батқан халықты дұға етіп, мешітке баруға мәжбүр етті. Бұл зорлық-зомбылық халықты діннен бездірді және … аймағын жаулап алғаннан кейін дұғалардан бас тартып, аптасына бір рет тек жұма күндері мешітке бара бастады. Араб тіліндегі дұғалардан басқа мешіттерде түсінікті түрде рухани адамгершілік мазмұндағы уағыздар айтылмады.
Бұған қоса, ислам әр дұға алдында күн сайын бес рет толық дәрет алуды талап етеді, бұл ыстық климатта орналасқан арабтарға гигиена үшін; түркістандық кедейлер қыстың суық климатынан және ұзақ күнгі еңбектен шаршап-шалдыққаннан кейін құлшылық ету үшін шариат тағайындаған дәрет алуға көпшіліктің мүмкіндігі жоқ, дәретсіз құлшылық жасай алмайды, сондықтан ислам біртіндеп ысырыла бастады, оның қалдығы надан, мәдениетсіз әсіре жанкүйерлерде ғана қалды және Шығыстың белгілі бір елінде қасиетті соғысты экономикалық жаулап алу ешқандай нәтиже бермеді, бұл мұсылмандарға панисламизмнің нәтижесіздігін дәлелдеді».
Кейбір тұстары архив материалдарында да көрінбей көп нүктелермен берілген.
Архив материалдарын зерделеген кезде көзіміз жеткен нәрсе жалпы дінге қатысты материалдардың көпшілігі дінге қарсы насихат түрінде келетіндігі.
Мен осы іссапарға шыққан кезде архив материалдарын қарауға құныға кірістім. Оның себебі де жоқ емес еді. Айтпағым, ақ ишан деген лақап атпен (ақ ишан деген атау көптеген әулие кісілерге, яғни сол кездегі діни ілімі бар адамдарға қаратылып айтылған) Талас өңіріне әйгілі болған менің нағашы атам Сейдәшім (Бақшайыш қожа – жалпы қожалар ислам дінін таратушы миссионерлер, оларды қазақтар діннің иесі, қожасы деп қожа атап кеткен) жайында деректер ұшырасып қала ма деген үміт еді. Нағашы апамыз Алтын өмірден озғанға дейін біздің үйде болды, сол кісі барда үйімізге қожалар көп келетін. Сол кісілердің айтуынан құлаққа жеткен кейбір әңгімелерден атамыз дін таратушы ретінде қудалауға ұшырағандығы, қайтыс болғаннан кейін Қызыләуіт ауылындағы қорымда көпке дейін басында шырақ жанып тұрғандығы туралы еститін едік. Сондай деректер архивте сақталған шығар деген үміт те жоқ емес еді. Өкінішке орай, біз қарастырған архивтерден жалпы дін өкілдері туралы ешқандай дерек кездестірмедік.
Ендігі үміт Жамбыл облыстық ішкі істер департаментіндегі немесе президент архивіндегі құпия істер бөлімінде болып тұр. Алдағы уақытта осы мекемелерге жол салынып, іздеген мәліметтерді аламыз дегенге сеніміміз мол.
Қорыта келе айтпағымыз архив материалдарының барлығы дерлік орыс тілінде жазылғандықтан келешекте осы мәліметтерді қазақша аударып жергілікті баспа беттерінде жарыққа шығарып отырамыз деген ойдамыз.
Ақмарал ҚАРТАБАЕВА,
«Тарихи-мәдени ескерткіштерді
қорғау және қалпына келтіру» КММ-нің
маманы, гуманитарлық ғылымдар магистрі
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
23.12.2024