arasha.kz

Халықтың тарихы мен танымын танытуды тек мамандарға тапсырған жөн

Әр халықтың қалыптасу тарихы, ұлт ретінде өзін айшықтайтын ұстанымы мен бірегей болмысы бар. Қазақтың арғы-бергі тарихын ұрпаққа танытып, ұлт мұраты жолында күрескен жандардың ерлігі мен еңбегін ел есінде қалдырып отырған дұрыс. Бұл өткенімізді біліп, өз ұлтымызға деген отаншылдық рухты өлтірмеу үшін керек. Дегенмен, тарихты түгендеуді осы салада түбегейлі зерттеулер жасап жүрген, арнайы білімі бар, сауатты, білікті мамандардың еншісінде қалдырған дұрыс.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дейді данышпан Абай. Өлеңді таланттар тудырады. Таланты кем адам да өлең жазады. Бірақ, қай өлеңнің жақсы, қай өлеңнің осал екенін мәртебелі тыңдаушы өзі сұрыптап алады. Талантсыз адамның жазған өлеңінен әдебиетке, ұлт тарихына келер залал болмашы. Ал тарихты еріккеннің ермегіне аналдыруға әсте болмайды. Тарих – бұл елдік, мемлекеттік мәселе. Бүтін халықтың өткені, бүгіні, келешегі туралы жазылатындықтан, тарихты толғауда қате кетпеуі, жаңсақтыққа, әсірелеуге орынның берілмегені маңызды. 

Алаш қайраткерлерінің бірі Міржақып Дулатұлы «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді. Келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген екен. Тарихты түгендеудің маңызына қатысты бұдан артық түсіндірме, бұдан терең теңеу айту қиын.

Тарихты зерттеудің ұлт үшін құндылығы қаншалықты жоғары болса, оны бүгінгі ұрпақтың санасына сіңірудің өзектілігі одан да зор. Қазір мектептердің барлығында тарих пәндерінен бөлек, тарихи оқиғаларға, тарихи тұлғаларға деген балалардың қызығушылығын ояту үшін қосымша сабақтар қарастырылған. Сонымен бірге, мектепке тарихшыларды арнайы шақырып, оқушылармен кездесулер өткізу тұрақты жолға қойылған.

Алматы қаласындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназияларда жыл сайын тарих апталықтары ұйымдастырылып тұратын. Бір аптаға созылатын апталықта балалардың туған тарихына деген оң көзқарасын қалыптастырып, өз тамырын танып-білуге деген ынасын ояту мақсатында түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылады.

«Жыл сайын өтетін бұл апталыққа тарих бірлестігінің мұғалімдері ерекше дайындалады. Ең алдымен біз безендіру жұмысына мән береміз. Мектеп табалдырығын аттаған оқушылар тарих апталығы өтіп жатқанын бірден түсінуі керек. Мәселен былтыр тарихи музеймен келісе отырып халықтың өткен күндерін көз алдымызға әкелетін экспонаттарды мектепке алдырдық. Осы тарихи жәдігерлердің көмегімен арнайы бұрышты жасадық. Балалар бабаларымыздың әр кезде қолданған қару-жарағын, күнделікті тұтынатын заттарын көрді, обалардан табылған қыш құмыра, мыс тиындар мен ыдыс-аяқтың үлгілерімен жақыннан танысты. Мұның бәрі олардың тарихқа деген көзқарасын орнықтырғаны анық», – дейді Алматы қаласындағы №172 мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Мақпал Мәлікқызы.

Пән мұғалімінің айтуынша, апталық барысына ұстаздар тек ашық сабақ, диспуттар ұйымдастырып қоймай, түрлі ойындар, викториналық сауалдар қойып, елге танымал тарихшылармен кездесу ұйымдастырады.

– Бұрын тек апталыққа оқушыларды тартатынбыз. Биыл ұстаздардың да тарихқа қатысты білімін тексеріп, білгендерін естеріне түсірсек деген ой болды. Өйткені, күнделікті оқып, кітаптарды ақтарып отырмаған соң, тарихи даталарды ұмыту оңай. Осы мақсатта үздік оқитын бірнеше оқушының қолына микрофон мен камера ұстатып, мектептегі сұғалымдерге тәуелсіздік тарихына қатысты сауалдар қойғыздық. Соның ішінде «еліміздің Контитуциясы қашан қабылданды? Қазақтың ең соңғы ханы кім? Алтын адам қай аймақтан табылды? Ақтабан шұбырынды қай кезде болды?» деген секілді сауалдар бар. Қазақтың тарихына қатысты мұндай елеулі оқиғаларды мұғалімдердің білгені дұрыс. Бір қуанарлығы, біздің мектептің ұстаздары микрофон ұстап, сауал қойған шәкірттерінің алдында тосылып қалмады. Барлығы дерлік тарихты жақсы білетіндерін көрсетіп, сауалға дұрыс жауап беріп, оқушылардың ілтипатына ие болды, – дейді Мақпал Мәлікқызы.

         Тарих бірлестігінің ішіндегі пікір алуандық оқушылармен кездесуге келетін қонақты таңдау кезінде туындаған. «Бұл мәселеге немкетті қарауға болмайды. Себебі, балалар жас кезінде оқыған, қабылдаған әрбір дерек пен дәйекті ақиқат деп ойлайды, әрі олар осы тұста үйренгендерін ешқашан ұмытпайды. Сондықтан, біз нағыз өз ісінің маманы деп танылған тарихшылармен балаларды кездестірген жөн деп таптық», – дейді тарих пәні бірлестігінің жетекшісі Жұлдыз Тұрысбекова,

         Тарихта талас тудыратын деректер аз емес. Кейбір деректерді руына, жүзіне қарай әдейі бұрмалайтындар да кездесетінін жоққа шығаруға болмайды. Мектептегі жиындарда өтірік мәліметтер айтып, балаларды адастыруға жол бермеу керек. Мектеп – білімнің ордасы. Онда – теріс уағызға, жалған деректерді санаға сіңіруге жол берілмеуі керек. Міне, осы шарттарды ескере отырып тарих бірлестігі кездесуге көп жылдан бері университетте тарихтан сабақ беріп жүрген, әрі бірқатар жас зерттеушілерді қанаттандырған Кәмшат Дәулетханқызын шақырған болатын. Әрі кездесуге келетін қонаққа тарихтағы ерекше оқиғалар, ерекше тұлғалар, балалардың қызығушылығын оятатын деректерге көбірек көңіл бөлінсе деген тілек айтылды. Кәмшат Дәулетханқызы хандар мен батырлар өміріндегі әйелдер, хан отбасындағы бала тәрбиесі туралы баяндады. Сонымен бірге, жаугершілік заманда жеңілген елден түскен  үлесті бөлудің заңдылығын түсіндіріп берді. Балалар тарихшының әңгімесін асқан қызығушылықпен тыңдады. Кездесудің қызықты, мазмұнды өткені сонша, бір сағатқа жоспарланған шара балалар тарапынан сауалдар көп қойылғандықтан, бір жарым сағатқа созылды. Бұл кездесуден тарихшының да, балалардың да алған әсері керемет.

         Кездесудегі балалардың сұрақтарына, қызығушылығына терең талдау жасаған ұстаздар, келесі жылы да дәл осындай форматтағы шараларды жалғастыруға шешім қабылдады.

Exit mobile version