arasha.kz

Тұрсын Жұртбай. ЕЛ ҚАМЫН ЖЕГЕН ЕДІГЕ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

Қазақтың, қазақтың ғана емес исі түркі жұртының тағдырымен қоса, ақыл-ойы сапырылысқан шақта, «қара суды теріс ағызып» барып, тұндырған ұлы тұлға, қасиетті кие иесі – Едіге.  Бүкіл көшпелі түркі өркениетінің ақыл-ой дамуы дәуірінде: «Заман! Заман! Заман кімнің заманы  – Заман! Заман! Едігенің заманы. Дәуір! Дәуір! Дәурен кімнің дәуірі – Едігенің дәуірі!», – деген дәуренді заманның иесі де Едіге болған.  Тіпті, маған салса:  түркі жұртының, соның ішінде қазақ-ноғайдың, өзбек-қарақалпақтың, татар-башқұрттың халықтық көркем ойлау жүйесін: Едігеге дейінгі ойлау жүйесі, Едігеден кейінгі ойлау жүйесі – деп екіге бөлер едім. 

Өйткені, бүкіл түркі өркениетінің тағдыры мен тарихының шәт-шәлекейі шыққан тұста «Алтын орданың» бақыты мен сорын қана ішкен, артына аңыс пен аңыз қалдырған, осы екі дәуірдің жікарасын ажыратып беретін бірден бір тұлға да – Едіге. Сонымен қатар, артына: «Ел қамын жеген Едіге», «Ер Едіге кешегі, Ерен болған деседі», «Едігесіз – ел болмас, Едігесіз – Еділ-Жайыққа ел қонбас!» – деген сөзді қалдырған да Едіге. Би деген ұғымды  – ел иесі деген биік тұғырға көтерген де Едіге би. Ұлы би Едеге өзінің соңына:

Қараңғыда жол тапқан,

Қапы жерде сөз тапқан.

Едігем менің ер еді,

Елдің қамын жер еді.

Ер ішіне дау кірсе,

Мен шешейін дер еді,

Ел шетіне жау келсе,

«Мен барайын!» дер еді, –

деген ұлы елдік аңсар мен сарынды қалдырды.

Ал, осы аңсарды ұйытқан да, артына сөз қалдырған да тағы Едіге! Естігенді – егілткен, тыңдағанды – толқытқан, түсінгенді – күрсіндірген, ойланғанда – ойыңа озанды аңырау аңсарын оятқан, жау құлағын – түршіктірген, дос құлағын – сүйсіндірген  «Едіге» дастаны болмаса (Идегәй. Татар халық дастаны. Қазан. Татарстан кітап нашрияты.1988) , соның көкірегінен тамырланған «Қырымның қырық батырындағы» озандар жырлаған мәңгілік  ұлы аңсарлар болмаса, онда сіз бен біздің көкірегімізді «Ел», «ел-жұрт», «Еділ жұрт», «Жұртың қараң қалмасын!» – деген ұлы арман кернемес еді. Онда, сіз бен біз құлдық қорлықты мақтанышпен жырлап жүрер едік.

Біздің бүгінгі рухымызды түлетіп тұрған рух күші – сол Едігеден қалған ұлы сарын! «Жаңғыру! Жаңғыру!» – деп жүріп жаңғырыққа айналып кетпеу үшін де, сол Едігенің рухы мен ұлы сарынын түлете рухтануымыз керек. Біз, жаңғырмауымыз керек, біз – жаңғырыққа айналмауымыз керек, біз – жаңғыртуымыз керек. Жаңғыртқанда да, өзіміздің  ерік-жігерімізбен, қуат-күшімізбен, ешкімнің «жасасындатуынсыз» өз қолымызбен жасап, ел-жұртымызды жаңғыртуымыз керек.

Әйтпесе, «Кәпір көздің араны ашық» – деп Абай айтқандай, жаһилдік үстемдік еткен жаһанданудың  жемтігі болып кетеміз. Жемтік болмаудың дауасы да бар. Ол – осы Едіге рухы.

Өйткені, Едіге – ел қамын жеген.

Өйткені, Едігенің рухынсыз – ел болмаймыз,

Өйткені, Едігенің рухынсыз – Еділ-Жайық пен Ертіске қонған елде – елдік қасиет болмайды.

2.

Ұлттық қасиетімізді кетірмеу үшін де: ұлтты ұйытатын, бүгіндері қасиетсіздікке айналып бара жатқан, «ел қамын жеген Едігелер» жасап кеткен даланың ұлы заңының, дала конституциясының басты ұстанымы – адамшылық  рақым-қайырды, адамшылық қадір-қасиетті, адамшылық қарым-қатынасты қалпына келтіруіміз керек. Жасыратын түгі де жоқ, қазір, ұлы Абай айтқандай:

Әкені – бала аңдиды, аға – ініні,

Құрысын  итқорлықпен өткен күні, –

дейтін заманға тап болдық.

Бұл – ұлттың іштен іруінің басы. Адамды: төре-қарашы, ақсүйек-қарасүйек деп бөлуге тиым салған, адамды, оның ішінде ел азаматын құлдыққа сатуды доғарған, жер сатқанды жазаға тартқан, «қарадан шыққан алғашқы хан» Едігенің:

Өзінен бір жас үлкенге:

Әзіз ағам,

Сіз біліңіз,

Сіз сөйлеңіз.

Сізден кейін біз сөйлерміз, – деп;

Өзінен бір жас кішіге,

Әзір бауырым,

Сіз тұра тұрыңыз,

Біз сөйлерміз,

Бізден кейін сіз сөйлерсіз , –

деп, жасы үлкеннің – мысын асырған, жасы кішінің – мысын басқан, кісіліктің шекарасын анықтаған, дала заңын – адамды сыйлаудың  негізін конституциялық деңгейде бекіткен, қазақтың кісілік мәдениетін ұйытқан   Едігенің ескі  жолын жаңғырудың емес, түлеудің тура жолы есебінде ұстануымыз жөн болмақ.

Ендеше, «Ноғайлы дәуірі» деп аталатын уақытты тарихи тұрғыдан «Алтын орданың» ыдырау кезеңі» деп түсінген жөн (пікір біздікі – Жұмазия Жұмабаева). Өйткені, «Алтын орда» термині – қазаққа жат ұғым. Орлаға салық жеткізуші Москва книяздерінің ханның алтын зермен қапталған киіз үйін атауына сәйкес, тарихи әдебиетте осы термин орныққан. Ал «Алтын орданың» халқы өздерін «ноғайлы» деп атап, Өзбек хан мен Жәнібек хандар кезіндегі бақуатты заманда аңсаған», – деген екіұшты пікірді («Мұрат және ноғайлы жырлары») ұсынуымыздың жөні қайсы?!. Сонда, «қазақ хандығы – «Алтын орданың» заңды мұрагері» деген Елбасы бекіткен тұжырымнан, Едігенің тұсында қалыптасқан елдік аңсардан бас тартамыз ба? Қазақ хандығы сол «Алтын орданың», Жошы ұлысының заңды және біртұтас бөлшегі емес пе? Барлық тарихи деректер мен жыр-әфсаналарда, Алтын орданың ыдырау кезеңінде: қазақ жұрты, қазақ елі – Тоқтамыстың арандатуларының кесірінен сол хандықтын құрамынан уақытша «қазақ шығып кеткен»  тоқсан екі баулы ноғайлы жұртының барлық буындарының өкілі, яғни, «ноғайлы жұртының бірлігі үшін хансыз, еркін біртұтас ел боламыз» – деген Едіге бастатқан «ел қамын жеген ерлердің»  бірлестігі деп көрсетілмей ме? Қазтуған, Доспанбет, Шалкиізден бастап, Бұқар жырау мен Ақтанберлі арқылы Мұрат пен Мұрын жырауларға ауысқан аңсарлы ел – сол Едіге дәуірі, «Алтын орда» заманы емес пе? Мейлі, «Жошы ұлысы», мейлі «Алтын орда» деп аталсын, бәрібір, түп түбіріміз сол екені анық. Сондықтан да, «Алтын орданың» астанасы  – Сарайдан да, Сарайшықтан да, Едігеден де бас тартатындай жомарттықтың жөні бола қоймас. Бұл – жөнсіз жорамал деп ойлаймыз.

Бізге салса, қазақ қауымының, жалпы түркі жұртының ұлы аңсары болған Біртұтас Алаш идеясы да осы «ел қамын жеген Едігенің» ұлы аңсарының негізінде ұйыған. Ал ол идеяның басты ұстанымы – Жер, жер және жер.

«Тұрсын тағы да ескі әніне басты» – демеңіздер, Едігеден қалған ескі идеяны шын мәнінде жаңғыртып, қазақты, исі түркі жұртын азаттыққа бастаған идея – Біртұтас түркі нысанасының бұтақты тамыры – Алаш идеясы.

Кеше ғана:

Көктөбеде ақсарай,

Онда отырып хан болған,

Ел болғанға –  ел болған,

Жау болғанға –  жау болған, –

деп Едіге айтқан өсиетке негізделген Біртұтас алаш идеясының  бірінші ұстанымы:

жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Яғни, бұл ұстаным: Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген – деген тұжырымға саяды.

Жер мәселесі бүгін де ұшынып та, ушығып та тұр. Ол әзірше ғана мұқым  қазақтың көкірегіне түскен шоқ сияқты қызылшоқтанып, шыжылдата күйдіріп отыр. Ал жалпы билік үшін –  атылатын күні ғана белгіленбеген жанартау іспетті. Жерге қатысты мемлекеттік, саяси және экономикалық  тәуелсіздік туралы пікірлерді  сол Едігенің екі туып бір қалған тұқымы Әлихан Бөкейханов барынша  батымды және батыл дәлелдермен тұжырымдап берген болатын. 

Екінші ұстаным: 

Аты жоққа –  ат болған,

Шөлдегенге су болған.

Адасқанға жол болған,

Едігійім –  сен екен, –

деген Едігенің етбауыр тұқымдары ноғай, татар, башқұрт, қарақалпақ, қазақ аңсап отырғанындай (қырғыз бен өзбек емес, өйткені оларда өз жерін сатуға тиым салынған, өз жерінің байлығығына өздері заң жүзінде ғана емес, іс жүзінде ие боп отыр), жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы бар   игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша:

«Оның әр бір түйір тасы алаштың әр  азаматының өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Яғни, бұл: өз жерінің игілігін – әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат, – деген емеуірінді танытады. Жердің астына, үстіне, аспанына иелік ете алмасаң – ырықтың кеткені сол емес пе?!. Абайдың:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, –

деген уайымының астарындағы «ырық», ерік осы  сатымсақ-делдалдық, бүгінгіше, бүркемелеп айтылып жүрген инвестиция. Шикізатты игерудегі тәуелсіз қаржы мен «неғылайынсыз» делдалдық.

Үшінші ұстаным, тағы да сол Едігейді аңсатқан:

Ел жайлаған ері үшін,

Алды-артын ойламаған,

Жалғызға – жасақ болған,

Жаяуға – таяқ болған.

Қарны ашқанға – тамақ болған.

Едігені қайдан алып келерсің, –

дегізген елжанды  ұстаным.

Яғни, Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша:  «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен экономикалық бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

  Абайдың: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек», – дегендегі бірлік – осы экономикалық бірлік. Ал бізге, «атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылып» жүрген жоқ, керісінше, біз жалданып жүрміз. Тіпті, жалдану үшін жалынып жүрміз.

Төртінші нысана –  ұлы нысана, Едігенің өзін:

Өз атамның жұртында,

Өктем тудым жұрт үшін, –

дегізген киелі нысана.

Яғни, қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек. Х.Досмхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.

 Ағайын-жұрт: тәуелсіздігін алған қазақтар несін армандап отыр, бұл не арман, – деп: башқұрт, татар, ноғайлар түсінбей  жүрген, өзбек пен қырғыз таң қалып отырған нысана.

Жарандар-оу, кеңестің кезінде: қазақтың 35 пайызы қазақ тілін білмейді деп зар жылаушы едік қой, қазір тәуелсіздік алған соң қазақтың 75 пайызы орысша сөйлейтін болды. Дүние жүзінің 142 елін аралаған американдық бір миллиардер: «Дүниенің  142 елін араладым. Соның ішінде болашағы жоқ бір-ақ ұлт бар. Ол – қазақтар. Қазақстанның қазақ тілі – орыс тілі екен. Демек, бұл ұлтта – болашақ жоқ», – дегізген ұлт болып отырмыз.  Едігенің тұқымдары, татар-ноғай, башқұрт-қарақалпақтар күле тұрсын, өйткені олардың дені – толыққа жуығы ана тілін біледі, ал біз жылап алайық.

Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру.

Яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек: бұл дегеніңіз – «тәуелсіз сот құрылымы, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар (заң)». 

1990 жылғы «Қазақстанның суверенитеті» туралы мәлімдемеде қамтылған  жоғарыдағы бес түрлі ұлттық ұстаным бұтақтала келіп, 2002 жылғы жерді сату туралы заң жобасы мақұлданғаннан кейін, қазақ мемлекеті ұлттық идеядан толық арылып, беймарал мемлекеттің құрылымына көшті. Ал, «Жапония сияқты ғылымға сүйенген ұлттық-демократиялық мемлекет құру керек» – деген ұстаным үшін, анық емес деректерге сүйенсек, кезінде 60 мыңдай адам «жапон шпионы» ретінде ату жазасына кесіліпті.

Қазір дәстүрсіз ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл – үлкен рухани апат. Тәуелсіз экономика мен тәуелсіз ғылым жоқ. Ал тәуелсіз ғылымсыз –  тәуелсіздік те, зиялы да, болашақ та жоқ. Тағы да сол «сорлы» Абай:

«… малды сарып қылып ғылым табу керек. Ғылымсыз – ахирет те жоқ, дүние де – жоқ. Ғылымсыз – оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық, ешбір ғибадат орнына келмейді», – дейді.

Біз сол ғылымды – «малдың», яғни, бизнестің құрбандығына шалып отырмыз.

Мемлекет – өз ұлтынан ажырай бастады. Екеуінің ойы екі басқа. Енді олардың басы қайта біріге ме, жоқ па? Әй, қайдам.

Бұның барлығы нені танытады? Жоғарыда атап өткенімдей, біздің тәуелсіз мемлекетімізде қарама-қарсы бағыттағы екі ұлттық ағымның қалыптасқандығын анық аңғарылады. Ашығын айтайын, мемлекет халықтан ажырап барады. Қазір мемлекет пен халық басқа: «Мемлекет тек реттеп отыруы керек. Қалғанын базардың өзі реттейді», – деп өзеурегендер, енді бірер жылдан соң халықтан мүлдем қол үзіп, тағы да сол Ленин айтқандай, «халық бұрынғысынша өмір сүргісі келмейтін, ал биліктегілер бұрынғысынша басқара алмайтын жағдайға» душар болары анық. Былтыр ғана болуы мүмкін болжам, биыл, шындыққа қарай бетін бұрып отыр.

Міне, Едіге айтқан, идеялық тұрғыдан байыпталған Алаш идеясының негізгі мәйектері осындай.

Айтсам – айтпады (деме), мұрадым,

Ат та – тойған жеріне,

Ер де – туған жеріне,

Кіндік қаным тамған жер,

Лай сулы Еділ болды, –

дегеніндей, Едіге тұндырған тұнық та анық елдік идеясы (нысанасы) ылайлана бастады.

Егерде, ел мен жерге дәл бүгінгі ұстанып отырған қатерлі бағыттан бас тартпасақ, күндердің күнінде Едігенің тұсындағы текті жыраулардың:

Жайықты келіп алғаны,

Жағаға қолды салғаны.

Еділді келіп алғаны,

Етекке қолды салғаны.

Ойылды келіп алғаны,

Ойындағысы болғаны.

Қайран да, қайран, Еділім,

Мен салмадым,

Сен салдың.

Қайырлы болсын Сіздерге,

Біздерден қалған мынау жұрт!, –

деп зар қылғанындай, ертең-ақ:

Ембіні келіп алғаны,

Етекке қолды салғаны.

Жайсаңды келіп алғаны,

Жағаға қолды салғаны.

Жаңаөзенді алғаны,

Жаныңның шығар болғаны.

Қайран да, қайран, есіл жер,

Біз алмадық, сен алдың,

Қайырлы болсын сіздерге,

Қазақтан қалған мынау жұрт, –

деп тағы да Жиделібайсын мен Жерұйық іздеп, мөлиіп отырмаймыз ба?!.

Едіге би өзінің басын алғалы келген Барынға:

Барын, саған не қылдым?

Бірің екі болмасын!

Жұртың қараң қалмасын!

Ханнан ханды мен жықтым,

Хан болып сен қалмассың!

Сүт орнына қан құйдың,

Қанымды ішіп не қылдың?

Қазан, Қырым, Аждархан,

Құнымды сұрап келгенде,

Не болғанын сонда білерсің? –

дегені дәл келді, «Алтын орда» құлаған соң, «жұрт қараң қалды».

Бодандықтың бұғауына түсті, тұйыққа тірелді. Сол тұйықтан бүгін де толық құтыла алмай отыр.

Мына қусырылған заманда Жерұйық пен Жиделібайсын да қалды дейсің бе? Оның үстіне, «ел қамын жеген Едіге» де, «желмаяға мініп  елін қоныстандыру үшін жер іздейтін Асан қайғы» да жоқ. Құнанбай айтқандай, «буыны жоқ – ұстатпайтын, байлауы жоқ – шешілмейтін билік» шықты. Жерін қорғағандар желеусіз желеумен істі болатын:

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойған,

Қу тілмен қулық сауған заң» шықты, – 

деп Абай айтқандай, «өз елін өзі аңдығандар» билеген заманға тап болдық. Әлгі:

            … Кеспе-кеспе сары алтынды,

Кесіп олжа қылдырған.

Еділ жұртын жидырып,

Үлкен бір той қылдырған.

Ағаларды алдырып,

Кеңессіз өскен бұл жұртты

Кеңесті жұрт қылдырған,

Қаланы қайта тұрғызған,

Жерін –  елге толтырған,

Ортасына ару орда қондырған,

Едіге сен екенсің –

дегізетін Едіге қайда?!.

Қазір ерінбеген – алашшыл болып алды. Мәселе ұранда емес, соны ұлттың діліне сіңіруде. Кейде, маған кеңес тұсындағы Балтық жағалауы, Өзбекстан, қазіргі Бельгия сияқты Үнсіз Азаматтық Мойынсынбау қозғалысын үнемі санада ұстаған дұрыс сияқты да көрініп кетеді. Тіпті, бастап та кеткің келеді.

Едігенің сол идеясын тереңдеп зерттеген сайын ұлттық құндылықтарымыздың мағынасы ашыла түстені анық. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың  тәлімі сонда ғана тиянағын табады. Ол, Абайға:

Танымадық,

Жарымадық,

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі, –

дегізген идея емес,  ол – Ақаңа – Ахмет Байтұрсыновқа: 

Қинамайды – атқаны,

Қинамайды түрмесіне жапқаны.

Қинайды тек өз итімнің,

Балағымнан қапқаны, –

дегізген идея емес, ол Едігеге:

Қараңғыда жол тапқан,

Қапы жерде сөз тапқан.

Едігем менің ер еді,

Елдің қамын жер еді,

Ер ішінде дау кірсе,

Мен шешейін дер еді,

Ел шетіне жау келсе,

«Мен барайын!» дер еді, –

дегізген Ұлттық Идея.

3.

Түркі жұртын тарих өкіндірудей өкіндіріп келсе де, өкінуден – өкпесі жарылған жоқ. Өкініштің үстіне – өкініш, өксіктің үстіне  – өксік қосты.

«Алтын орданың» күйреу кезеңі тура «қырық жылдық қырғынға» созылды. Бақытсыз тағдыр үшін жыл құрғатпай өткен және жылына екі-үш еруліге – үш-төрт мәрте қарулы қарымта қайтарған тақ таласының әр қайсысында, орта есппен алғанда 40-50 мыңнан астам адам қасым болып отырған. Ал, дәуірлік маңызы бар  Мамай мен Тоқтамыс, Темір мен Тоқтамыс, Едіге мен Тоқтамыс,  Едіге мен Темір  арасындағы қанды қасапта, менің үстірт есептеуімше,  екі жарым миллион  еркек кіндікті қылышқа басын тосыпты. Бұған, Мамай мен Куликово шайқасына жиыны, шамамен 500 000 мың, Тоқтамыс пен Ақсақ Темірдің қан қасабына жиыны шамамен  700 000 мың жауынгер қатысып, олардың дені майданда қаза тапқанын ескерсек, ұлы даланың жел азынап, жұрт қаңырап, бос қалғанын сезіну қиынға соқпайды. Ақсақ Темірдің – Қорасан, Бағдад, Шам шаһарларына,  Иранға, Индияға, Осман империясына жасаған жорықтарында, Мамайдың – Ресеймен, Едігенің – Ресеймен, Тоқтамыстың – Ресеймен, Тоқтамыстың – елхандармен арадағы ағайынаралық соғыстарында қаза тапқандардың барлығы да ұлы даланың сарбаздары екені анық.  Осыдан-ақ, бұл қасіреттің қияметтік сыпатын түсінуге болады. Бұған «Алтын орданың» өз ішіндегі ұсақ хандықтардың қырқысы қосылғанда, сол орданың орынында шаңырақ көтере алатын жұрт қалғанына таңданасың.

Жетпіс-сексен жылдың ішінде жетпіс-сексен хан ауысып, үш ұрпақтың өкілі, яғниғ ата-әке, немере үшеуі бір-біріне қарсы жорыққа аттанып, бірін-бірі қылыш жүзінен өткізген соң, бұрынғы рулық-ұлыстық туыстықты былай қойып, аталық, әкелік, немерелік, бауырлық   байланыстың өзі үзілді. Әр ұрпақтың өкілі – өз тұсындағы хандардың әскерінің құрамына алынды. Ал, ол хандар аталы-балалы-немерелі үбірді бір-біріне өлтірткізді. Сөйтіп, Едігенің заманындағы тұсында:

Ерте болды – кеш болды,

Қалың соғыс еш болды.

Күн тұтылып шаң болды.

Екі шері (арыстан) бір келіп,

Екі Еділдің арасы,

Екеуіне тар болды.

Атта тұяқ қалмады,

Баста құлақ қалмады.

Тапталып жатқан өліктің,

Есебі-саны болмады, –

дегізген қандышелек сапырылысты заман туды.

Бұл идея – Ілияс Есенберлинің «Алтын орда» трилогиясында   астарлы да көркем, анық та қанық бейнеленеді. Ол идея – миллионға жуық ағайынды қандастар өзара қырқысып, бірін-бірі қан майданда қасап еткен Темірлан мен Тоқтамыстың арасындағы шайқастың кезіндегі «ел қамын жеген Едіге» мен оның туған ағасы Исабектің  қылыш   қағысытыруы сәтінде толық ашылады. Ресми емес деректерге  сүйене отырып, «Алтын орданың»  күйреуі қарсаңындағы елу жылдың ішінде Темірланның, Мамайдың, Тоқтамыстың, Едігенің жорықтары мен өзара шайқасында  екі жарым миллионнан астам еркек кіндіктің жер жастанып, ұлы даланың иесіз қалғанын  тағы да еске саламыз.

Алтынорданы күйреуіне себепші болған шешуші азаматтық соғыс  – Тоқтамыстың тұқымы Қадырберді мен Едігенің, Едігенің ұлы Нұрадіннің арасында өтеді. Жанбай жәдігөйдің азғыруымен иенде жатқан Едігені ұлы Нұрадынмен,  әкелі-балалы екеуін  Қадырберді ханмен арандатуынан басталды. Сөйтіп, ол арандату:

Қайраты судай тасадыр,

Ащуы шектен асадыр.

Атына қамшы салған соң,

Жауды келіп басадыр.

Қайда садақ тартадыр,

Қайда мылтық атадыр.

Қайда қылыш сілтелеп…

 …Ол шетінен кіредір,

Бұ шетінен шығадүр.

Қойға кірген бір бөрі,

Бөрі қойды қырадыр, –

дегізген бабларымыздың арасындағы өзара қан-қасапқа ұласады.

Сол шайқастағы ең үлкен қасірет: әкесі – Темірланның, інісі – Тоқтамыстың, баласы – Мамайдың, немересі – Едігенің әскерінің қатарында (не керісінше болуы да мүмкін) бір-біріне қарсы соғысуға мәжбүр болғаны! Сол қанжосада осыдан отыз жыл бұрын ажырасқан бауыры Дәулетбекпен бетпе-бет келіп қалған Едіге: «Артта ұрпақ қалды ма?  Жөн екен. Татулықпен бас қосатын күн туар. Арттағы ұрпаққа осыны аманат ет!» – деп екеуі екі айырылып, бірінің әскерін бірі қидалай алға ұмтылады.
Сонда Едіге айтты – дейді:

Өлімменен қорқытпа,

Қорқатұғын ойым жоқ.

Өлім тура кеп тұрса,

Құтылатын бойым жоқ.

Елім үшін елсінем,

Жерім үшін жерсінем,

Халқым үшін қайысам,

Көкірек толып күрсінем,

Көріскенде халығым,

Аңладың ма, соны – біле алман!

Аңсламаса халығым,

Аңлатпастан өле алман! – деп.

Мұнда, осы екі жан түршігерлік көрініс пен жан ерітер бауырмалдықты Едіге арқылы көрсетіп отырған «Едіге» жырын жырлаған жырау мен Ілияс Есенберлиннің ұлы аңсары жатыр. Хан мен қарашасын, би мен биді, әкесі мен баласын, ағасы мен інісін майдандастырған не? Ел мүддесі ме, жер мүддесі ме?

Сонда, Барын бастап, Шырын қостаған «он екі төре, алты би» Едігені неге өлтірді? Оның себебін Барын мырза  былай түсіндіреді:

Әй, Тоқтамыс билері!

Тоқтамыстың буыны кесілді,

Хан болар хан қалмады.

Ханнан қалған қарышқы (асатаяқ),

Қарышқыны кім алар?

Хан тағына кім мінер?

Толайы жұртты кім билер?

Едігей есен қалғанда,

Халқын жиып алғанда,

Иесіз жатқан Еділ-жұрт,

Ел Едігейге қалғанда,

Тоқтамыстың билері,

Би болар күн бір тумас!, – дейді.

Яғни, Барын мен Шырын, жәдігөй Жанбай билікті көксеп тұр? Бұл Шыңғыс ханның тақ мұрасына берген антқа сенімділік пе, жоқ, бас сауғалау ма, көкейлерін тескен  не? Әйтеуір, жаралы, жаяу қалған Едігеге тұс-тұсынан:

Он екі сүңгі, алты оқ,

Едігейге қадалды.

 … Қамыс басын қан алды (242-бет).

Әлде, «қамыс арасында» Едігенің басын алдырған «Алтын орданың» абыройы ма?!. Хандықтың қамы ма? Жоқ! Атай көрмеңіз. Ең бастысы – бақ пен тақтың таласы. Осы арада мынадай бір ой ұшығы қылаң береді. Біз ғой, «Алтын орданың» құлауын Едіге бастап келген Ақсақ Темірдің жорығынан көреміз. Иә, бұл тарихи факт. Ал, мұны идеялық тұрғыдан бағаласақ ше? Ақсақ Темір төресіз билік құрылымын  әкелді. Қарадан шыққан Темір – әмір болды, яғни, Напалеон монархияны құлатып, парламенттік демократияны орнатқаны сияқты, Ақсақ Темір де өзінше дала демократиясын – халық билігін орнатты. О, баста «Алтын ордаға» жорыққа аттанғанда Ақсақ Темір де, Едіге де ұлы ұлысты ыдыратқан, Мамайды, Қырымды, Қазанды, Аштарханды, Ақ орданы, Сарайшықты бөлшектеген, мемлекеттік-ұлыстық тұтастықты бұзған Тоқтамыстың алауыздыққа құрылған билігін жойып, Едігенің армандағанындай, Қырым, ноғай, Ақорда, Қазан, Сарайшық хандықтарын біріктіріп, тұтас елге айналдыруды мақсат етті емес пе?

Едіге тегіннен тегін «қазақ шығып, ел іздеп: «Сығанаққа, Сығанақтан шығып Сарайшыққа, Сарайшықтан Ажтарханға, Ажтарханнан Ақтөбеге, Ақтөбеден Жайыққа, Жайық басы – Қырық Шоланға, Еділ басы – Иремалға, Нұрадан шығып Ертіске» аттанған жоқ қой. Ақсақ Темір болса, өзінің «әмір-көреген» деген атағын орнықтырып, «Алтын ордада» сондай билер сайланып билеген мемлекеттің өмір сүруін қалағысы, сөйтіп, өзінің төресіз билігін ұлысаралық деңгейде заңдастырғысы келді емес пе! Оның «ханнан бас тартып, қазақ кеткен» Едігеге:   еліңнің басын қосып берейін – деуі, Едігенің: Қазынасын алып – елге беремін, Хандықты лайық биге беремін, – деуі, ұлы Нұрадіннің сол үшін: «Еділ мен Жайықтан, Сарай менен Былғардан, Нұраның қара қомынан, Ойыл менен Қиылдан, Қарғалы, Елек бойынан, Татардың тулы жұртынан» сәлем алып келуі – соны аңғартпай ма?

Әйтпесе, Нұрадын хандыққа сайлануға ұмтылғанда, туған ұлына қарсы боп, теріс батасын беріп, өзі «қазақланғандағы» Едігенің көздегені – ел бірлігін сақтау, лайықты биді билікке сайлау емес пе? «Едіге» жырының озан идеясы да осы емес пе! Сол мемлекеттік-елдік тұтастық идеясы жолында Едігенің өзі: «Елім үшін елсінем, Жерім үшін жерсінем, Халқым үшін қайысам», – деп қаза табуы соған дәлел емес пе? Қалай десек те, «ел қамын жеген Едіге» ұлттық идея – ұлттық, ұлыстық тұтастық  үшін қасық қанын төкті, алтын басын қылышқа қидырды.

Иә, Ақсақ Темір мен Едіге «Алтын орданы» күйретіп тынды. Бүкіл бір дәуірді, Шыңғыстың дәуірін күйретіп тынды. Ұлы ұлыс ұсақ хандықтар мен бектіктерге боршаланды. Бас-басына хан, бас-басына би болды. Тіпті, 1924 жылы ғана құлаған Бағдаттағы жалайырлар хандығы сияқты күтпеген бөлшектер мен билік иерархиясын өмірге әкелді. Себебі не? Қандай тарихи зауалға тап болды?

Едігенің есімінің ел есінен ұмытылмай жүргені де, «Едігесіз ел – Еділ-Жайыққа қона алмас!» – деуі де, сондықтан.

Бұл былғақ, өзінің осындай өкініш-өксігін  жұтқыза отырып, соңына, Мамай мен Тоқтамыс, Ақсақ Темір мен арғы Әбілқайырдың жоқтауында айтылмаған:

Аты жоққа –  ат болған,

Шөлдегенге су болған.

Адасқанға жол болған, –

деген жосынды аңсарды қалдырды.

4.

Ал, әу баста өшпенділіктң отын тұтатқан, қастаншықпағыр қаскүнемдіктің себепкері – күншілдік, оны қоздырған кәдімгі күндестіктің, соның ішінде  ішін тырнаған қызғаныштың тырнағы – ұрғашы арыстанның тырнағынан да өткір   әйел қызғанышы.

Иә, идея үшін күрес – қашанда қарама-қайшылықтан, тағдыр трагедиясынан және әйелдердің қызыл өңешінен шыққан әзәзіл арандатулардан тұрады. Тоқтамыс пен Едігені арандатқан да  әзәзіл ашыналық қызғаныштың  қызыл тырнағы. Өзімен ашына болудан бас тартқан жас Едіге мұны табалады деп түсініп, одан кек алу үшін айтқан Тоқтамыстың ханымы  Жәникенің (Иәникенің) сөзі.  Арандатуға,  «Ел» деген Едігенің мысы басымдығы, «тақ» деген Тоқтамыстың тәлейінің төмендігі себеп бола кетті. Соны дәлелдеу үшін:

Хан ханыша Иәнике,

Хан оңына отырып,

Етегін оның инелеп,

Ол тақытқа шанышты.

Қырық бірінші ер болып,

Жалғызына сан болып,

Едіге келіп кіргенде,

Тоқтамыстай ұлы хан,

Өзі де өзі сезбестен,

Атып-атып тұрғанда,

Инелеп қойған етегі,

Инесінен тартылып,

Ине шыртылдап сынғанда,

Азамат ер Тоқтамыс,

Өз айыбын аңдады,

Көңілі бөздей бозарды,

Көзі құрдай қызарды,

Борлығып қарар таппады,

Орнында жатты-жатпады.

Үш күн көзін жұмбады,

Үш түн ұйқы татмады.

Мысы басым Едігені көргенде Тоқтамыстың дөті бүлкілдеп, тағат таппайды. Оның үстіне, ұрғашы арыстанның табасы бетіне ыстық таба болып басылады. Сыпыра жырау Едігенің Тоқтамыстан не қалайтынын сұрағанда: Қазынасын алып – елге беремін, Хандықты лайық биге беремін – дейді. Яғни, жырдағы Едіге – биліктің ел қолында болғанын аңсайды.

Ал Тоқтамыс болса:

Шыңғыстан болған затыма,

Құл Құбағұл теңелмес.

Ол келгенде мен тұрман,

Тоқтамыс хан мен болман!, – дейді.

Бұл, сол Едіге дәуірінде: Шыңғыстың «Жасағының» иерархиясымен халықтық би институтының құқықтық дәргейі билік сақнасында бір-біріне қарама-қарсы, бір-біріне бетпе-бет келгенін танытады.  Демек,  бұл, Едіге мен Тоқтамыстың арасындағы «мыс пен табаның» ғана емес, ел (демократиялық) идеясы мен мемлекеттік хандық (монархиялық) билік арасындағы трагедиялық зауал тұс. Оған өрт қойған – ұрғашы арыстанның қызғанышы. Ол заманда гендерлік саясат ашық жүргізілмегенімен, өзінің қызыл тілімен жау өтпейтін қамалдан өтіп, хандар мен хандықтардың шаңырағын ортасына түсіріп отырған. «Рүстем-дастандандағы» Сордаба соның бір дәлелі. Онадай арандатулар бұрын да болған, қазір де бар, ертең де үрімін үзе қоймас.

Сөйтіп, «қызғаныштың қызғыш құсы» «Жерін –  елге толтырған, Ортасына ару орда қондырған, Едігенің» ұлы Нұрадінді де: 

Қазақ шығып жерінен,

Садағы түспесін белінен,

Минемдайын абдырап,

Қорыққаннан қалтырап,

Бас қоярға жер таппай,

Қуылып жүрсін елінен, –

деп елден қуды.

Міне, бұл: «Алаш – алаш болғанда, керегеміз ағаш болғанда, Едіге қазақ шығып кетіп, қазақ атанып шыққан дәуіріміздің басы. Тоқтамыстан қарғыс алған Нұрадін:

Бір жөнелді Темірге,

Бір жөнелді Сығанаққа,

Сығанақтан шығып Сарайшық,

Сарайшықтан Ажтархан,

Ажтарханнан Ақтөбе,

Ақтөбеден Жайыққа,

Жайық басы – Қырық Шолан,

Еділ басы – Иремал,

Нұрадан шығып Ертіске,

Ел қыдыртты, –

яғни,  Едігені де елден қуды, ол «қазақ боп бөлініп шықты».

Иә, тақ пен бақ үшін әкенің бетін жырту – Едігенің ер туған ұлы Нұрадінге де намыс болмапты. «Атасы хан етпеді, өзі де хан болмады» – деп:

Иә, сен өзің хан болғын,

Иә, сен мені хан қыл.

Иә, сен мені өлтір,

Иә, мен сені өлтірем.

Иә, көзіме көрінбе,

Қазақ шығып кет! – дейді.

Бұған не дерсің? «Көргенсіздің баласы» – дейтін емес. Көргенсіздік танытып отырған – бетімен кеткен ұрпақ.  Едігенің өзі: «Өзінен бір жас кішіге: «Әзір бауырым, Сіз тұра тұрыңыз, Біз сөйлерміз, Бізден кейін сіз сөйлерсіз» , – деп үйреткен өз ұлы. «Ата тұрып – ұл сөйлегеннен без, Шеше тұрып – қыз сөйлегеннен без» – дегеннің кері осы. Түп тұқиянымыздың бетін бұдан аулақ қылсын.

Міне, нәпсінің қозған қызыл құртының арандатуынан басталған әреке осылай «Алтын орданың» түбіне жетті. Ақыры:

Еділ-жұртты дау алды,

Жау үстіне жау келді,

Едігей айтқан күн келді.

Шыңғыстың қойған хан тағы,

Хан тағы болып әверелді,

Хан сарайға қамалды.

Қырым, Қазан, Аждархан,

Бас-басына ел болды,

Алтын орда таралды.

Сөйтіп, ұлы дала бос қалды.

Соның кейінгі кесірі қазақ хандығын бодан етті, әуелі Абылай, соңынан Кенесары көрген кесірлі тұспалды түсті  шындыққа айналдырды. Алда «қатерлі өткел», «айқас» күтіп тұрды. Жұбанышы, қазақ халқы соның барлығынан – бодандықтың «қасірет мұхитынан қайықтай қалтылдап» барып, бүгінгі тәуелсіздіктің дәмі бұйырды. Тәубә.

5.

Иә, Едіге – трагедиялық таихи тұлға. Еуропа, орыс, жалпы тарихшы атаулылар оны «узурпатор» – билікті тартып алушы деп бір жақты бағалайды. Ал, оның түпкі идеясы – ұсақ хандық емес, ұлттық бірлік, дала демократиясы емес пе екен?!. Халықтың да «Едіге»   эпосы арқылы, яғни, көркем аңсар арқылы жырлағаны сол емес пе? Тіпті, жыраулар поэзиясында: «Шаһ Мамайдың тұсында, дәурен сүрдім, өкінбен!» – деп уаз кешуі, Тоқтмыстың төменетектің сөзіне ерген тәлейсіз сүлдерін мекземей ме?!.

Сұрақ қойылды. Көркем шындыққа сүйеніп сұрақ қоюымызға қақымыз да бар. Ал, оған нақты жауапты келешек береді.

 Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабін: «Қазақ деген ұлт – алмас қылыш сияқты. Қалай сермесең де қиып түседі. Сол қылыш бүгін де қынынан сурылып, жүзі жарқылдап тұр. Мәселе, кімнің қолына түседі, ол қалай ұстайды, кімге қарсы сермейді, соған байланысты» – деп аяқтаған болатын. 

Сол Едіге қынынан суырған алмас қылышты қазір де тот басқан жоқ. Жүзі жанылған, қыннан суырылған күйінде. Әлі де арлы қолға қашанда ұсталуға дайын.

Заман кімнің заманы  – Едігенің заманы, Дәуір кімнің дәуірі – Едігенің дәуірі, – дегізетін ұлы заман алда. Ондай рух пен күш: бүгінгі күнді: Едігеге дейінгі ойлау жүйесі, – деп есептететін, ертеңгі күнді: Едігеден кейінгі ойлау жүйесі – дегізетін ұлы ұлттық идея мен рух қазақ елінің бойында бар – деп есептеймін. Ол идея мен рух жаңа бір күш-қуат жігермен, толысқан мазмұнмен қайыра оянады – деп сенемін.

 

Тұрсын Жұртбай, жазушы, алаштанушы ғалым

Exit mobile version