05-07-20 | 14:16
«Тарихты орысша жазатын тарихшылар көп».
«Тарихты орысша жазатын тарихшылар көп»

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы жарияланғаннан кейін Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы 2018 жылы жарық көрді. Мақалада көтерілген мәселелер белгілі бір уақытқа байланбайтын, ұлттың дамуы мен тарихи түлеуіне негіз болар іргелі ойлар айтылған ұзақ мерзімді стратегиялық мақала екені сөзсіз. Біз сөзге тартқан тарихшылар Елбасы мақаласының өзектілігіне тоқталып, оның маңыздылығын айтқан еді.

Талас Омарбеков, тарихшы:

–  Қазақ тарихқа құмар халық. Тарихын бір жүйеге түсіре алмай жүрген ел. Өйткені тарихымыз орыстардың дерегінің негізінде орыс тарихшыларының ықпалымен жазылып келді. Қазір студенттер оқып жатқан оқулықтардың ішінде әлі де орыс ғалымдарының еңбектері бар. Сондай-ақ орыс деректерін пайдаланып, тарихты орысша жазатын тарихшылар қазір де көп. Ал Елбасының мақаласында айтылған тарихи мәселелерді қолға алу үшін ең әуелі қазақтың тарихын қазақша жазу керек. Қазақ тарихы қазақ деректерімен негізделуі тиіс. Қытай, араб, парсы, орыс саяхатшыларының, дипломаттарының деректері тәуелсіздік жылдарында табылған көптеген археологиялық өз деректерімізбен салыстыра қаралғаны жақсы. Тарихтың жазылуында қазақы көзқарас, қазақы болмыс, қазақы ұстаным бірінші орында тұруы тиіс. Ал қазақы болмысы қайда? Ол біздің фольклорда, ауызша тарих айту дәстүрімізде. «Бабалар аманаты» деген жүз томдықтық фольклордың бір шеті ғана игерілді. Шын мәнінде ел арасында сақталып қалған деректер қаншама! Мәселен, біздің тарихшылар әлі күнге дейін төл деректерімізді пайдаланбайды.
Мысалы, Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында тарихи тұлғаларға да тоқталғанын білеміз. Осы тарихи тұлғалар тақырыбы өте маңызды мәселе. Мысалы, көнеден жеткен тарихи кітаптарды қарап отырсаңыз, біздің тарихымыз жеке тұлғалармен тығыз байланысты екенін байқайсыз. Мемлекетіміздің атауының өзі Рашид-ад-инде келтірілетін шежіремен сабақтасып жатыр. Біздің тарих орыстың да, қытайдың да, парсының да тарихына ұқсамайды. Тіпті мынау өзбек пен қырғыздың тарихынан өзгешелігі бар. Олай болатыны, тарихымыз жеке тарихи тұлғалардың мемлекет құру ісімен байланысты. Осыған қарап-ақ, Елбасы мақаласындағы тарихи тұлғаларды ұлықтау мәселесі арада уақыт өтсе де өте актуальді екенін көруге болады. Халық неге батырларды, тарихи тұлғаларды дәріптейді? Өйткені бұл сандаған мың жылдар бойы қалыптасқан тарихи психологиялық хал. Батырлар жырын алып қараңызшы, суға салса батпайды, отқа салса жанбайды. Халық сондай тұлғаларды армандаған және сол тұлғалардың артынан ілескен.

Бүркіт Аяған, мемлекет тарих институтының директоры, тарихшы:

– Қазір экономика тұрақталды, саясат бір қалыпқа түсті. Әрине, сынаушылар көп, наразы адамдар да бар. Ол заңды. Демократиялық қоғамды пікіралуандығы болуы таңданатын нәрсе емес. Ал осы үдерістердің ішінде ең қиыны – адамның санасын өзгерту. Елбасының мақаласына қарап отырсаңыз, оның антикоммунистік, антимарксистік дүние екенін байқауға болады. Мақала тәуелсіз ұрпақтың өз тарихын танып, біздің ешкімнен кем емес екенімізді көрсетіп, өркениетіміздің тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Енді не істеуіміз керек? Қазақ зиялылары, тарихшылар осы жаңаша ойды науқаншылдықпен бір рет қана емес, жыл сайын оралып елге  жеткізуі керек-ақ. Мұнда тағы да бір маңызды нәрсе бар. Ол – совет өкіметі кезіндегі тарихи негіздерді қайта қарау қажет. Кеңес дәуірінде жазылған дүниелерден дұрыс тұжырым таба алмайсың. Осы тұрғыдан келгенде Тұңғыш Президент – Елбасының мақаласы қажет дүние. Өйткені материал бізді қайтадан обьективті ғылыми негізге алып келіп отыр.
Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да өзекті тақырыптар қозғалған. Мәселен, «Біздің ел бұдан былай сырттан келетін идеологияға жол бермеу керек» дейді. Большевизм, коммунизм бізге сырттан келген идеология еді. Ол идеологияның қандай зардаптар әкелгені тарихтан белгілі. Сондықтан да Елбасының мақаласында айтылған ойлар қазір де өте өзекті, маңызын жойған жоқ. Мақаланың бір қырын құлдық санадан арылту жолы деп те қараймын. Балабақшада, мектепте, жоғарғы оқу орындарында біз осы көзқарасты ерінбей айтып отыруымыз керек.

 

Алмас Арзықұлов, саяси ғылымдардың Ph.D докторанты:

– «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала мұның алдындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының заңды жалғасы, құрамдас бөлігі деуге болады. Алдыңғы мақалада ұлттық жаңғыруға қатысты латын әліпбиіне көшу, түркі елдеріне жақындасу және ұлттық код арқылы ұлттың болмысын тану айтылған еді. Ал кез келген ұлттың жаңғыруының бірден бір жолы ол оның тарихы. Тарихын білмеген адамның болашағы бұлыңғыр. Міне, осы тұрғыдан келгенде екінші мақала біріншінің мазмұндас жалғасы деп қарастырсақ қателеспейміз.
Жеті қасиетті сан болған соң алынып отыр, әйтпесе, мақаланың ішінде айтылған тарихи мәселелерге қатысты ойлардың көп қырлары бар. Соның ішінде тарихты зерттеуге бағытталған «Архив-2025» бағдарламасын атап айту керек. Бұл жоба негізінен сонау сақ заманынан бастап, орта ғасырға дейінгі бағзы тарихқа қатысты шетел мұрағаттарындағы тың деректерді айналымға қосып, халыққа жеткізу. Сол арқылы қазақ халқының сонау сақтардың, ғұндардың заңды мұрагері, осы жердің иесі екенін дәлелдеу.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.