27-11-20 | 22:20
Төлқұжатқа қазақ деп жаздыру қытайлануға алып келеді.
Төлқұжатқа қазақ деп жаздыру қытайлануға алып келеді

Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өткен болатын. Аталған жиында Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры Динара Нұралиева өзге ұлт өкілдерінің төлқұжатына «қазақ» деп жазу туралы ұсыныс тастаған болатын. Мектеп директорының ұсынысын кейбір азаматтар қолдаса, екінші тарап өзінің наразылығын білдіріп жатыр. Жалпы өзге ұлт өкілдерінің төлқұжатқа қазақ болып жазылғаны дұрыс па, жоқ әлде бұрыс па?

Әкесі – дүнген, анасы – ұйғыр, арғы аталары – орыс, өзбек, татар және басқа да бірнеше диаспорадан тарайтын Динара Нұралиева өзі сияқты азаматтардың төлқұжатына «қазақ» деп жазатын уақыттың келгенін айтады.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда бойында 7-8 этностың қаны бар мен сияқты жүз мыңдаған адам бар. Мүмкін осындай азаматтарды төлқұжатына «қазақ» деп жазатын уақыт келген шығар? Біз әрқашан татулық пен бірлікте өмір сүріп келеміз. Ортақ үйімізде бір үзім нанды бөліп жеп отырған жайымыз бар. Басты байлық – тұрақтылық екенін естен шығармауымыз қажет. Біз әрдайым бірге болсақ, әлі талай асуларды бағындырамыз», – деді мектеп директоры.
Халықаралық сарапшы Әлкей Марғұланның айтуынша, өзге ұлт өкілдерінің қазақ болып жазылғанын да тұрған еш әбестік жоқ. Өйткені ол қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт деген пікірде.

«Егер де қандайда бір азамат өз болашағын Қазақ елімен байланыстыратын болса, онда ол неге өзін қазақ деп атамауы керек? Менің ойымша, диаспорлардың қазақстандықпын дегенінен қарағанда қазақпын деп өзін сезінгені маңызды. Негізі елімізде өзге ұлт өкілдерінің құқықтары мен мүдделері жақсы қорғалған. Бірақ басымдық ретінде мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ халқының рөлі одан әрі нығая түсуі керек. Неге? Ең бірінші территория үшін тарихи жауапкершілік қазақ ұлтының мойнында. Сондай-ақ экономикалық, ішкі және сыртқы саясаттың тұрақтылығы қазақ ұлтының саяси, экономикалық мүдделерінің қорғалуымен жүзеге асады. Егер біз белгілі бір ұлтқа басымдық беріп, қазақ ұлты екінші позицияда болады деген саясат ұстанатын болсақ, уақыт өте келе бұл жақсылыққа әкелмейді. Себебі ұлтаралық қақтығыс жеріміз бен еліміз үшін үлкен сындардың бірі болуы мүмкін. Мұны Елбасы жақсы түсініп отыр. Ал диаспораларды қазақ деп атауға мүмкіндік беру әр азаматтың жеке жауапкершілігіндегі мәселе. Идеологиялық тұрғыдан «Біз бәріміз қазақпыз» деп айтқанның артында ешқандай проблема жоқ. Керісінше бұл қоғамдағы көптеген топтарды біріктіреді», – дейді ол.
Алайда белгілі блогер Максим Рожин өзге ұлт өкілдерінің қазақ болып жазылуына қарсы. Өйткені ол төлқұжатқа қазақ деп жазғаннан ештеңе өзгермейді деген пікірде. Мәселен қазақ тілін білмейтіндер қазақша сөйлеп кетпейтінін ескертті.

«Әуелі біз ұлт пен этникалық идентификацияны ажыратып алайық. Біз осы екеуін біріктіріп тастадық. Еуропалық үлгімен менің ұлтым қазақ (қазақстандықпын, Қазақ елінің азаматы), ал этникалық идентификациям орыс. Этникалық идентификацияны Марсқа барсаң да өзгерте алмайсың. Ал белгілі бір мемлекеттің азаматтығын, адамдар осы күнде өзгертіп жүр. Кешегі ұсынысты ешкім түсіндірмеді, барлығымыз өзімізге Кеңес үкіметінен үйреншікті болып қалған тәсілмен ұлттық идентификацияны өзгерту деп қабылдадық. Ұсыныс менің түсінігімде басқаша сарында болды, бірақ біз оған дайын емеспіз, оны қабылдай алмаймыз. Шетел біздің барлығымызды «қазақ» деп қабылдайды, өйткені олар оны қай мемлекеттен келгенімізге қарап айтады», – дейді ол.
Максим Рожин төлқұжатқа қазақ деп жазбастан бұрын әр адам мемлекеттік тілді меңгеруі керек деген пікірде. Өйткені ол мемлекеттік тілді білетін адам автоматты түрде қазақ болып саналатынын ескертті.
Шыны керек төлқұжатқа қазақ деп жаздыруға рұқсат беру еліміздің қытайлануына алып келуі мүмкін. Мәселен миллиард халқы бар қытайдың 1 пайызы, яғни 10 миллионы азаматтықалса, елдегі халықтың 50 пайызын құрайды екен. Мұндай үлес салмақпен Президенттік және Парламенттік сайлауда айқын жеңіске жетуге болады. Сондықтан да аталған ұсыныс іске асатын болса, заңда «диаспоралар соңғы 50 немесе 100 жылда қазақ жерінде тұру керек» деген бап жазылуы керек. 19 миллионға жетер-жетпес халық азшылық ұлтқа айналуы мүмкін.
Тоққсан аусз сөздің тобықтай түйіні, төлқұжатқа қазақ деп жазу өте маңызды дүние. Алайда ол үшін енді бір ұрпақ ауысып, еліміздегі азаматтар бір тілде сөйлейтін жағдайға жетуі керек секілді. Міне сол кезде төлқұжатқа қазақ деп жаздырудың қажеті де болмай қалады.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk