27-09-19 | 12:28
“Томирис” кинотеатрларда неге қазақ тілінде көрсетілмей жатыр?.
“Томирис” кинотеатрларда неге қазақ тілінде көрсетілмей жатыр?

26 қыркүйекте Алматы қаласында режиссер Ақан Сатаевтың “Томирис” фильмінің тұсаукесері өтті. Алайда көркем фильмнің көрсетілімі орыс тілінде болды. Фильм Алматы кинотеатрларына да жол тартқан, бірақ онда да қазақша көрсетілмейтін болып шықты.

Сақ патшасы Тұмар ханым туралы көркем фильмнің қазақша аудармасын жасадым деген дәстүрлі әнші, өнер зерттеушісі Ерлан Төлеутай фильмнің тұсаукесері не үшін қазақ тілінде көрсетпегеніне наразылық білдірді. Ол мұны  мемлекеттік тілге құрметсіздік деп түсінеді екен.

-“Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейін фильм сақ заманының атмосферасын беру үшін көне түрік тілінде түсірілді. Міне, осы көне түрік тілінен аталмыш туынды қазақ тіліне аударылды. Қазақша аудармасын жасаған мен. Маған дейін бірнеше аудармашы талап қылған екен, бірақ көңілдегідей киноға лайықтап тəржімалай алмапты. Кейін фильм режиссерінің өтінішімен бастан аяқ қотарып аударып шықтым. Алайда аудармамды “Сатайфильмге” тапсыру оңай болған жоқ. Режиссер Ақан Сатаев жүз беттей аудармамды бір айға жуық уақыт қабылдады. Күнде жылан арбаған торғайдай бір-бірімізге қарап бірнеше сағаттан аңдысып отырамыз. Сөйлем түгілі əрбір сөзге үңілісеміз. Менің кез келген тарихи фильмді жазғандағы басты қаруым – қазақтың ескі қолды жалпақ тілі. Осыны қырнап, жонып кинотіліне келтіремін, ыңғайлаймын. Орнымен қолданған архаизмдер фильмге ескіліктің сарынын естіріп, бағзылықтың атмосферасын береді. Режиссер Ақан Сатаев менің бұл тәсіліме кет əрі емес, бірақ бұл ескі сөздер жаңа көрерменге түсінікті болсын деп талап қояды ол маған. Міне, осы жерге келгенде бұл пақырыңыздың “қиналған Жамбыл жері осы” болады. Сөйтіп современный көрермен түсінбейді деген үкіммен талай қария сөздерім құрбандыққа шалынды ғой. Есіме түссе əлі ішім удай ашиды.
Несін айтасыз, сол есіл еңбек бүгінгі көрсетілімде желге ұшты. Көрсетілімге фильмнің орысша нұсқасы қойылыпты. Айтпақшы фильмнің орысша нұсқасы қазақша субтитрмен, қазақша нұсқасы орысша субтитрмен жасалған болатын”, -дейді Ерлан Төлеутай өзінің фейсбук парақшасында.

Ал көрермендердің бірі Ернар Алмабек “Қазақфильм” фильм шығарды дегенше, қазақша сеанс іздеп әлек болам десеңші…” деп жазыпты.

-“Кеше өзім барып көріп келген “Томирис” фильміне үйдегілерді апарайын деген едім. Туындыны қазақ тілінде көрсететін кинотеатр таппай отырмын. Kino.kz сайтын қарасам, қазақ тілінде сеанс жоқ дейді. Таңнан бері кинотеатрларға қайта-қайта хабарласып жатырмын. Әзірге көбісі тұтқасын көтермеді.Тұтқаны көтерген Silk Way Cinema кинотеатрының қызметшісі: “Кейінірек хабарласыңызшы. Нақты айта алмаймын. Бірақ бәрі орысша ғой деймін”,- деп жауап берді.

Kinopark 11 (Esentay): “Все сеансы на русском, на казахском нет”,- деп қысқа қайырды. Бұдан Kinopark-тың басқа бөлімшелері де солай жауап берер деген оймен оларға хабарласпадым. Kinopark.kz деген сайттарына кіріп көрдім. “Язык” деген жерде ешнәрсе жазылмаған, демек, фильм орыс тілінде”, -деп назын білдірген көрермен:

-“Біз үнемі қазақша сеанстарды көбейтіңдер деп шулаймыз, “Қазақфильмнің” сылтауы бітпейді. Нарық дейді, қазақтар киноға бармайды, қазақ тіліндегі киноны ешкім көрмейді, біз шетелдерге өзімізді таныту керекпіз, елімізде көп ұлт тұрады, кинотеатрлардың қалауы, статистика бойынша солай дейді, тағысын тағы… Неше жылдан бері жалғасып келе жатқан дау? Қашан тоқтар екен?

Кеше “Томиристің” Алматыдағы тұсаукесерінде де осы мәселе көтерілді. Премьера кезінде (Алматыда да, Елордада да) фильм орысша көрсетілді. Фильмді жарнамалау толықтай дерлік орыс тілінде, орыс тілді БАҚ арқылы жүрді.

“Қазақфильм” өкілі неге олай деген сауалға: “Бұл біздің қолымыздағы дүние емес. Кинотеатрлардың бәрі жекеменшік. Олардың қалауы осындай болды”,- деп жауап берді.

Ал Ақан Сатаев ағамыз: “Елімізде 116 ұлт тұрады. Украина орыс тілінен бас тартқанда кинотеатрларға ешкім бармай қойған”,- деді. “116 ұлт” деген сөз пресс-конференция барысында бірнеше рет айтылды. Кейін, журналистер қоймаған соң, режиссер: “Фильмнің қазақша нұсқасы бар. Кинотеатрларда көрсетіледі. Мен де қазақпын. Мені де бұл мәселе толғандырады”,- деді. Бірақ мәселені шеше алатынын, не шеше алмайтынын ашып айтпады.

Фильмнің қазақша нұсқасы бар екенін түсіндік, кинотеатрларда да көрсетіледі екен… Әдетте қазақ тіліндегі сеанстарды таңғы 10-ға қойып қоятын еді. Әзірге ол да жоқ. “Бірінші күн ғой, ертең, бүрсігүні дұрысталар…” деп қоямын іштей…

Бұл мәселе сіздерді де толғандырса, кинотеатрлардан туындының қазақ тіліндегі нұсқасын көрсетуді сұрайық, талап етейік. Өз басым қазақша көрсетілмесе, үйдегілерді бұл фильмге апармаймын” -депті.

“Томирис” фильмін түсіруге 3 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.