Тоқаев қаңтар оқиғасындағы өзгерістер туралы айтты.
Тоқаев қаңтар оқиғасындағы өзгерістер туралы айтты

Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасының ел өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. 

«Өткен жылы ел экономикасы 4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібі 5,5, құрылыс индустриясы 7,6 пайызға артты. Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда-саттық 9,2, көлік саласы 3,6 пайызға ұлғайды. Дегенмен, инфляция деңгейі межеден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғасы қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Заңсыз әрекеттердің салдарынан көптеген азаматымыз зардап шекті. Шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті қазіргі мәліметтер бойынша бизнеске 100 млрд теңгеден астам көлемде залал келгенін атап өтті.

«Жаңа Үкіметтің алдында еліміздің экономикалық әлеуетін толық қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл өте маңызды міндет. Сондықтан оны басымдықтардың бірі ретінде санауымыз қажет. Жоспарланған реформаларды жүзеге асыру және инфляцияны төмендету басты міндеттердің бірі. Ең бастысы азаматтарымыздың табысын арттыруымыз қажет»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі уақытта ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов елімізді дамыту үшін атқарылған шаралар мен Үкіметтің алдағы жоспары туралы баяндап жатыр. Одан кейін Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов ақша-несие саясаты туралы айтады. Алмасадам Сәтқалиев «Самұрық-Қазына» қорының қызметі және оны реформалау туралы баяндайды. Мұнан бөлек, Алматы, Жамбыл және басқа да облыстардың әкімдері және Алматы қаласының әкімі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму барысы жағынан есеп береді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk