Бейсен Құранбек туралы кітап жарық көреді. Кітап «Біздің Бейсен» деп аталады. Жинақта қазақ елінің біртуар перзенті, тірісінде аты аңызға айналған тележурналистика тарланы – Бейсен Абайұлы Құранбектің дүниеден өтуіне байланысты жазылған естеліктер, көңіл айту жеделхаттары, ақындардың арнау жырлары топтастырылған. Жинақ Бейсен Құранбекті құрметпен еске алушы қалың көпшілікке арналған.
Кітапты құрастырушылар: Құрастырушылар: Есболат Айдабосын Ришад Тұрғанбай Арай Жүндібаева Ақжелең Рахаддин Жансая Шыңғысхан. Кітап «Ел-шежіре» баспасынан 1000 данамен жарық көреді.
Төменде кітапқа енген кейбір естеліктерді жариялап отырмыз.
***
Гүлмира ЗЕРБАЙ, Бейсен Құранбектің жары:
АРДАҚТЫМ, АЗАМАТЫМ, АСЫЛ ЖАРЫМ…
(Алғы сөз орнына)
Ол кісі өмірден өтті… Мәңгілік мекеніне жетті… Демі үзілсе, менің де тынысым тоқтайтындай көрінетін. Алайда тірі адам тіршілігін жасай береді екен, басымды көтеріп, айналама қарауыма тура келді. Алланың ісіне көндім. Ол кісінің қазасына қалың қазақ ортақтасты. Көңіл айтқан адамда есеп жоқ, Елбасы мен Президенттен бастап игі жақсылар лебіз білдіріп, жеделхаттар жолдады. Телеарна, газет, сайттар аза тұтып, еске алу хабарларын көрсетіп, мақалалар мен естеліктер жариялады. Бейсекеңнің алыс-жақын шетелдегі бауырлары, аға-інілері, дос-жаран, әріптестері, қарапайым көрермен әлеуметтік желілерде ұзақ жоқтады. Ол жазбалар мен арнау өлеңдерді бейжай оқу мүмкін емес, жүрегің қан жылайды. Барлығын болмаса да, бірқатарын қарап шықтым, көрдім, түсіндім.
Мезгілсіз қаза біздің ғана емес, қалың жұрттың қабырғасын қайыстырыпты. Біз отағасынан, тірегімізден айрылсақ, басқалар елгезек ініден, қамқор ағадан, кәсіби маманнан, жылы жүрек, ыстық қайрат, нұрлы ақылдың иесі болған сыйлы Адамнан айрылған екен.
Ол кісі өмірдің мәнін, өлімнің хақтығын терең түсінді. Өмірінің әр сағатын, әр минутын пайдалы іске жұмсауға тырысты. «Өмірдің өлшемі – ӨЛІМ! Кімнің кім екені өлгенде белгілі болады. Нағыз ЕРсіз, Шер-аға!» – деп жазыпты Facebook желісіне (10.10.2018 жыл). Шерхан Мұртаза атамыз дүние салғанда жазғаны ғой. Өзінің өлімі де кім екенін көрсетті, бәрімізге осы сөзінің ақиқаттығын дәлелдеп берді.
Ол кісі ұзақ ауырды. Аурудың қайбір жақсысы болсын, бәрі ауыр. Бірақ нақ осы дерт адамның сабыры мен төзімін сынауға арналған ба деген ойға қалдым. Дерт дендеп, денені құрсап, қиналып жатса да, қабағын бір шытпады. «Мына ауру пәле болды, шаршадым. Бұлайша қинайтындай Құдайға не жаздым» деп зар айтпады. Бәрін ерлерше қасқайып тұрып қарсы алды. Соңғы күнге дейін жүзінен үміт, езуінен күлкі кеткен жоқ. Өзі төсек тартып жатса да, халін сұрай келген жақындарына әзіл айтып, көңілін көтеріп, жоспарларын тыңдап, ақыл-кеңесін берді.
Жақсының аты өлмейді. Енді Бейсекеңнің екінші ғұмыры басталды. Ол кісіні еске алып, қалам тартатындар аз емес. Қолыңыздағы кітап сол туындылардың бастауы. Мұнда Бейсекең дүние салғанда әлеуметтік желілерде жарияланған шағын естеліктер мен арнау өлеңдер, көңіл айту хаттары топтастырылды. Болашақта көлемді мақалалар мен өзінің жазған ой-тұжырымдары, сұхбаттарын жинап жеке-дара кітап шығару жоспарымызда бар. Әзірге осы бір естелік кітабын қабыл алыңыздар.
***
ХАС ХАЖИБ
Мемлекеттік қызмет дегеннің бел-белесі, ой-шұңқыры көп. Аяқ астынан найзағай ойнап, күн күркіреді. Өзім іргетасын қалаған Тіл басқармасында басшылықта едім,әкімдік зейнеткерлікке екі жыл уақыт қалғанына қарамай, біресе «Нұр Отанға» орынбасар бол, біресе Талдықорған қалалық білім бөлімін басқар деп, қос өкпемнен қысқаннан кейін, амал жоқ, арызымды жазып, Жетісудан желкенімді көтеруді ұйғардым.
Облыс әкімі қайыра шақырып, облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары лауазымын ұсынды.Өзіме етене жақындау сала болғандықтан «Бір-екі жылға қоянның терісі де шыдар» деген ниетпен енжарлау келісіп, телеарна басшысы Бейсен Құранбекке келдім. Отырған орнынан тұрып, есік алдынан жарқырап қарсы алды. Тонның ішкі бауындай араласып жүрген, бұрыннан бері мені жақсы білетін інім дөңгелек үстелге қатар отырып,шай алдырды. Мен мән-жайды күйректеніңкіреп айта бастап ем, сөзімді бөліп, тоқтатып:
– Аға, бәрін де білем. Құдай Сізге қарасқаны шығар, отыз жыл мемлекеттік қызметтен кейін шығармашылықпен айналыссын, кеткен жылдардың есесін толтырсын дегені болар, бірақ мен Сізге басқа қызмет ұсынайын деп отырмын. Орынбасарлықты қайтесіз өндіріске араласып, оданда маған кеңесші болыңыз. Екі бірдей облыс әкіміне де кеңесші болдыңыз ғой, оның жанында бізде еркіндік. Ұжымның 90 пайызы жастар. Оларға Сіздің ақылыңыз, тәжірибеңіз керек. Осыған келісіңіз, – деді.
Бұл ұсынысы жаныма майдай жақты. Шынында, өндіріске араласып, өмірі жұмыс істеп көрмеген саланың ішек-қарнын ақтарып қайтем. Баяғыда облыс әкімі Шалбай Құлмаханов өзінің кеңесшісі Серік Мұқановты «данышпан» деуші еді. Біз де аз уақыт «данышпан» болып көрейік. Облыс әкіміне кіріп, штат, көлік бөлу мәселесін реттеп шықтым, орынбасары Ж.Омар келіп, ұжымға таныстырды.Бейсекең:
– Ұлы ойшыл, данышпан Жүсіп Хас Хажиб Баласағұнды бәріңіз білесіздер, ол ханның бас кеңесшісі болған ғой, енді Ахаң да менің Хас Хажибім, яғни бас кеңесшім. Көпті көрген адам, шығармашылығы бар, әкімдікпен арада көпір де бола алады, жастарға үйрететін тәлімі де жоқ емес, ісіне сәттілік тілейік, – деді қашанғыдай маңдайы жарқырап, сәл жымия, күле сөйлеп.
Мен де жауап сөзімді арыдан бастап, аңыздағы «Бұл жердің де бір қайыры болар» деген үмітті сөзбен ойымды түйдім.
Әкім уәдесінде тұрып, штатын бөлгізіп, сүліктей қара көліктің кілтін ұстатты. Мен бірден Бейсен ініме кіріп:
– Бейсеке, мына судай жаңа «Тойота Камриді» сен мін. Анау астыңдағы көлігің тұлғаңа олқылау екен,– деп кілтті ұсындым.
– Жоқ, Аха, сізге әкім арнайы берді ғой, мен жалпы өмірімде көлік талғамаймын, өзіңіз мініңіз.
– Қызметтің арқасында талай көлік міндік қой, мүйіз шықса –шығатын еді,бұған «Қара айғыр» деп ат қойдым, арқыратып айдап жүр, інім.
Ақыры, екеуміз келісіп, мен «Ақ қоян» деп ат қойған судай жаңа, шағын, аппақ қардай «Хундай» көлігін ерттедім.
– Дегенмен, Аха, бұл көлік Сіз екеумізге ортақ, алыс жолға өзіңіз мінерсіз.
Арада екі-үш ай өтті. Бұл мекемеде менен ешкім ақыл-кеңес сұрар емес. Бейсеннің Хас Хажибін де мойындар емес. Сірә, бәрі де мен сияқты кішкентай «данышпандар» ғой деймін. Мемлекеттік қызметтегі мігірсіз тіршілікке үйреніп қалған жұмыр басым кабинетке сыймайтын секілдімін. Жоқ, жоқ, екі айдан кейін бір жігіт имене басып, табалдырықтан аттады. Сондай қуанбаспын.Орнымнан атып тұрып, қарсы алдым. Ол өзіне қазақ батырлары туралы бағдарлама тапсырылғанын айтып, қай тұлғадан бастап, қай жерден деректер алу керектігін білуге кіріпті.
– Мен мұнда кілең ақылдылар істейді деп жүрсем, бірен-саран кеңес сұрайтындар да бар екен ғой, – деп күліп, жөн-жосығын көрсеттім.
Осы оқиғадан кейін Бейсекеңе кіріп, кеңес сұрайтын адамды күтіп отырмай, мен де ел сияқты бағдарлама жүргізгім келетінін айттым. Басшының ақылымен менің өмірлік ұстанымыма, тұлғама сай келетін «Ұлт пен Рух» бағдарламасы өмірге солай келді.
– Аха, бұл телеарнаның бір қасиеті – күні ертең бағдарламаңыз шыққанда көшеде жұрттың бәрі Сізді танитын болады, – деді алдан үміттендіріп.
Бірде кабинетте отыр едім, Бейсекең кіріп келді. Оның ара-тұра осылай ұжымды аралап шығатын әдеті барлығын байқағам. Ауданымның90 жылдығына байланысты Алакөлден шыққан айтулы азаматтар туралы эссе жазып отырғам. Ақын Сәкен Иманасов туралы жазғанымды асықпай дауыстап оқып шығып, «ең соңғы жағына мынадай сәл өзгеріс енгізсек» деген емеурін білдірді. Ақылды ұсынысқа ақылсыз ғана келіспес. Мен бірден мақұлдадым.
– Аха, Сіз айып етпесеңіз,Сіздің кейіпкерлеріңіз бүкіл қазаққа ортақ қой. Атақты әнші Зейнеп Қойшыбаеваны, әйгілі композитор Теміржан Базарбаевты, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмахан Балапановты кім білмейді? Біздің мекемеміз де Жұмахан ағаның атындағы көшеде тұр. Кім біледі, болашақта осы көшеден ескерткіш те бой көтеріп қалар. Менің айтайын дегенім, Аха, осы кітабыңызды маған қисаңыз, мен демеуші болып, шығарып берейін, бұл менің Алакөлдің тойына қосқан үлесім болсын.
Туындымның алғашқы атауы «Меніңағаларым» еді, Бейсекең:
– Мен де соовтор болайын, – деп күлді де, – кітапты «Менің асыл ағаларым» деп атайық. Сонда одан әрі айшықталып, ол кісілердің тұлғасы зорая түсер еді.
Кітап та шықты, ауданның 90 жылдығы аясында осы өңірден шыққан шығармашылық азаматтардың қатарында менің де Үшарал қаласында жұртшылықпен өткен кездесуімнің тізгінін Бейсекең өз қолына алып, тамаша етіп жүргізіп берді. Жүздесуде «Осы көрермендердің 50 пайызы маған, 50 пайызы Бейсен Құранбектің құрметіне келді» деп, абзал інімнің еңбегін айрықша атап өттім. Аудан әкімі Ә.Жақанбаев та Бейсекеңе деген жылы сөзін білдіріп, ерекше қошамет көрсетті. 2016 жылы менің 60 жылдығыма байланысты облыс орталығында І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен «Қарашада өмір тұр» атты шығармашылық кешімді де қыздың жиған жүгіндей етіп,кереметтей өткізіп берген еді.
Бастығымның айтқаны айдай келді, шығармашылығымның олқылығы толды, «бұл жердің де бір қайыры» болды, өзімдікі бар, құрастырғаным бар, бас-аяғы жеті кітап жұртшылықа жеткен екен. «Ұлт пен Рухқа» 115 қонақ шақырып, ұлтымыздың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, елді рухтандыруға тырысыппыз. Көріпкелдігі ме, кім білсін, Бейсекең айтқан Ж. Балапановтың еңселі ескерткіші телеарна іргесінде бой көтерді.
Жалпы, Бейсекеңмен бұрыннан«бажа» деп қалжыңдасып сөйлесетін едік. Ол үйдегі Гүлмира да, біздің үйдегі Раушан да – кіші жүздің қыздары. «Мықтылар жүз аралатып алады» деп, әзілдеуші едім. Біздің үйдегі соңғы бір қонақтыққа жалғыз келді. Қонақтар қайтқан соң, Раушан: «Осы Бейсеннің көзінде бір мұң бар сияқты. Әлденеге алаңдап жүрген жоқ па?»– депсұрағаны бар. Кім білсін, өткен жылдың көктемінде сырқаттанып жүрсе де, тарландығына салып білдірмеді ме екен?
Қараша айының басында Бейсекеңе көңіл сұрап, кіріп шығып, таяуда зейнетке шығатынымды, 47 жылдық тынымсыз еңбектен кейін демалғым келетінін айтып қалдым. Сәл отырды да:
– Аха, астыңыздан су шықты ма? – деп, сөзін сәл қатқылдау бастады. – Әлде Сізге біреу мен жоқта бірдеңе деп жүр ме, қыстың көзі қырауда адам көше ме екен? Алдымыз жаз, аман-есен жазылып шықсам, шапан жауып, өзім шығарып салам.
Сөз осымен тамам болды. Бейсекеңнің бір ауыз сөзі көшті тоқтатты. Әдетте шапшаң қимылдайтын мен ол кезде пәтерімдісатып та жіберген едім. Бейсекеңе оны айтпадым.
Жадырап мамыр да келді. Біз жадырамадық.
Бізді тастап кеткенің не, ей, серім,
Қаза тұрмақ, назаға қимас, Бейсенім, –
деп, аңырадық та қалдық. Жұрт та жылады, жаңбыр да төкті. Көз жасынан көл ақты. Амал не, бірақ Бейсен тірілмеді. Тағдырдың жазуына шара бар ма, қайтпас сапарға қабырғамыз қақырап, омыртқамыз опырылып шығарып салдық. Адам деген пенде ғой, өзіме берілген көлікті қазақтың біртуар азаматына деген құрметімнің белгісі ретінде ұсынғанымды, соңғы жылдары інімнің жаңа көлікпен желдей есіп жүргенін де көңіліме сеп санайтынымды жасырғым келмейді. Алдынан жарылқап, есіл ер мәңгілік жаннаттың төрінде болсын!
…Бейсеннің орнында қалған Серік пен Досан иығыма шапан жауып, ұжымның алдында қошамет көрсетіп, зейнеткерлікке шығарып салды. Кезінде Бейсеннің өзі айтқандай, «Қара айғырға» мініп, ұзақ жол жүріп, 17 сағатта астанаға маңдай тіредім.
Ахмет КЕНДІРБЕКҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері, ақын
***
ҚАЙРАН, ДОСЫМ!
Екеуміз екі жылдың ат алмастырар сәтінде таныстық. 2010 жылдың соңын ала Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған едім. Жұрт Жаңа жыл мерекесіне дайындалып жатқанда қарбалас тірлікке кірісіп кеттік. Қаладағы мемлекеттік мекемелерді аралап, мерекемен құттықтап әрі жұмысымен танысып, әйтеуір, тыным таппадық. Біздің бұл жүрісіміз облыстық «Жетісу» телеарнасынан дүркін-дүркін көрсетіліп жатты. Содан жаңа жыл да жақындады. 31 желтоқсан күні кешкі сағат 21.00 шамасында орталық алаңға барғанмын, барлық мекеме басшылары сонда жүр екен. Бәрі атылған отшашуды тамашалап, аспанға қарап тұр. Мен де барып тұра қалдым. Бір кезде біреу шынтағымнан ұстағандай болды. Қарасам, Бейсекең тұр. Бұрын сырттай танитынмын, бірақ жүзбе-жүз көрісіп, сөйлескен емеспіз.
– О-о-о, батыр, – дейді әдеттегі сөз саптасына салып. Ол кісінің өзінен кішінің бәрін «батыр» қылып жіберетінін кейіннен білдік қой… «Жетісу» телеарнасынан көргенін, сұхбатта жақсы сөйлегенімді айтып жатыр. «Көзіңнен от көрдім, бойыңда батылдық бар, іскер екенсің» деп мақтауымды асырып қояды. Оған кәдімгідей қопаңдап, көңілім өсіп мен тұрмын. «Мен – Бейсен Құранбек деген ағаң болам, «Жетісу» телеарнасындамын, іс-шараларыңды телеарнадан көрсетіп, жарнамалау керек болса, ұялмай айтып тұр. Қолдан келгенше көмектесеміз», – деп арқамнан қақты. Жаңадан іске кірісіп, басшылар түгілі, басқалардан әлі мақтау естіп үлгермеген шақ, кәдімгідей ішім жылып қалды.
Сол күннен бастап Бейсекең екеуіміз жақындаған үстіне жақындай түстік, таныс-білістік достыққа ұласты. Екеуіміз қиын шақта да, қызықты күндерде де бірге болдық. Мен оған қандай қызметімді өткергенімді білмеймін, ал ол үнемі қамқорлығын аямайтын. Әркез қасымнан табылды. Біз отбасымызбен жылда 4 наурыз күні марқұм-анамыздың туған күнін ауылда атап өтеміз. Анамыздың көзі көрген құрбыларын шақырып, ауылда шағын концерт қойып, 8 наурыз әйелдер мерекесімен құттықтап қайтамыз. Әрдайым 7 номинация бойынша ауыл қыздарына сыйлық таратамыз. Сыйлықтарды концертке арнайы шақырылған дос-жарандарымыз тапсырады. Бейсекең сол шаруаның бел ортасында жүреді. «Мұндай игі істі ел көру керек, әр бала өзінің анасын құрметтеуді үйренсін» деп, қоярда-қоймай журналистерді шақырып, біздің отбасылық дәстүрімізді телеарна арқылы елге жариялады. Қарап отырсам, Бейсекең біздің осы бір отбасылық қуанышымыздың ешбірінен қалмапты. 2012 жылдан бастап қатысқан екен. «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын жүргізіп жүрген кезде де уақытын ыңғайлап, бір жағымнан шығысатын. Тек биыл ғана, 2020 жылы, қатыспапты… Өкінішті! Наурыз айының 14-і күні халін сұрап бардым. Амандасқаннан кейінгі ең бірінші сұрағы осы болды. «Анаңды еске алу шарасын өткіздің бе? Қалай өтті? Кімдер барды?» – деп тәптіштеп сұрады. Әрбіріне жеке-жеке тоқталып, әңгімелеп бердім.
– Сенің Анаң саған разы шығар, ал сенің Анаңа сендей ұрпақты дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін Алла разы шығар,– деді ойлана терезеге көз тастап. Мені де ойландырып тастады.
Бірде екі кештің арасында Бейсекең үйге келе қалды. Дастархан басында отырмыз, балалар қатты шулап кетті ғой деймін, үлкендеріне қабақ түйіп, ескерту жасауға тура келді. Сол сәт бәрі тым-тырыс бола қалды. Оны Бейсекең байқап қалыпты. Шай ішіп отырып: «Балаға тым қаталсың», – деп реніш білдірді. Мен: «Ер баланы мәпелей бергеннен гөрі, ширатып тұрған дұрыс», – деп қоймаймын. Екеуміз бала тәрбиесі, ұл баланың мінезі жөнінде біраз жерге дейін дауластық. Әңгіме соңында Бейсекең: «Сен бәрібір ұлдарыңа тым қаталсың», – деп, менімен келіспейтінін айтты. Арада екі- үш жыл өтті. Бір күні біздің үйде тағы да шай ішіп отырғанымызда Бейсекең маған қарап: «Мәке, мен сенен кешірім сұрайын», – деді. «Өй, Бейсеке, не үшін», – деп таңғалдым.
– Мен «Айтуға оңай», «Қарекетте» жүріп жүздеген оқиғалардың куәсі болдым. Баласымен соттасып жүрген шеше, ұлынан таяқ жеген әке, баласы мен келінінен теперіш көріп, қарттар үйін паналаған бейбақтарды көп көрдім. Түсірілім барысында, түсірілімге дейін, онан кейін де әлгілермен әңгімелесемін. Өзімше «бұл қалай болды» деген сұраққа жауап іздедім. Сондағы көзімнің жеткені – солардың барлығы бала тәрбиесіне мән бермеген. Тізгінді жіберіп алған. Шектен тыс еркелетіп жіберген, бетінен қақпаған, шолжаң, еркетотай қылып өсірген. Бала, әсіресе ұл бала әке-шешені сыйлау керек, сонымен бірге ығып тұру керек екен. Соған көзім жетті. Алты жастағы баласына айтқанын тыңдата алмаған адам алпысқа келгенде де сөзін өткізе алмай, пұшайман болып отырады екен. Сондықтан сенің тәрбиең дұрыс екен,– деп арқамнан қақты.
Мен Бейсекең жайлы көп айтқым келеді, ақтарылғым келеді. Бірақ ол мен үшін тым ауыр екен. Осы бір шағын естеліктің өзін жүрегім қан жылап отырып жаздым. Бейсекең жайлы талай-талай жақсы әңгімелер айтылып, кітаптар жазылып, көшеге есімі беріліп, қошемет-құрмет көрсетілер. Мен де соның басы-қасында жүрермін. Ол біздің достық парызымыз, азаматтық қарызымыз. Бейсен бауырым, сен маған талай қолдау көрсетіп, ақыл айтып, керек кезде қасымнан табылушы едің. Соңғы айтқан өсиетің де өмірімнің соңғы күніне дейін қолдау болады…
Мен мұның барлығын ұмытпаймын.
Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, бауырым!
Марлен КӨЛБАЕВ,
Алматы облысы Мәдениет басқармасының бастығы, досы
***
АРДА АЗАМАТ, АСЫЛ ДОС
Өмірдің жалған екенін жұмыр басты пенделерге ұқтырып, Бейсен де кетіп қалды…
Бейсендей бауырдың жарық дүниеден өтіп, бақилық дүниеге аттануы жаныма қатты батты.Фәни өмірдегі өрмекшінің өрмегіндей буындырып тастаған шарасыздықтан шығатын амал болса ғой, шіркін! Бейсен, сенің жоқтығың жан дүниемді жүдетіп, күйретіп кеткенін білсең ғой… Өзіміз оңаша отырып әңгімелесетін, ішкі дүниені айтып ақтарылатын күнді сағынбау мүмкін емес…Бірақол күндер қол жетпес сағым болып қалды…
Бекең екеуіміздің достығымыз сол кездегі облыс әкімі Серік Әбікенұлының «Айдар, сен Бейсен Құранбекті танисың ба? Негізі екеуің осы облыста бірігіп жұмыс істесеңдер, талай тындырымды іс атқарылар еді» деген ойынан басталғандай… Мен Бейсенді мықты журналист ретінде танитынымды жеткіздім. Сол кезде-ақ Серік Әбікенұлының Бейсенді Жетісу жеріне әкелу ойы бар екенін сезгендей болдым… Алайда ол кезде Президент пулында жұмыс істейтін Бекеңнің Жетісу жеріне келуі екіталай нәрседей көрініп еді… Арада бірнеше айлар өткеннен кейін «Хабар» агенттігінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі, тележурналистиканың корифейі Тілеуқабыл Мыңжасардың шығармашылық кешіне Астанадан бір топ журналистер келді. Соның ішінде айналасына жарық шашқан, үні әуезді Бейсен де болды. Міне, сол күннен бастап, Серік Әбікенұлының салмағы мен сенімі басым сөзіне жан бітіп, біздің достық-тағдырымыз осылай тоғысып еді.
Көп кешікпей, осы уақыт аралығында оның бар болғаны бір-ақ айда Жетісуға көшіп келуі мені таңғалдырды. Астанадағы барлық мүмкіндікті тастап, туған жері – Жетісуға табан тіреуінің өзі ерлік емес пе?! Осыдан кейін өз жұмысын Жетісу арнасының директорлығынан бастаған Бейсен талай тағдырға таудай қорған болып, жүрегімен түсініп, көптеген адамдарға қамқоршы бола білді…
Жетісу арнасының ескі ғимаратын заманауи ғимаратқа айналдыру, жаңа журналистер үйін салу туралы ұсынысты сол кездегі облыс басшысы Серік Әбікенұлына айтқан да Бейсен еді. Көп ұзамай облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Бейсеннің жүрегіндегі ұлы арманы орындалды. Тіпті «Жетісу» телеарнасының жаңа эмблемасына дейін облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы екеуі бірге жасап, аянбай тер төкті. Өңірлік «Жетісу» телеарнасын республикалық деңгейге жеткізіп, өмірден өткен шағына дейін адал қызмет етті. Оның қызметтегі әр күні халық қамын ойлаған идеяларға толы болатын. «Айтуға оңай» мен «Қарекет» ток-шоуларында сан қилы тағдырлар өз шешімін тауып жатты. Бұл бағдарламаларды Бейсенсіз елестету мүмкін емес… Бейсеннің күш-жігері мен әріден ойлайтын тектілігі, мамандығына деген адалдығы осы жобалардың бағын ашты. Оның салып кеткен дара жолың өзінің шекпенінен шыққан шәкірттерінің жалғастыратынына сенімім мол…
Бекең екеуміз дос қана емес, ағайын болып, көрші тұрдық. Сол кезден байқағаным, Бейсеннің әр қадамына берекелі батасын беріп, тілеуін тілеп отырған апасының, ата-анасы мен бауырларының, ибалы жарының еңбектері ерен. Оны айтпай кетуге болмайды. Бейсеннің қамшыдай қысқа ғұмырында жарқылдап жүруіне тірек болған апасының батасы мен жан жары Гүлмираның арқасы дер едім. Асыл жары отбасының түтінін түзу ұстап, әрдайым апасының жағдайын жасап отырды.
Бейсеннің анаға деген құрметі ерекше еді. Былтыр уақытты өткізіп алмауды, емделу керек екенін айтқанымда: «Айеке, мен емделуге кетсем, апама топырақ сала алмай қаламын ғой», –деп, өзінен бұрын апасын ойлап еді…
Барша халық тілекші болып, тілеуін тіледі. Облыс әкімі Амандық Баталов «Германияға апарып емдетемін» деді. Бірақ… сұм ажал қалың халықтың дұға-тілегіне қарамай, арамыздағы асыл азаматты мәңгі мекеніне алып кетті…
Бекеңнің өмірден өтер алдындағы төрт жарым сағаты көз алдымда… Әттең, қол-аяғымды байлаған шарасыздық…Қолдан келер қайран болмады… Адам баласы үшін арда азаматыңнан, асыл досыңнан айырылудан асқан азап жоқ екен… Бейсен бір әулеттің ғана емес, күллі қазақтың ұлы бола білді. Сол қаралы хабар жеткенде қаншама қазақ қара жамылып, қабырғасы қайысты.
Жарқ етіп келіп, жарқ етіп кете бардың… Нұрлы жүзіңді бір көруге, бірге отырып тілдесуге зар болып қалдық, орның ойсырап қалды… Сенің әрбір сөзің саналы жанға жарық шамшырақ еді… Адамдықтың алдында аласарып, пенделіктен биік тұрып, мәңгі өшпес із қалдырдың…
Достыққа әркез адал болған Бейсенім, сенің атың ешқашан өшпейді,өміріңді жалғастырар ұрпағың ғұмырлы болсын деп тілеймін.
Өмірге енді қайтып екінші Бейсен келмейтінін білемін… Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, адал дос, асыл Ер!
Айдар КАРБОЗҰЛЫ,
Алматы облысының
Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы
***
ӘРКІМНІҢ ӨЗ БЕЙСЕНІ
2012 жыл. «Алматы» телеарнасында жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні бір қыз бала телефон соғып:
– Ағай, сәлеметсіз бе? Мен Қазақстан телеарнасындағы «Айтуға оңай» ток-шоуының редакторымын, сізді хабарымызға сарапшы ретінде шақырайын деп едік, уақытыңыз бола ма? – деп сұрады.– Бәлі, мен сарапшы болатындай не тақырып ол, қарындасым? – Көріпкелдер туралы, ағай. – Ал? Оған менің не қатысым бар? – Сіз «Қылкөпір» хабарын көп жүргіздіңіз ғой, ағай…емші, көріпкелдермен көп жұмыс істедіңіз… – Мейлі, келейін.
Келісуін келісіп алып, ойланып қалдым. Ол кезде «Айтуға оңай» хабарының әлі таныла қоймаған кезі. Бір рет әйелім: «Жақсы хабар шығыпты, жүргізушісі Бейсен Құранбек деген журналист екен. Туу,не деген жүргізуші, сөзі қандай,өзі қандай!» – деп тамсанып, мақтап отыр екен. Оған айтарлықтай мән бермедім. Сол есіме түсе кетіп, ішімнен: «Әйеліме қызық болса, демек, қатын-қалаштың, кемпір-сампырдың жиналып алып өсек соғатын хабары болды ғой. Онда ол жерде маған не бар ?» – деп, барудан бас тартпақшы болдым. Дегенмен Бейсен жүргізеді дегесін, оның үстіне редактор қарындасыма беріп қойған уәдем бар, хабарға қатысатын болып шештім. Сөйтіп, белгіленген күні «Қазақстан» телеарнасының үлкен студиясына бардым. Жайғасатын орнымды іздеп, жан-жағыма қарап тұрғанымда: «Досеке, ассалаумағалейкум, қош келдіңіз!» – деп, саңқылдай сөйлей келіп Бейсекең құшақтап амандасты. Сырттай бір-бірімізді танығанмен, өмірде жүзбе-жүз кездесуіміз осы екен. Десе де, Бейсекең бұрыннан таныс адамдай: «Досеке, қырықтан асқан біздерді саптан шығарып тастағысы келеді-ей біреулер, біз әлі кімнің кім екенін көрсетеміз. Екеуіміз құрдас екенбіз, осыларға қырықтан асқан журналистердің қандай болатынын көрсетейікші, Досеке. Әттең, асықпай сөйлесуге уақыттың тығыз болып тұрғаны. Әйтпесе біраз ойларымды, жоспарымды айтар едім. Дегенмен бұл әңгімеге кейін жантая жатып оралармыз, ә?» – деп күліп, хабарына кірісіп кетті.
Осы кездесуден кейін Бейсекеңді көк жәшіктен ғана көріп жүрдім. Уақыт өте келе «Айтуға оңай» ток-шоуы, оның тізгінін ұстаған Бейсекең көрерменнің ықылысына бөленіп, көзайымына айнала бастады. Хабардың мұндай дәрежеге жетуі, әрине, алдымен ұжымның еңбегі екені белгілі. Дегенмен сол еңбекті көрсете білу, көрерменнің жүрегін жаулап алу жүргізушінің шеберлігіне байланысты екенін айта кеткен жөн. Бірақ мен білетін Бейсекең «шебер жүргізуші болайын, мені ел танысын» деген мақсат қойған жоқ. Ол әрбір хабарда, актерлар айтпақшы, өмір сүрді, әрбір кейіпкердің жанына үңілді, проблемасын тыңдады, қабырғасы қайысты, көмектесуге жанын салды, жасандылықты суқаны сүймеді. Жұрт, ең алдымен, Бейсекеңді сол шынайылығы үшін жақсы көрді.
2014 жылғы қаңтар. «Алматы» арнасынан кетіп, телевизиямен байланысты жеке компанияға ауысқанмын. Жаңа жыл қарсаңында суық тиіп ауырған баларымызды бөліп алып, әйеліміз екеуіміз инфекциялық балалар ауруханасында жатқанбыз. Қаңтардың 13 күні телефоным шыр ете қалды:
– Досеке, ассалаумағалейкум! Мен ғой, Бейсен.
– Оу, Бейсеке, уағалейкумассалам! Қалыңыз қалай? Өткен-кеткен мерекеңізбен!
– Рахмет, Досеке. Балалар сырқаттанып,ауруханада жатыр деп естідім, тезірек айығып кетсін. Жағдайыңыздың бәрін Секеңнен (Серік Сарыбай) естідім. Уақытыңызды алмайын, бір ғана мәселе: «Айтуға оңайды» жалғастыруымыз керек. (Осы кезде бұрынғы ұжым тарап, ток-шоу тоқтап тұрған болатын. Оның себебі бөлек әңгіме.) Бірге істегенге қалай қарайсыз? Егер қарсы болмасаңыз, ертең «Жусан» деген дәмханада жолығып, ақылдасайық. Бір амалын тауып ауруханадан сұранып шығыңыз.
– Жақсы, Бейсеке. Келістік.
Сөйтіп Бейсекеңмен екінші рет кездестім. Сол дәмханада өзге де әріптестермен ақылдасып, мені ток-шоудың продюсері етіп бекітті. Ертеңінде жұмысқа кірісіп кеттік. Сол күннен бастап Бейсекең, Секең – үшеуіміздің достық, шығармашылық өміріміз бір бағытқа бет алды. Арман-мақсатымыз, жоспарымыз көп болды. Бір қызығы, сол көздегендеріміздің басым тұсы жеке басымызға қатысты емес еді. Идея көбіне-көп Бейсекеңнен шығатын. Сол жылы шамамен тамыз айында, түсірілімнен кейін, үшеуіміз сыртта әңгімелесіп тұрғанбыз. Бейсекең: «Әй, жігіттер, үшеуіміз де бір өңірдің тумасымыз. Талай жылдан бері өз қамымызды ғана күйттеп, сыртта жүрдік. Жас болса қырықтың ортасына келді. Енді осы жиған-терген ілім-білімді, тәжірибені арқалап елге бармаймыз ба, қызмет етпейміз бе? Елге қызмет ету – ер жігіттің басты парызы емес пе? Бұған қалай қарайсыңдар?» –деп, Секең екеуімізді ойландырып тастады. Сәлден соң әлгі айтқандарын толықтыра түсті. «Туысқандар, ат айналып қазығын табады. Түбі кіндік қанымыз тамған жерімізге оралатынымыз ақиқат. Өйткені біз даланың баласымыз, қалаға сыймаймыз. Кейін зейнетке шыққанда барайық деген болмайды. Күш-қуатымыз барда туған жерімізге еңбегіміз сіңсін. Егер осы айтқаныма келіссеңдер, уақыт созбай тартайық. Талдықорғанда облыстық «Жетісу» телеарнасы бар, соны көтерейік. Елге қызмет ету деген сол», – деді. Сосын одан бөлек тағы біраз жоспарын жайып салды. Секеңді білмедім, өзім Алматыдағы үйреншікті өмірімнен қол үзіп кетуге жүрексініп тұрмын. Оның үстіне «бала-шаға бір жақта, өзім бір жақта қалай жүрем?» деген тұрмыстың ұсақ-түйек сұрақтары «мақұл» деуге мұрша бермей тұрған. Бірақ Бейсекеңнің адамды сендіре алатын қасиеті бүкіл күмән-кедергіні бұзып өтті. Ақыры, көндік.
2014 жылдың аяғы мен 2015 жылдың басында «Жетісуға» келдік. Келген бойда алға қойған жұмысқа жұмыла кірістік. Жаңа ғимаратқа көштік, техниканы ауыстырдық, тың дүниелер түсірдік. Қысқасы, жоспарлаған жұмысымыздың бірсыпырасын орындадық. Еңбегіміз еш кетпеді, көрермен бағалады, әріптестер мойындады, мемлекет марапаттады. Тіпті президенттің өзі арнайы алғыс хат жолдады телеарнамызға. Бейсекең құр сөздің адамы емес екенін дәлелдеді.
Соңғы алты жыл Бейсекеңе өте ауыр болды. Талдықорғанда «Жетісу» арнасының жұмыстары, Алматыда «Айтуға оңай», кейін «Қарекет» хабарының түсірілімдері, арасында басқа да жобалар мен шаруаларды реттеп көп шапқылады. Өзгесін айтпағанда, бір ғана «Айтуға оңай» ток-шоуы қатты қажытты. Жылына эфирге 235 хабар шығады, сүзгіден өтпей, архивке кеткені қаншама.Осы хабарды толық сегіз жыл жүргізді. Енді есептей беріңіз… Хабарға жылап келген қанша мыңдаған кейіпкердің көз жасын сүртіп, бірге егілді, сүйіншілеп келген қанша мыңдаған жұртпен бірге қуанды. Адамның жүрегі – тас, жаны темір емес қой. Күндердің күнінде ол да шаршайды. «Бір адамға болса да пайдамыз тисін» деп, ел үшін, қазақ үшін тыным таппай жүрген бауырымызға құрғыр кеселдің жабысқанын байқамай да қалыппыз.
«Бөрі арығын білдірмес…» Тоғыз ай жаны қиналып, адам төзгісіз азапқа түссе де, сыр білдірмей кетті ғой. Керісінше, көңілін сұрай барған жұртқа басу айтып, жұбатып жататын. Қайран, Бейсеке! Есіл ерім-ай! «Секе, Досеке, бұл дертті әлі-ақ жеңеміз!Үшеуіміз зейнетке шыққанда көрші боламыз, шығармашылықпен айналысамыз. Немере бағамыз» деген арманы бар еді. Сол арманына қатты асықты. Ауырып жүрсе де, болашақ үйімізді салатын жерді де жылдамдатып алдырған еді. Әттең! Енді, міне, ішіміз күйіп, жанымыз жетімсіреп қалды. Еңіреп жыласақ та,иен далаға кетіп айғайласақ та, іштегі шерден жуық арада арыла қоймаспыз. Орның ойсырап қалды, Бейсеке! Көзіміз көрсе де, көңіліміз әлі сенер емес.
Досан ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ,
«Жетісу» телеарнасы директорының бірінші орынбасары, досы
***
ТАЛАНТТАРДЫ АЛЫСТАН ТАНИТЫН ТАРЛАН
Ол Нағыз аға еді… Ол мейірім еді…
Адамды қызметі мен киіміне қарап бөлмейтін, қисықты тура жолға салып жөндейтін, жалғандыққа әсте көнбейтін, талантты тасада қалдырмай, жасындай жарқыратып, қатардағыны дарынына қарай өңдеп те жіберетін жарқын жан еді…
Мәдениеті биік, өресі жоғары азамат еді…
Бейсен ағаның жалған дүниені тәрк еткеніне күллі қазақ елі сенер-сенбесін білмей, қазаны естіген жұрт жоқтау айтуда… Иә…
Бір күні аға қоңырау шалып, ғылымның ішінде жетістіктері мол, жан-жақты таланттарды іздейтінін, мен туралы хабар түсіруге қалай қарайтынымды, Семейге хабар түсіруге келетінін айтты. Ол кезде архивте жүр едім, ғылыми зерттеулерімнен уақытымның болмайтынын түсіндіріп, шынымды айттым. Шындық ағаға да тән екен. Түсінді.
Бейсен ағам қарапайым әрі көпшіл болатын. Өзі туралы айтқанды, мақтағанды, үлгілі істерін жария қылуды жөнсіз санайтын, ұнатпайтын. Шынайылық пен әділдік оған тән қасиеттер екеніне көзім жетті.
«Біздің үйде апам – жұлдыз» дегенді жиі айтатын. Тоқсаннан асқан анамыздан арнайы бата алуға ағам сан мәрте шақырды. Арада уақыт созылып кетті. Бір күні сәті түсіп, Талдықорғанға келгенімді естіген ағам Алматыдан арнайы келіп, қонаққа шақырып, үйіне алып кетті. Ақ тілекті ананың ақ батасын алғанымда, Бейсен ағам да, Гүлмира тәтем де менімен бірге қуанғаны әлі көз алдымда.
Бейсен аға бірнеше тілдерді білсе де, білетінін ешқашан жария еткен емес. Үнемі төл тарихымызды, салт-дәстүріміздің дұрыс дәріптелуін қалайтын. Жастардың төл әдебиетінен ажырамай, сусындап, классикалық әлемдік көркем шығармаларды оқығанын дұрыс көріп, дарынды жастарға шығармашылық қолдау көп жасағысы келетін.
Ол айналасына тек қазақ тілінде тіл қатты, әрі күллі қазақтың жүрегіне жол тапты…
Аға алғаш ауруханаға түскенде, ақ халатты абзал жандардың пейілі мен ықыласын көріп, сүйсіндім. Ел қатарлы қарапайым палатаға орналасыпты. Бөлімнен бөлімге өтіп, адасып жүріп, тауып алдық. Біз жеке палатаны күткен едік. Аға қарапайым болмысымен аурухананы да жарқыратып жіберіпті. Артынан «Жетісудың» жиырма жылдығы деп тағы шапқылап кетті… Сол кезде уақытында біраз демалып, уақытында ем алса, бүгінгідей дүйім жұртын қайғы жамылдырып, ерте кетпес пе еді…
Абай, Шәкәрім, көне түркі әдебиеті, қазіргі қазақ әдебиетінің дамуы, әдеби сын мен журналистика туралы әңгімелесетін еді. Талдыға қызметке жиі шақыратын. Талабы мол, талантты жастарды жанына топтастырудан еш жалықпаған аға Талдықорғанның қысы жылы, жазы жанға жайлы екенін айтып әңгімесін бастағанда, қысы қатал, жазы самалды шығыс туралы әдейі тоқтамай, әңгімелеп кететін едім. Аға маған «үгіттеудің» өтпейтінін біліп, жылы жымиып, сөз ауанын әдебиетке бұрып жіберетін еді…
Үнемі «кем дегенде апамның жасына жетем, тоқсаннан асам, жетпіс беске дейін жұмыс істеймін, жетпіс бестен кейін балалардың қызығын тамашалап отыратын ата боламын» деген сөзі жадымызда жатталып қалған ғой. Дәл осы уақытта, елуге жетер-жетпес жасында дүниеден өтіп, мен ғана емес, дүйім туған елі қазанама жазамыз деп ойлап па еді?..
Жұрт ақпараттың ақ бозы ел алдында жарқырап қайта шығады деп күтті. Біз де күттік. Қапелімде жүректі қарс айрылтып, жалғанды тастап жүріп кетеді деп ойламадық.
Аға тағы да ақиқатты дәлелдеп кетті:опасыз бұл дүниенің ешкімге мәңгі мекен еместігін дәлелдеп кетті. Талайды тәубесіне түсіріп, өмірден бір кетерін ойлантқан, елдің сүйіспеншілігі мен құрметінің теңдессіз екендігін түсіндірген ауыр қаза болды.
Ауырт дерт әкетпеді Бейсен ағаны, халқының мұң-мұқтажын жоқтаған, талай жыл жиналған ауыр мұң әкетті деп ойлаймын.
Ауыр науқас жеңбеді Бейсен ағамды, тек қапысын тауып, Әзірейіл тап-таза, мөп-мөлдір жанды ұрлап әкетті.
Ауыр ауруға алдырмады Бейсен аға, тек уақыттың өзі бәрімізге жақсы адамды бағалай білуді, қадіріне жетуді үйрету үшін арамыздан алыстатып әкетті.
«Қалың қалай, батыр?» – деген сұрағына «жақсы» деп жауап бергендерге, «жақсы болады бәрі», «жоқ, жақсы емес, өте жақсы болады!» деп жігер беретін талай жасы кішілерге.
Жақсы ұлың өмірден өтті, Қазақ елі! Жоқ,«өте жақсы» перзентің санаулы сағаттардан соң өзінің тоқсаннан асқан асыл Анасының қойнынан Жер-Анасының қойнына барады…
Алыс қаланы тастап, Ана құшағынан ажырамаған ұл Жер-Ананың құшағына оралады…
Қарапайымдылықты ту еткен, қайрат-жігерді серік еткен кең даланың оғланы бұл өмірдің ешқашан мәңгілік бола алмайтынын дәлелдеп кетіп барады…
Енді Бейсен ағамыздай ер туар ма, ер туса – ол өсіп, ержеткенше, қолы аузына жеткенше, жарық дүние нөсерімен, ақ жауынымен ақжарқын перзентін мәңгі жоқтап тұрар-ау…
Қабырғасы қайысып, еріксіз көзге жас алған әр қазаққа, Бейсен ағамның ардақты әжесі – қадірлі апамызға, отбасына, ақ тілек, ақ жүрек, аппақ тілегі мен дастарханын әрдайым алдымызға жаятын, аяулы, алтын Гүлмира тәтеме, алтынның сынығы – Іңкәрім мен Жауһарыма, барлық аға-бауыр, әпке-қарындастарына, ағамның жанындағы барлық әріптестеріне қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын!
Бақұл болыңыз, Бейсен аға! Бақұл болыңыз, ағатайым! Амал дәптеріңіз оң жағынан келіп, жәннаттың төрінен орын алыңыз! Сіз әрдайым Өзіңізді білген тұтас қауымның тілегінде едіңіз, енді әрдайым туған еліңіздің жүрегіндесіз! Сіз тұтандырған мейірімділік алаулары жаныңызда жүрген кез келген жанның көңіл түкпірінде мәңгі сөнбейтініне сенемін!
Арай ЖҮНДІБАЕВА,
әдебиет зерттеушісі, лингвист
***
ТОРҒАЙДЫҢ ЖЕМІН ЖЕП, ҚЫРАННЫҢ ТІРЛІГІН ЖАСАП КЕТКЕН БАУЫРЫМ-АЙ!
2020 жыл. Мамырдың 31-і. Сағат 23:59. Дәл бүгін кез келген ортада шексіз құрметке бөленген менің курстас досым Бейсен Құранбектің бұл фәни дүниеден бақилыққа аттанғанына 13 күн өтті. Иә, мен де ел қатарлы қаралы хабар тараған сәттен-ақ қолыма қалам алып, оның азаматтығы, іскерлігі мен жанашырлығы жайында естеліктерді бірінен соң бірін жазып отыруыма болар еді. Бірақ мен олай жасай алмадым, дәтім бармады. Оған үш себеп бар. Бірінші. Досымның өмірден өткеніне сене алмадым, нақтысын айтқанда сенгім келмеді. Олай дейтінім Бейсекеңді білгелі оның бірде-бір рет еңсесі түсіп, тығырыққа тірелгенін, әл-дәрмені құрып, болдырып, шаршағанын көрмеген ем. Себебі оның қашанда мерейі үстем, жүзі жарқын жүретін. Және ол бастаған әрбір ісін соңына дейін жеткізіп қана қоймай, тыңғылықты істейтін. Ал оның нәтижесі бәрімізге белгілі «Айтуға оңай», «Қарекет» секілді бағдарламалар арқылы замандастарымыздың рухани әлеміне олжа болып оралып жатты. Және ол жеңіл-желпі аурулардан өз-өзін йога тәсілімен емдеп алып отыратын. Амал нешік, уақыт ұзаған сайын асыл азаматтың бұл өмірмен қош айтысқанына көзім толықтай жеткенде барып, есімді жиғандай болдым. Екінші. Соңғы 27 жылда досымның жасаған жақсылықтарын саралап шығуыма маған біршама уақыт қажет болды. Себебі досымның алдындағы қарыз мен үшін тым көп еді. «Сол қарызымды енді қалай өтеймін, қалай жеңілдеймін» деген ойдың шырмауынан шыға алмадым. Үшінші. Өткен жылы «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығында соңғы рет көргендегі бейнесі жатсам да, тұрсам да көз алдымнан кетпей қойды. Және сол бейне маған әлденені айтқысы келетіндей әсерде жүрдім. Күттім. Түсіме кірер, аян берер дедім. Бірақ ештеңе демеді. Осыны сезген туғандарым маған қайта-қайта басу айтумен болды.
Бейсекеңді алғаш рет 1993 жылы КазГУ-ге құжат тапсырып жүргенде көрдім. Үстінен ақ костюм-шалбарын тастамайтын оның жүріс-тұрысы, өз-өзін ұстауы аса сенімді көрінгендіктен болар, кейбіріміз оны жас мұғалімдердің бірі екен деп қалғанымыз рас. Ал сабақ басталғанда арамыздағы жасының үлкендігі бар, әрі сол кездің өзінде «Спорт» газетінде тілші болып жұмыс істейтіні белгілі болғаннан кейін Бейсенді барлығымыз бірауыздан староста етіп сайлап алдық. Мектепті енді ғана бітірген біз үшін әскерде болып қайтқан курстастан басқа кандидатура қарастырылған да жоқ. Содан ол курстағыларды білу, тану, қорғау міндетіне бірден кірісті. Группаластардың әрқайсысымен сөйлесе келе, кімнің қандай марапатқа ие екеннін, неге әуестенетін біліп алғаннан кейін әр группаласқа жеке-дара құрмет көрсетіп, сәті келген жерде қолпаштай сөйлейтін әдеті бар болатын. Кейін ойлап қарасам, Бейсекең әр қазақ баласына қанат бітіріп, көтермелеп сөйлеуді сол кездің өзінде-ақ өмірлік миссиясы етіп алған екен.
Жалпы біз екеуміз курстастар ішінде өте жақын араластық. Оқу жылы басталғанда Бейсен, тағы бір курстасымыз Ермек Тығынбаев, Бейсеннің философия факультетінде оқитын туған інісі Сәрсен Құранбек пен Асанқадыр Исабек – бес жігіт бір бөлмеде тұрдық. Және Бейсен екеуміз күнара «Дәуір» баспасының ғимаратында өтетін каратэнің ең ауыр түрі – Киокушинкай каратэге де бірге барып жүрдік. Әлі есімде, әр жаттығу соңында аузы-мұрнымыз қанап шығатын. Кейін соның әсері болды ма, жоқ әлде басқа да жайттардың кесірі тиді ме, әйтеуір қыстық демалысқа шыққанымда оң жақ миымның тамыры үзіліп кетіп, Қалқамандағы № 7 аурухананың инсульт бөлімшесінен бір-ақ шықтым. Сол уақытта жақындарымның кейбірі мені өлдіге санаса, екіншілері аман қалады деген үмітпен жүріп, университеттегілерге ескерту керектігін естен шығарып алған сыңайлы. Ал екінші семестр басталғанда менің сабаққа келмей жүргеніме алаңдаған Бейсекең бірден 1-Алматыдағы үйге іздеп барып, мән-жайды білгеннен кейін, араға 2–3 күн салып, ауруханаға бірнеше курстасты ертіп келгені әлі есімде. Бірінші курс аяқталарда «Дәуренді өз курсынан қалдырмаймын» деп, сынақ кітапшама барлық мұғалімнің қолын қойдыртып шыққан. Ал мен болсам өзімнің курсымда қалатынымды ести сала, сол бөлімшеде жұмыс істейтін медбикеге қайткенде де үйленуім керек деп шештім. Ол уақытта менің алдымда үш бірдей ағам бойдақ болатын. Айтқандай, ішкі түйсігім алдамады. Бір айдан кейін әлгі медбикеге үйленіп тындым. Екінші курста оқып жүргенімде дүниеге келген тұңғышымыз қазір 25 жаста. Мен ауруханадан шыққан бойда спортты тастап кетсем, Бейсекең каратэден кейін жан мен тәннің, рух пен сананың қалыптасуына зор ықпалы бар айкидомен шұғылданып, зор нәтижеге қол жеткізеді. Оған Айкидо Биранкай федерациясының жетекшісі, Бейсекеңнің ұстазы Крис Мунидің қазақ еліне арнап көңіл айтқан сөздері дәлел.
Бейсен екеуміз кейін «Хабар» агенттігінде де, Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасында да бірге жұмыс істедік.
Бейсен дос «Жетісу» телеарнасының Бас директорлығы қызметіне сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтің шақыртуымен 2007 жылы қарашада кіріссе, маған бірге жұмыс істеу туралыұсынысты 2007 жылдың желтоқсанында айтты. Ол уақытта мен «ҚазАқпарат» ҰАА-ның Алматыдағы филиалында тілші болып істейтінмін. Содан Алматыдағы жұмыстарымды реттеп болып, Талдықорғанға 2008 жылы қаңтардың 2-сі күні көшіп бардым.Талдықорғанға келгенде Бейсекең маған: «Дәке! Біз екеуміз келісіп алайық. Бұл жерде не істесек те республикалық деңгейде жасайық. Өзімізді көрсетеміз десек, қолымыздан іс келетінін дәлелдегіміз келсе, тек халыққа пайдасы бар жұмыспен айналысайық», – деген еді. Және соңына дейін солай жасадық та. Бір аптадан кейін «ҚазАқпаратта» бірге істеген Данияр Сейсенбаев деген жас журналисті жұмысқа шақырды. Ол да қатарымызға қосылды. Сол Данияр отбасымен Талдықорғанға көшіп келгенде бір қызық жайт орын алды. Қаңтардың 9-ы. Кешкі сағат 21.30 шамасы. Сыртта 25 градус аяз тұр. Ернар деген жүргізушінің жер үйінде Даниярдың жүгін түсіріп жатырмыз. Бір уақытта Даниярдың келіншегі жүк тасушылардың бірі «Жетісу» телекомпаниясының бас директоры Бейсен Құранбек екенін білгенде ұзақ уақыт таңырқай қарап қалған.
Осылайша біз жұмысты бастап кеп жібердік. Алдымен әлеуметтік роликтер, кейін Елбасының жолдауы мен жаңа бағдарламаларды бірінен соң бірін іске қостық та, жаңалықтармен қатар кейбір бағдарламаларды да тікелей эфирге шығардық. Телекомпанияның қосымша табыс көзі ретінде коммерциялық жобаларды да рет-ретімен іске қоса бастадық. Бағдарламаның саны мен сапасын арттыру мақсатында жергілікті өнер адамдары мен зиялы қауым өкілдерінің әрқайсысына бір-бір бағдарламадан ашып бердік. Олардың арасында «Тақиялы періште» рөлін сомдаған Әлімғазы Райымбеков, зейнеткер-ұстаз Жұмабалы Балақаранова, айтыскер-ақын Айтақын Бұлғақов пен Балғынбек Имашев та бар. Ал көктемде телекомпания базасы заманауи техника түрлері, жаңа декорация, жаңа көліктермен толықты. Одан бөлек, телекомпания қызметкерлерінің айлық жалақысы орташа есеппен 25–30 мыңнан 70–80 мыңға дейін көтерілді. Осының барлығы Бейсекеңнің өзінің басқаруындағы ұжым үшін кез келген адаммен тіл табысардай қарым-қабілетінің жеткілікті екенін көрсетті. Әлі есімде бір күні досым кабинетке күле кіріп былай деді: «Бүгінгі активте Серік Әбікенұлы жұрттың көзінше тағы ұялтты. «Жұмыс істеуді, міне, мына Бейсеннен үйреніңдер! Жұмысқа кіріскені жаңа ғана, өзіне жүктелген жұмысты ұршықша иіріп әкетті. Өздерің де көріп жүрген шығарсыңдар Жетісудағы оң өзгерісті» деп. Ұялғаным-ай, кірерге тесік таппадым».
Сонымен бірге Бейсекеңнің ұсынысы бойынша аптасына екі мәрте жас тілшілер мен студенттерге семинар-тренинг өткізіп тұрдық. 2008 жылға дейін Талдықорғанда журналистер дайындайтын білім ордасы болмағандықтан, жергілікті мамандардың басым көпшілігі Астана мен Алматыны жағалап кеткен. Және оларға жағдай жасап, қызмет ұсынатындай телекомпанияның мүмкіндігі де шектеулі болатын. «Ол үшін не істеу керек. Ол үшін жаңа жобаларға қажетті мамандарды өзіміз дайындауымыз керек. Және біздің міндетіміз – жастарға жол көрсету, кәсіпке баулу», – деген еді бір сөзінде Бейсекең.
Менің ендігі мақсатым – досымның салып кеткен дара жолын жалғастырып, оның алдындағы қарызымды бойымда жанымның барында өтеу. Менде одан артық арман да, тілек те жоқ.
Дәурен ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Досы
***
АСҚАҚ РУХТЫ АЗАМАТ
Құрметті Бейсеннің туған-туыстары!
Мен үшін сіздермен тап осындай көңіл күйде, Бейсенді жоқтап сөйлесу тым ауыр.Біз алғаш рет 2001 жылы кездестік. Содан бері өткен жиырма жылда мен оны таныған үстіне тани түстім. Мен оны саяси журналист ретінде емес,қарапайым Бейсен ретінде таныдым. Айкидо өнеріне құмартқан шәкірт ретінде білдім. Уақыт өте келе оның бойында ерекше ерік-жігер, асқақ рух барын сездім.Ол маған – шәкірт, мен оған ұстаз едім. Бірақ кейін арамыз бұдан да жақындай түсті, ол менің серігіме, досыма айналды. Ол жомарт еді,жүрегі жомарт, жан дүниесі жомарт еді. Менің Қазақстанға ендігі сапарым мүлдем басқаша болады, өйткені Бейсен жоқ. Біз енді жолықпаймыз. Бірақ мен оны ұмытпаймын, оның бейнесі мәңгі жадымда сақталады. Ол Айкидо қауымдастығын Қазақстанда құрып, оны дамыту үшін орасан еңбек сіңіріп, көп көмек қылды. Мен өмірімде осындай адаммен кездескеніме, онымен дос болғаныма ризамын.Қазақстанға барған кейінгі бір сапарымда біз үш сағаттай бірге болдық. Біраз әңгімелестік, бірге отырып медитация жасап, тілек тіледік. Ол сұңғыла, көреген адам болды. Сонымен бірге батыл да жылы жүректің иесі еді.
Саған алғысым шексіз, Бейсен! Мен сені жүрегімде мәңгі сақтаймын!
Сіздерге рахмет!
Рахмет саған, Бейсен!..
Крис МУНИ,
Еуропа Биранкай
ХалықаралықАйкидо федерациясының негізін қалаушы,
Нанадан, Шихан 7-дан
***
АЙКИДОНЫҢ ШЕБЕРІ
Спорт деген бекзада өнердің адам өміріне өлшеусіз үлес қосатынын көп адам айтып жатады. Бірақ оған аса бір мән беріп айтушылардың қапелімде келіп қалған сөз тіркесі болар деп жүретінмін. Бірақ осы жолы сол сөзге құлақ асып, расымен мойындауға тура келді. Мұны неге айтып отыр дерсіз. Мен жекпе-жек өнерінің айкидосымен шұғылдандым. Кәсіби тұрғыда жаттығып, біраз жетістікке жеттім. Ал осы спортта жүріп талай дос таптым. Солардың арасында бүтін қазақтың сүйсінер ұлына айналған Бейсен Құранбек те бар.
Мен Бейсекеңмен сонау 2000 жылдары таныстым. Әлі есімде. Алматыға барған кезім болатын. Оған дейін күреспен шұғылданып, Алматыға барғасын спорттың қандай түрі бар деп жүрген сәттер. Үлкен қала, әркім өзі қалаған спортына барады. Ауылдағы бар спортқа қатысатындай емес. Мен детаңдап жүріп, айкидоға жазылдым. КазГУ-дың жанында орналасқан жаттығу залында айкидоның шеберлерінің қолына түстім. Өзім секілді азаматтар көп екен. Бірақ қара көз балалардың қарасы аз. Сол санаулы қазақ балаларының арасында сұңғақ бойлы, аққұба, әдеміше келген бір жігіт жүр. Үстіне киген кимоносы өзіне шақ, іс-қимылы ширақ, әр әдісті сауатты жасап, үнемі ұстаздың қасынан бір елі қалмайды. Бізге де әдісті сол жігіт көрсетеді. Алғашында бұл жауынгерлік өнердің қыр-сырын білмейміз, неге бапкер емес, қасындағы шәкірті үйретеді деп ойлайтынмын. Бертін келе оның сырын ұқтық. Ол шәкірт ұстаздың оң қолы болып саналады екен. Мұны жапонша «учи дэши»деп атайды. Осылайша Бейсенмен таныстығымыз басталды. Енді мен бұл жазбамды сонау айкидо басталғаннан бері баяндайын. Сонда түсінікті болар.
Айкидоның негізін қалаушы Морихэй Уэсиба. Осы Уэсибаның шәкірті Чиба сенсэй. Айкидоның кең көлемде таралуын мақсат еткен ұстаз өзінің шәкірттерін жердің әр түпкіріне жібереді. Сол Чиба сенсэйден тәлім алған британиялық Крис Муни Қазақстанға келеді. Міне, осы Кристің алдын көрген шәкірттің бірі – Бейсен Құранбек. Бейсекең сонау студенттік шағында 1995 жылдары КазГУ-де оқып жүргенде жаттыққан. Үлкен білім ордасының залында айкидо ашылып, сол залда екі-үш жыл шынықты. Сол кезде өзімен бірге жаттыққан оқушылардың айтуынша, Бисекең додзэде (жаттығу залы) қонып жүріп, татамиді жуып, жаттығуды одан ары жаттап, қонып қалатын кездері көп болған екен.Сондай тыңғылықты жаттығудың арқасында ұстаздың оң тізесін басып, «учи дэши» оң қолына дейін жетті. Мұндай дәрежеге қол жеткізу үшін көп жылғы еңбек пен маңдай тер керек. Бейсекең осының барлығынан өткен азамат. Кейін бізбен қоса жаттығып жүрген кезінде де оның шеберлігіне тәнті болдық. Ұстаздың айтқан барлық әдістерін сауатты орындап, барлығымыздың алдымызда болды. Бұл спорт қазаққа жат емес. Біздің жауынгерлік өнерімізге өте ұқсас. Оны да Бейсекең айтқан болатын. Менің ойымша, айкидоның әдісін Бейсекең өзінің өмірінде де қолданды деп ойлаймын. Неге десеңіз, айкидода мынадай тәсіл бар. Қарсыластың күшін өзіне қарсы қолданып, өткізіп жіберу деген бар. Яғни Бейсекең өмірінде ешкіммен қарсыласып, ауыр сөз айтып, жаға жыртысқан азамат емес. Қарсы келген түрлі қиындықтарды өзінен өткізіп жіберіп, дұрыс шешім қабылдай білген. Соның арқасында бойына байсалдылық пен парасаттылық, салқынқандылық, сабырлық деген ізгі қасиеттерді орнықтыра алған. Айкидоның ең негізгі қасиеті – сабырлылық пен тұрақтылық және бастаған ісіңді аяғына дейін жеткізу деп аталады. Кейін біздің айкидомыз біраз жылға үзіліп қалды. Әркім өзінің кәсібімен шұғылданып, өмірде өз орнын қалыптастырды. Уақыт өте келе бұл ісіміз қайта жалғасты.
2010–2011 жылдары Чиба сэнсеймен тығыз байланыста болған С.Г. Субботин, О.В. Агибалов ұстаздарымыздың бастамасымен Крис Муни сэнсей 2012 жылы Қазақстанға Алматыға қайта келеді. Осы жылдардың арасында Сергей Субботин Еуропаға барып, Чиба сенсэйден біраз уақыт тәлім алып келген болатын. Міне, сол жұмыстың жемісі Қазақстанда қайта жанданды. Біздің елге келген Крис Муни сенсэй халықарлық деңгейде семинар өткізеді. Россия, Израиль елдерінің айкидокалары қатысады. Осы семинарда Бейсекең қара белбеу 1-данға тапсырады. Көпжылдық еңбегінің нәтижесі еді. Біз үшін үлкен қуаныш. Оны шәкірттердің арасынан бірінші болып, Бейсекең алғанда қатты қуандық. Қалың орыс пен жапонның ұстазын мойындатқан қара қазақтың баласы Бейсекең болды. Нақты ісіміз алға баса бастағанын көріп, біз енді негізгі жұмысқа көшуді жоспарладық. Осы жұмыстардың барлығын Бейсен Құранбек жоспарлап, оны іске асуына бар күшін жұмсады.
Жоспар Қазақстанда федерация құру болды. Чиба сенсейдің негізгі мақсатының бірі – Қазақстанда Халықаралық айкидо федерациясын құрып, оны Орта Азияның орталығы ету. Міне, біз соны қолға алдық.Сонымен Қазақстан Биранкай Айкидо федерациясы құрылды. Алғашқы Президенті Сан-Диегода Чиба сэнсейден дәріс алған С.Г. Субботин, аға жаттықтырушы О.В. Агибалов, Өскемен қаласында Д.В. Какоткин, Шымкентте Н.Ручкин, президент көмекшілері болып Бейсен Құранбек, Ермек Даутов тағайындалды. Қазақстан Биранкай Айкидо федерациясын әлем деңгейіне таныту, техникалық дәрежесін көтеру жұмыстары қарқынды жүрді. Халықаралық деңгейдегі семинарлардың Қазақстанда өтуі жолға қойылды. Қазақстан құрамасы шетелдерге барып тұрды. Осы жұмыстардың басында Бейсен жүрді деп алдында айттым. Осы жерде Бейсекеңнің бір қырын айтайын. Ол қандай іс болмасын барлығын ұлтпенен байланыстыратын. Мәселен, елге Крис Муни сенсэй келеді дегеннен бастап, «сырттан келген қонаққа ұлттық дәстүрімізбен қоса, бір ғана Алматыны емес, қазақтың кең-байтақ даласын, табиғатын насихаттау – басты шартымыз» деді. Дәл сол Бейсекең айтқандай болды. Біз тек қасында жүргеніміз болмаса, осының барлығын өзі ұйымдастырып, барлығын паш ете білді. Өте ұлтжанды азамат еді. Оны сол қонақтарды күтіп алу кезінде біз айқын байқай алдық. Крис Муни сенсэйді біз Алматы облысы Текелі қаласында күттік. Ол келген бетте қала сыртынан қазақы дәстүрмен күтіп алып, ән-күйге бөледік. Одан кейін ұлтымыздың барлық дәстүрін көрсеттік. Мұны көрген Крис Муни сенсэй разы болды. Қазақ халқын айкидоның ашылмаған сырымен байланыстырды. «Айкидо өнерінің жауынгерқазақ халқымен тылсым байланысы бар» дегенді бір емес, бірнеше рет айтты.
Жылына екі мәрте Текеліде жоғары дәрежеде семинар өткізу дәстүрге айналды. Сол уақыттарды Крис Муни сенсэй Бейсекеңмен көп әңгімелесетін, алдағы жұмыстармен көп ақылдасатын. Оның білім парасаты мен рухани күш байлығына тәнті болды. Бұл спорттың шексіздігін, оның түбіне жетудің қиындығын айта келе: «Бұл жігіт – жай азамат емес, рухы басым, тума талант иесі. Оның бойында ашылмаған сыр көп. Нағыз айкидо секілді», – деп еді бірде. Семинар арқылы біздің жұмысымыз кең қанат жайды. Біз өзіміз Текелі қаласында жыл сайын өтетін Халықаралық семинар Бейсен Құранбек атымен (2017 жылдан Қазақстан Биранкай Айкидо федерациясының вице президенті, 1-дан) аталады деп шешіп, оны Бейсекең дүниеден өткен соңКрис Муни сэнсеймен өткенонлайн-жиналыста бекіттік. Осы жерде мен бір нәрсені айта кетейін. Біздің алғашқы президентіміз отбасы жағдайымен шет мемлекетке көшуіне байланысты, федерацияның президенті етіп мені тағайындады. Вице-президент Бейсен Құранбек болды. Бейсекең жұмыс барысында бұл спортты қазақ балаларына көптеп үйрету туралы үнемі айтып отыратын. Айтқандай, сол Бейсекеңнің айтқан бірнеше шәкірті 1 және 2-данды орындап, ұстаздық деңгейге дейін жетті. Өзімен бірге бастаған ұстаздар да үлкен дәрежеге қол жеткізді. Бүгінде олардың алды 4-данға дейін жетті. Біздің федерацияны мемлекет қаржыландырған жоқ. Өз күшімізбен алып жүрдік. Бейсекең осы тұрғыда «Спорттың осы түрін әлемге таныта алатын болсақ, мемлекет өзі келеді» дейтін. Бұл оның басты армандарының бірі еді. Ол алдағы уақыттың еншісінде. Өмірінің соңына дейін айкидоның дамуын назардан тыс қалдырмады. Өзі науқастанып жатса да, үнемі жоспар құрып, жаңа бір жобаларды іске асыруға талпынды. Айта кетейін, Бейсен айкидоның «бокен»(қару, қылыш), «дзё» (қысқа найзаның түрі), «танто» (пышақ)қаруларымен шебер жұмыс істейтін. Шәкірттер арасында алдыңғы орынды иеленді.
Мен Бейсенмен спорт арқылы танысып, ажырамастай жолдас болдым. Отбасымыздың бір мүшесі, туған бауырымдай еді. Амал қанша, арманы асқақ, айтары көп, бергенінен берері көп еді. Бұлбүтін Қазақ елінеқа, айкидо шеберлеріне де ауыр тиді. Крис Мунидің айтуынша,Бейсен – рухы басым, жүрегі тылсым құпияға толы, жігері мықты айкидо шебері.
Ермек Даутов,
Қазақстан Биранкай
Айкидо федерациясының президенті, 1-дан