arasha.kz

Кенжеғали Ғабдоллаұлының шығармашылық мұрасы

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің әсері қазіргі таңда қазақстандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулерінде кеңінен қарастырылуда. Дегенмен, зияткерлік мұраға қатысты зерттеулер әлі де жеткіліксіз. Осыған байланысты адам тағдыры мен оның ауқымын көрсететін мәселелерге зерттеушілердің көңілі аударылуы тиіс. Бұл мақала ХХ ғасырдың басында қазақ тілінде тұңғыш әліппе жазған, сол арқылы қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ағартушы, қоғам қайраткері, ақын және баспасөз қызметкері Кенжеғали Ғабдоллаұлының өмірі, қызметі, ағартушылық мұрасы мен азаматтық бейнесін талдауға арналған. Алғашқы білімін ауыл молдасынан алған, жәдидтік көзқарастарды қолдаған Кенжеғали Ғабдоллаұлы қазақ тарихында алғашқылардың бірі болып қазақша әліппе жазып, ақын ретінде «Қазақтың қамы» мен «Ұран» атты өлеңдер жинағын шығарған. Сондай-ақ ол өз дәуірінде маңызды баспасөз органдары – «Кедей» (Ақтөбе), «Оңтүстік Қазақстан» (Шымкент) газеттерінің жауапты редакторы болған. Қазақ халқының көрнекті тұлғаларының бірі, ХХ ғасырдың басындағы Алаш интеллигенциясының беделді өкілі, сталиндік репрессиялардың құрбаны болған Кенжеғали Ғабдоллаұлының ағартушылық және шығармашылық мұрасы мен қоғамдық қызметі туралы мәліметтер осы мақалада ұсынылып отыр.

ХХ ғасырдағы дүбірлі дүниені қақ бөлген Қазан төңкерісіне дейін екі өлеңдер жинағын шығарған қазақ ақыны көп пе? Бұл кезеңде қолтаңбасы тасқа басылған нағыз өнерші саусақпен санарлықтай еді… Ал саяси секірістерді басынан өткерген, бірақ ұлттық әдебиет пен баспасөздің ендік-бойлықтарында әлі де кеңінен танылмаған қаламгерлер әлі де бар. Олардың аз уақытта қазақ халқына сіңірген еңбектерін бағалау – қазіргі және келешек ұрпақтың қастерлі борышы. Сондай тұлғалардың бірі – «халық жауы» деген айдар тағылып, кейінгі ұрпаққа аты бейтаныс болып келген ағартушы-педагог – Кенжеғали Ғабдоллаұлы. Шығармашылық өмір-ғұмыры ХХ ғасырдың 20-30 жылдарымен шектелетін бұл ақынның шығармаларын зерттеу жұмысы қазіргі қоғам үшін қатты таныс емес Кенжеғали Ғабдоллаұлының ғана емес, өзге есімдердің де халыққа жетуін мақсат етеді. ХХ ғасырдың басында Кенжеғали Ғабдоллаұлының «Қазақтың қамы» және «Ұран» атты екі өлеңдер жинағы жарық көрген. Кезінде қазақ әдебиетінің тарихын жазған Сәбит Мұқанов оны қазақтың әйгілі жазушыларының бірі деп атаған. Кенжеғали Ғабдоллаұлы 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, «Алаш қозғалысына қатысушы», «халық жауы» атанып, атылып кеткеннен кейін, оның есімі мен мұрасы мүлде ұмыт қалды. Дегенмен қолда бар ақпараттарды пайдаланып, Кенжеғали Ғабдоллаұлының мұрасын тарихи таным тұрғысынан зерделеп көруді алдымызға мақсат етіп қойдық.

Кенжеғали Ғабдоллаұлы 1896 жылы Орынбор облысындағы Әлімбет ауылында дүниеге келген. Көршілес Орынбор облысының Қуандық өңірінде Әлімбет өзені бар. Қазақ қаламгерлерінің бөгде есім ретінде көп жағдайда туған жерінің атауын пайдаланған тарихи тәжірибесін ескеретін болсақ, Кенжеғалидың «әл-Әлімбети», «Әлімбетов», «Кенжеғали бин Ғабдолла», «Серғали әл-Әлімбети»» деген бүркеншік аттардың мән-мағынасы аңғарылады.

Әуелде ауыл молдасынан сауат ашқан Кенжеғали Қазан қаласындағы «Мұхаммадия» медресесіне (кейбір құжаттарда “Ғалия” училищесі) оқуға түсіп, білімін тереңдетті. 1916 жылы бұл оқу орнын бітіріп, ел ішінде бала оқытумен айналыса бастайды. Оның ұстаздық қызметін профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Садақ» атты роман-эссесінде көркем тілмен сипаттаған. Осы кезеңде ол Қазан қаласында шыққан екі оқу құралын әзірледі: «Қазақ балаларына жәрдем: Қазақша әліппе» (1913) және «Өнеге яки намуне: Қазақша кираат» (1913). Бұл оқулықтар қазақ тіліндегі алғашқы оқу құралдары болғанымен, А.Байтұрсыновтың оқу құралы іспеттес халық арасында кең қолданыс таба алмады. Дегенмен де, бұл оқу кітаптарының жарық көруі сол кезеңде білім жүйесінің сәл болса да алға жылжығандығын көрсетеді.

Фото: dhlab

Кенжеғалидың әдебиеттегі орнын айқындайтын өлшем оның 1917 жылға дейін жарық көрген басқа еңбектері – ол оның екі өлеңдер жинағы – «Қазақтың қамы» (1913) және «Ұран» (1914). Оның өлеңдерінде қазіргі тәуелсіз Қазақстан халқы үшін де өзекті мәселені қозғады. Оларда халықтың болашағына деген үміт, білім мен ғылымның маңызы мен қажеттілігі жайлы айтылды. Мысалы, «Қайғым һәм үмітім» (1914) өлеңінде ақын өз сөздерінің халыққа дұрыс жетпеуі мен шын ойын түсіну үшін халықтың әлі дайын еместігін білдіре отырып, болашақта білімнің күшіне деген сенімін білдірді. Өзінің үмітін «Елім» (1915) өлеңінде: «Сен өссең, күнде жасап, өсем, елім» деп, қазақ халқының заманның қиындықтарынан аман өткенін тілейді.

Алаш азаматы, ұлт ұстазы болып танылған Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, “Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады”. Сол заманның қиындықтарына тап болған қазақтардың күйін түсінген Кенжеғали Ғабдоллаұлы «Қазақ балаларына жәрдем: Қазақша әліппе кітабын» (1913) мен «Өнеге яки намуне: Қазақша кираат кітабын» шығарды. Бұл жайлы тарихшы С.Смағұлова «Ұлт зиялыларының баспа ісіндегі рөлі және оқулықтары» атты мақаласында сөз қозғайды. Ол кітаптағы тапсырмалар арқылы мұғалім шәкірттің ойлау деңгейін шыңдап, ал балалар ненің жақсы, ненің жаман екендігін ажырата отырып, үлкенді құрметтеуге үйренген. Бұдан бөлек 1917 жылғы төңкеріске дейін “Қазақ балаларына жәрдем” атты әліппе шыққан. Оның негізгі ұстанымы – балаларға таныс заттарды көрсетіп, сол заттың таныс қасиеттерін айтып, бірте-бірте көрнекі әдіс арқылы нақты заттарды табиғатпен таныстыру болды.

Кенжеғали Ғабдоллаұлының «Қазақтың қамы» жинағындағы «Жиырмасыншы ғасырдың жастарына» атты өлеңінде ақын жастарды білім алуға, мәдениетке жетуге, халқымен қатар жүріп, ұлттық рухты көтеруге шақырады. Ал «Ұран» жинағы қазақтың тұрмыс-тіршілігін, қоғамдағы қиыншылықтарды, халықтың армандарын суреттейді. Жинақта ұлтқа дұрыс бағыт-бағдар беретін өлеңдер көп. «Қазақтың қамы» мен «Ұран» атты өлеңдер жинағы 1913-1914 жылдары Қазан қаласында жарық көрген. Ол туралы профессор Тұрсынбек Көкішев: «Кітаптардың авторлары қазақтың жазба әдебиетінің жаңа түрін қалыптастырып, әдебиет әлемінде із қалдырған» дейді. 1917 жылға дейін Казан баспаханаларында қазақ тілінде 700-ден астам кітап басылғанын зерттеуші Бақытжан Кенжетаев атап өтеді. Кенжеғали Ғабдоллаұлының «Қазақтың қамы» жинағы ұлттық болашаққа деген қамқорлық идеяларымен ерекшеленеді. Оның «Жиырмасыншы ғасырдың жастарына» атты өлеңінде де ақын жастарды білім алуға, мәдениетке жетуге, халқымен қатар жүріп, ұлттық рухты көтеруге шақырады. Жастарға білім алуға, ғылымды игеруге үндейді. Ол халықты надандықтан арылтып, жастарды білім мен ғылымға баулуға шақырады. Өлеңдер жинағы 112 жыл бұрын шықса да, онда көтерілерін тақырып әлі де өзекті екені сөзсіз. Өйткені біліммен қаруланған жастар кез келген кедергіден өтіп, жауға төтеп бере алады.

Ақерке Қайратқызы,

Мақсұт Нәрікбаев атындағы

университеттің 2-ші курс студенті

Exit mobile version